Талғат Байсуфинов: «Ертіс» ойынды «Ордабасыға» сатқан жоқ

02.06.2011, 18:24
Талғат Байсуфинов: «Ертіс» ойынды «Ордабасыға» сатқан жоқ

"Футбол.кз" сайты ел біріншілігіндегі келеңсіз жайттардың бетін ашпақ мақсатта, түрлі көзқарастағы тұлғалардың пікірін жөн санап отыр. "Ертіс» футболшылары ел чемпионатындағы басты қарсыластары, астаналық «Локомотивті» тас-талқан етті. Есеп – 5:0. Бес дүркін ел чемпиондары аталмыш санды таблода өрнектеді. Елордалық команданың қақпашысы Эрич өз қақпасынан бес мәрте доп алып шығуға мәжбүр болса, керекулік Церих ойыннан «құрғақ» шықты. Біз осы ойыннан кейін «Ертіс» командасының бас бапкері Талғат Байсуфиновпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Талғат Маруанұлы, бүгінгі жеңістеріңізбен құттықтаймыз! «Локомотивті» ірі есеппен тізе бүктіру – кез келген команданың маңдайына жазылмайтын бақыт. – Рақмет. Бүгінгі ойын команданың биылғы біріншілікте алтыннан дәмелі ұжымның ойын өрнегіндей болды. Жігіттерге ризамын. Қақпашы Церихтан бастап алдыңғы шепте ойқастаған Даскаловқа дейін бір ырғақпен ойнады. Бүгінгі жеңіске команданың дәрігерлері, техникалық қызметкерлері көп үлес қосты. Дәрігерлер осы ойынға жара­қаты бар, шаршаған футболшыларды демалдырып, олардың орнына тың футболшыларды қосуға кеңес берген. – Биыл «Ертіс» алтыншы мәрте ел чемпионы бола алады ма? – Құдай қаласа, аман болсақ, бәрі дұрыс болса, бұл биікті де бағындырармыз. Бізге алдымен үздік алты команда­ның қатарына кіріп алу керек. Қазір өте қиын, өте қиын. Біріншіліктегі командалардың барлығы да қарымды. Бәрінің деңгейлері бірдей. Турнир кестесінде де қара озып шыққан ешқайсысы жоқ. Сол алтылыққа кіріп алсақ, ары қарай көре жатармыз. Биыл қайтсек те чемпионаттың бір медалін аламыз деп отырмыз. – Осы жазда «Ертіс» ел намысын Еуропа сындарында қорғайды. Команда «Еуропа лигасына» дайын ба? Өз стадионында ойнайды ма, әлде былтырғыдай Қарағанды алаңында ма? – Еуропа лигасына команда – сақадай-сай. Ешқандай футболшы алдыра алмаймыз. Өйткені команданың шеттен келетін легионерлердің белгілі мөлшердегі саны толық. Осы құрамамызбен өнер көрсетеміз. Ал стадион мәселесіне келсек, биыл өз алаңымызда ойнаймыз деп үміттеніп отырмыз. Клуб басшылығы да, демеушілеріміз де «Ертістің» Еуропадағы ойынын өз қаламызда, жанкүйерлерінің көз алдында өткізуіне тырысып жатыр. – Алдыңғы турда «Ертіс» Шымкентте жергілікті «Ордабасыдан» 0:3 есебімен ойсырай ұтылды. Осы ойынға бай­ланысты ел арасында алып-қашпа сөздер көбейді. «Ертіс» сол ойынды сатыпты» деген сияқты. – Ол сөздердің бәрі – негізсіз. «Ордабасыға» қарсы ойында команданың белді, негізгі ойыншыларының көбі алаңға шыққан жоқ. Алдындағы ойында алған сары қағаздары (ескертулері) бар дегендей. Тасқамал қорғаушымыз Кулибали жарақатына байланысты бүгінгі ойынға да қосыла алмады. Сондықтан да «Ертіс» ойынды «Ордабасыға» сатыпты» деген сөз – негізсіз. Мойындаймын, бізде гол соғатын, тіпті ойынды жеңіспен аяқтайтын сәттер көп болды. Мүмкіндікті пайдалана алмадық. «Ордабасы» берілген мүмкіндіктерді мүлт жібермеді. «Ертіс» ойынды «Ордабасыға» сатқан жоқ. – Әңгімеңізге рақмет! Автор: Оңғар ҚАБДЕН, Кереку

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×