ТАЛАНТ ТАРАТАТЫН «БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫ» ҚАЙДА?

01.06.2011, 19:45
ТАЛАНТ ТАРАТАТЫН «БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫ» ҚАЙДА?

Футбол деп аталатын құдіретті спорт түрі барша адамзатты өзінің сиқырымен баурап, ала допқа телміртіп қоятыны несі екен! Англияда бастау алып, әлемде өркен жайған футбол бүкіл адамзатты арбап, сиқырымен жан дүниені жаулап алғалы ғасырдан асты. Кезінде қазақ футболының қамын жеп, қолдан келгенді аямаған Несіп Жүнісбаевтың «Бір атаның балалары доп тебеді» атты жарысы бұл жолы Созақ ауданында өтті. Сол жылдары осындай жарыстардан көрінген Жігер мен Жамбыл Көкеевтер аяқдопқа біржолата келген жоқ па еді? Сол Жамбыл осы күні «Уэмблиде» гол соғып, қазақтың мақтанышы атанып жүр. Осынша уақыт ел құрамасының ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі болмағанмен, болашақтан зор үміт күтетінімізді несіне жасырайық. Жер-жерде іс-шаралар ұйымдастырып, жасөспірімдер футболына жете мән беріп жатқанымыз тағы бар, нәтижесі болашақтың еншісінде. Дегенмен алып ауылдан туатынын ескерсек, спорттың қай саласынан болсын, ауыл жастарына зор үмітпен қараймыз. «Чемпиондар ауылдың май топырағында жалаң аяқ жүр» деген пікірге еріксіз бас шұлғисың. Осындай жастардың спорттағы тұсауын кесер жарыстар еліміздің түкпіріндегі Созақ ауданында жиі ұйымдастырылып тұрады. Жақында ауданымызда бір атаның балалары бас қосып ала допты ұршықша иірді. Соның бірі 9 мамыр – Жеңіс күніне арналып өткізілген «Бір атаның балалары доп тебеді» деп аталатын кіші футболдан өткен жарыс. Жарыс демеушісі – ауданымыздан шыққан кәсіпкер Карл Исаев. Қатысуға тілек білдірген он алты команда, екі күн бойы аудан орталығындағы спорт кешенінде, жанкүйер қауымды бір желпінтіп тастады. Жарыстың алғашқы күнінде төрт топқа бөлінген футбол командалары, топтық бәсекеде күш сынасты. Бірінші топта «Медет» Дүйсенбековтер, «Саяхат» Әбдіқұловтар, «Әлихан» Жанкеловтер, «Байзақ» Сарсенбаевтар командалары құраса, екінші топта «Қайсар» Аймұрзаевтар, «Байкен» Шамшатовтар, «Ерлан» Нұрлықожаевтар, «Сәби» Сәбиевтер бәсекелесті, үшінші топта «Елібай» Кәрімовтер, «Бекзат» Жолдасовтар, «Ерасыл» Омаровтар, «Топай» Еденбаевтар командасы бақ сынады, төртінші топта «Нұрдос» Сәдуақасовтар, «Нұралы» Есмұрзаевтар, «Жақсылық» Камаловтар, «Әйтекеби» Дүйсебаевтар өзара бәсекеге түсті. Жасы алпысты алқымдаған сақа ойыншылармен қатар, он жастағы жасөспірімдер допты дөңгелетіп, шеберліктерін паш етіп, командасын алға сүйреуге ұмтылды. Топтық бәсекеден басталған тартысты ойын көз тартар комбинациялармен, қақпа торын бүлк еткізер әдемі соғылған голдарымен есте қалды. Дегенмен жарыспен қатар жүрер жеңіс пен жеңілістің дәмін татқан командалар топтан қара үзіп, келесі кезеңге аяқ басты. Жарыс барысында жасы алпысты алқымдаған Амангелді Аймұрзаевқа «Ардагер ойыншы» атағы берілсе, «Үздік шабуылшы» – Данияр Кәрімовке, «Мерген ойыншы» – Дәулет Сәдуақасовқа, «Әділ төреші» атағы Талғат Бекқұлиевке берілді. Мерей Ниязәліұлы осы жарыстың «Ең үздік ойыншысы» деп танылды. Несіп Жүнісбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі ауыл спорты саласы бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы: – «Бір атаның балалары» жылда Алматыда өткізілетін болса, биыл Созақтың еншісіне бұйырды. Тек өткен жылы ғана әулеттер арасындағы жарыс өтпей қалды демесек, дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Енді Астанада өткізілетін болады. Жалпы, «Бір атаның балалары» атты дәстүрлі турнир Жамбыл және Жігер Көкеев сынды көзін ашқаннан осы турнирге қатысып келе жатқан жігіттермен таныс. Осындай таланттар келешекте де қанат қағып шығады деген ойдамын. «Ел іші – өнер кеніші» деген. Бұл жарыстың болашағына біз де сенеміз.

Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ Оңтүстік Қазақстан облысы.

"Халық сөзі"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×