Бақтыбайда туып, Бразилияда ойнап жүр

03.02.2012, 02:51
Бақтыбайда туып, Бразилияда ойнап жүр
 

Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан мен Бразилия мемлекеттері басшыларының өзара келісімімен қазақстандық жасөспірімдердің үлкен бір тобы аяқдобы аршынды дамыған Бразилиядағы «Оле Бразил клуб» футбол академиясында миллиондардың сүйікті ойынының қыр-сырын меңгеруге жөнелтілген болатын. Олар осыдан біраз бұрын шетелдегі оқу-тоқуларын аяқтап, елге оралды, орындарын тапты. Болашақта ұлттық құраманың негізін қалауға тиісті жастарымыздың арасында дарынымен бразилиялықтарды да мойындатқан Рауан Сариев Ескелді ауданының Бақтыбай ауылында туып, футбол әліппесін осында үйренген. Ол даңқты футболшы Пеленің отанындағы бірегей футбол клубтардың бірі «Атлетико Минейро» командасымен келісімшартқа отырып, біраз уақытқа сонда қалып қойғаны жайлы спортсүйер қауым жақсы құлағдар. Жақында туған жерге демалысқа келген Рауанмен жолығып, бірер ауыз тілдесудің сәті түскен еді. Төменде соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.

- Рауан, Бразилияда бірнеше жыл аяқдоптың қыр-сырын үйренген, қазіргі кезде сондағы белді команданың үздік ойыншысы ретінде Қазақстан футболына баға беріп көрші... - Расын айту керек, менің естуімше, Бразилияда екі жарым мыңнан астам футбол командасы бар. Олардың барлығына жағдай жасалған. Көптеген лигаларға бөлініп, өнер көрсетеді. Отандастарым, әріптестерім ренжімес, біздің елдің Премьер-лигасында ойнайтын командалардың шеберлігі Бразилия чемпионатындағы алтыншы-жетінші топтарда ойнайтын командалар деңгейінде. Бізге олардан үйренетін нәрсе көп. Оның ішіндегі ең бастысы: футболға деген көзқарас пен қолдауды түбегейлі өзгерту керек. - Олардың футболға деген құрметі ерекше болғаны ғой сонда? - Солай, бразилиялықтар үшін футбол, қазақтардың аламанымен бірдей. Олар аяқдопты өздері тағзым ететін құдіретті күшке, сенімге айналдырған. Бізде атқа міне алмағанды жігітке санамайды ғой, Бразилияда ала допты ұршықша иіре алмаған жанды адам деп есептемейді. Шынын айтқанда, таңның атысынан күннің батысына дейін жақсы жабдықталған алаңдарда ала доптың соңынан алаөкпе болып жүгіріп жүргендерді күнде көресің. Бізде мерекелерде ат бәйгесі, күрестен кейін жаппай ет жеу ұйымдастырылса, олардың мерекелерінде бірінші орында футбол тұрады. Әйел, еркек, үлкен-кішінің бәрі бос уақыттарын аяқдопқа арнайды. Сондықтан да, бразилиялықтар футболдан ешкімге дес бере қоймайды. - Қазіргі командаң туралы не айтасың? - Бразилияда ғана емес, әлемге де біршама белгілі клуб. Жилберто Силва мен Сисиньо сынды мықты футболшылар ойнаған. Қазіргі кезде де есімдері елді елеңдететін Даниель Карвальо, Дуду және Гильермелер осы команданың құрамында өнер көрсетеді. Өзара татумыз, достық қарым-қатынас орнаған. Командаластарыма Қазақстан туралы әңгімелеп беремін. Олар біздің елді көп біле бермейді. - Тиімді ұсыныстар түссе, басқа командаға ауысасың ба? - Егер көңілімнің түкпірінде бала кезден тербеп, сол команданың құрамында болсам деген клубтар қалау білдіріп жатса, ойланбай-ақ барамын. Әзірге, алдағы жазда өзім ойнайтын командамен келісімшартты ұзартуды ойлап жүрмін. Ең үлкен арманым - Италияның «Милан» клубында ойнау. Амандық болып, Алла жазса, оған да жетермін деген үміт зор. Өйткені бала кезден бастап алға қойған мақсатым біртіндеп жүзеге асып келеді. Алғаш футбол ойнап жүргенде әкеме: «Есейгенде, мықты футболшы атанып, әлемнің мықты клубтарында ойнаймын. Сол кезде анам екеуіңізді шетелдердің барлығына апарамын» дейтінмін. Сол мақсатымның алғашқы сатыларын бағындырдым. - Қазақ футболын дамыту үшін қандай қадам жасау керек деп ойлайсың? - «Сырт көз - сыншы» деген. Бразилияға барғанда бірінші көзге түсетін ерекшеліктің бірі - жұрттың жаппай футболға құмарлығы мен барлық елді мекендерде оны ойнауға және жаттығуға жағдайдың жасалғаны. Менің ойымша, бізде де футболға қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертіп, бірінші кезекте балалар футболына жан-жақты қолдау жасау керек. Сонда ғана енді бірер жылдан соң біз әлемге футбол арқылы да таныла бастаймыз.

Әңгімелескен Болат Абаған, Алматы облысы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×