“Астананың” бас бапкері Григорий Бабаян Бауыржан Исламханның Қазақстан ұлттық құрамасының кеңейтілген тізіміне енуіне қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бапкердің пайымдауынша, бұл шақырту — футболшының темірдей төзімі мен ерен еңбегінің жемісі.
Бауыржан Исламхан спорттық мансабындағы ең қиын кезеңдердің бірін артқа тастады. Бапкер оның қатарға қосылу жолындағы қажырлы еңбегін ерекше атап өтті:
“Бауыржан үшін ауыр жарақаттан кейін екі жыл бойы оңалту курсынан өтіп, үлкен футболға қайта оралу оңайға соқпады."
Бабаянның айтуынша, Бауыржан жаттығуларда барын салып, әр мүмкіндікті тиімді пайдалануға тырысады.
"Ұлттық құрамаға шақырылуы — оның шеберлігімен қатар, ешқашан берілмейтін қайсар мінезінің дәлелі."
Григорий Бабаян футболшының қазіргі бабын жоғары бағалай отырып, оның бұдан да жақсы ойнай алатынына сенімді:
“Бауыржан өзінің бұрынғы деңгейіне біртіндеп жақындап келеді. Егер ол өзінің қазіргі бабына тағы 20-30 пайыз күш қосса, біз баяғы жасындай жарқылдаған Исламханды көретін боламыз. Бұл “Астана” үшін де, ұлттық құрама үшін де үлкен көмек.” — деді Бабаян Legalbet.kz тілшісіне берген сұхбатында.