[caption id="" align="alignleft" width="300" caption="Фото - Нұрғиса Елеубеков"][/caption] Кеше, 9 қараша күні таңертең Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитеті ұлттық құрамамыздың бас бапкері Мирослав Беранектің келісімшартын екі жылға ұзартты. Чех маманымен арадағы келісімшартты ұзарту жөнінде Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков емеурін танытып, ықылас білдіріп, жоғарыда аталған Атқару комитеті мұны қабыл алып, бекітті. Енді Мирослав Беранек Қазақстан ұлттық құрамасын 2014 жылғы әлем чемпионатының електік додасы кезінде, яғни 2012-2013 жылдары жаттықтыратын болады.
Бұл шешімге қуанып жатқандар көп сияқты. Себебі осы бір жылдың ішінде Мирослав аға өзінің ізденімпаздығымен, қарапайымдылығымен көзге түсіп, көпшілік көңілінен шыға бастады. Беранек ұлттық құрама тізгінін қолына алғалы ел намысын қорғайтын команда сапында қазақ жігіттері де көбейе бастады. Ұлттық құраманың ойыны түлеп, жігіттеріміз 90 минуттық табан тірескен дүлей додаға төтеп бере алатын жағдайға жетті. Бұрынғыдай бірінші таймнан соң титықтап қалмайды.
2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясындағы соңғы кездесулер қазан айының бірінші жартысында аяқталса да, Қазақстан футбол федерациясы Мирослав Беранекті өз орнында қалдыруға асықпады. Бас бапкердің келісімшартын бірден ұзартпай, әліптің артын тосты. «Баспасөз құралдары не дейді, жанкүйерлер қайтеді» дегендей, біраз уақыт қоғамның әрекетін бақылаған секілді. Ал отандық БАҚ та, қазақстандық жанкүйерлер де Мирослав Беранекті жек көрмейді. Чех маманының тырысып, тыраштанып жүргендігін барлығы дерлік біледі әрі бағалайды. Мирослав Беранектің өзі де кері байланыс орнатуға ынталы. БАҚ өкілдерінің не жазып-көрсетіп жатқандарын біліп отыруға тырысады. Бұған дейінгі шетелдік бас бапкерлеріміздей емес, журналистердің барлық сұрақтарын жерге тастамай, жауап беріп, олардың ой-пікірлерін ескеріп те отыратындай.
Алдағы 2014 жылғы әлем чемпионатының електік додасында Мирослав Беранектің алдына қандай мақсаттар қойылатындығы әзірше жария етілмей отыр. Әрине, енді өз тобымызда соңғы орынға табан тіреу кешірілмеуі тиіс. Көпшілікке мәлім, Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрамамыздың 2016 жылғы Еуропа чемпионатының ақтық додасына шығуын көксейді. Оған дейін аяқдобымыздың тасы өрге домалап, деңгейіміз жоғарылай түседі деген ойдамыз. Әрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып, Бразилияда аяқдоп өнерінің қыр-сырына сусындап жүрген өрендеріміздің де бұғаналары бекіп, ел намысын қорғауға дәрежелері жетуі керек. Сол кезде Рауан Сариев сынды таланттарымызға иек артуымыз тиіс. Ал ол үшін алдағы 2014 жылғы әлем чемпионатының електік додасында болашақ жетістіктеріміздің түпнұсқасын құйып, іргесін қалай беруге тиіспіз. Яғни қазірден бастап Мирослав Беранекке артылатын жауапкершілік жүгі жеңіл болмауы тиіс.
Өз кезегімізде «бас бапкердің көмекшісі өзіміздің әлеуеті зор мамандарымыздың бірі болса екен» деген ой-пікіріміз бен арманымызды көлденең тартқымыз келеді. Асқар Қожабергенов, Алмас Құлшынбаев, Болат Есмағамбетов сынды қабілеті бар жігіттерімізге қолдау көрсетіліп, мүмкіндік берілсе, шіркін...
Сөз соңында 2014 жылғы әлем чемпионатының електік додасындағы қарсыластарымызды тізіп шығып, Мирослав Беранектің енді қандай қарымды командаларға қарсы тазы болып шалуға тырысуы керек екендігіне көңіл бөлсек.
«С» тобы: Германия, Швеция, Ирландия, Австрия, Қазақстан, Фарер аралдары. Автор: Нұрғазы СасаевБіздің серіктес: FONBET