Дүниежүзі қазақтарының Астанада болған IV құрылтайы да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Жүректерге қимастық сезім ұялатқан құрылтайдың соңғы күні әрине, жастардың еншісіне тиді.
27 мамыр, жұманың сәтінде Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионға жиналған қазақ жастары доп теуіп қана қойған жоқ, кеуделеріндегі сағыныш пен Отанға деген шын махабаттарын да қосыла тербетіп тарқасты.
Биылғы құрылтайдың бір ерекшелігі – қазақ жастары арасында футболдан турнир ұйымдастырылуы. Бұл бастаманы қолдаған Еуропа, Түркия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия қазақтары өңшең бір көгерім жастардан құралған командаларын сайлап әкеліпті. Оған қазақстандық жас спортшыларды қосып қойыңыз. Барлығы – жеті құрама. Бәрі де – 1990-1992 жылдар аралығындағы бозбалалар. Құрылтай басталғалы бері ресми жиындар мен қонақасылардан іштері пысқан жастар ойынға ширақ кірісті. Үлкен футбол болса да ұйымдастырушылар ойынның әр бөлігін 15 минуттан белгілепті. Әрине, бұл ресми жарыстан гөрі, жастар арасындағы тамыр жалғастыққа, туысқандық байланысқа жетелейтін игі шара екені – анық. Десе де, ұрыста тұрыс жоқ, уақыты аз болса да, доданың аты – дода. Алыстан атамекені мен ағайынын аңсап келсе де аяғына доп тиген жастар нағыз аламанға кірісіп кетті. Таңғы 9-да жарысты алғашқы болып Моңғолия мен Еуропадан келген қазақ жастары бастады. Қанша дегенмен, Еуропаның әр елінен жиналған қазақ жасөспірімдері өздерінің батыстың футболына жақын екендіктерін танытты. Моңғолиядан келген команданы 1:0 есебімен ұтты. Бұл матчтағы алғашқы голдың авторы Еуропа құрамасындағы австриялық жас тарлан Әміре Жүніс болды. Уақыттың тығыздығына сай жасалған ойын ережесі бойынша жеңілген команда келесі айналымға шығу мүмкіндігінен айырылады. Осы мүмкіндіктен Қытайдан келген қандастарын ресейлік жастар айырды. Негізі, ойын тең аяқталып, екі жақ бір-бірден гол алмасқан еді. Бірақ ойын соңындағы пенальтиде ресейлік қазақтар қарсыластарынан басым түсті. Сағат 11:00-дегі ойынның ресми ашылу салтанатынан кейін матч ары қарай жалғасты. Құрылтай қонақтары мен БАҚ өкілдері, қала тұрғындары да жарыстың сәнін келтіріп, көрігін қыздыра түсті. Әр ел қазақтары өз жастарына дем беріп, кейде қосылып алып, екі жаққа да бірдей қолдау көрсетіп айқайлағанда, стадионды ерекше бір жылы күйге бөлегендей еді. Бәрінен бұрын барлық команданың жастары жиналып алып, ойнап жатқан құрамаларға дем беріп, «Бәріміз қазақпыз!», Бәріміз қазақпыз!» деп ұрандағанда көңілін шаттық кернеген үлкен-кішінің өшкені жанып, өткені оралғандай, көздеріне еріксіз жас үйірілді. Ойынның кейінгі нәтижелері туралы айтар болсақ, Өзбекстан мен Түркия қазақтары арасындағы ойын алғашқыларының пайдасына шешілді. Ал жеребе суырғанда жеті команданың арасынан қарсылас бұйырмай, бірден келесі айналымға шыққан қазақстандық спортшылар тың болуы керек еді. Бірақ түркиялық қандастарын қапы қалдырған өзбекстандық қазақтар біздің жігіттерді оңай жеңді. Бір қуанарлығы, жастарымыздың бәрі өзіміздің қара көздер екен. Бұрынғыдай ала-құла бола ма деп қорыққан едік…
Әйтсе де, намысқа тырысқан қазақстандық команда Еуропа жастарына жауапсыз екі гол соғып, үшінші орынға қол жеткізді. Ал тартысты өткен шешуші айқаста ресейлік бауырлар мен өзбекстандық жастар тең ойнап, ойын соңында пенальтиге жүгінуге тура келді. Пенальти де қиян-кескі болды. Жеті ретке дейін қайталанған алма-кезек соққылардан кейін ресейлік қандастар ақыры жеңіске қол жеткізді. Сұңғақ бойлы, жейделеріне «қазақ» деп латынша қызыл әріптермен жазып алған Ресей жастары расында бас жүлдеге лайық ойын мен жігер көрсетті.
Әлемдегі қазақ баласының басын қосқан құрылтай, жастардың да жандарын жақын еткені – анық. Көңілдері ойында болса да, ойларында туысқандықтың ортақ оты жалындаған жастар қимай тарқасты.
Автор: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ