Бәріне Берти кінәлі ме?

08.06.2011, 19:58
Бәріне Берти кінәлі ме?
Әзірбайжан елінің бір топ спорт журналистері ұлттық құраманың бас бапкері, неміс маманы Берти Фогтстің ар-намысына тиетін оспадар әрекетке барды. Оған Астанадағы Әзірбайжан және Қазақстан командаларының арасындағы кездесудің қорытындысы себеп болды. Алдағы Еуропа чемпионатына іріктеу аясындағы бұл ойында біздің елдің футболшылары 2:1 есебімен басымдық танытқаны мәлім. Қазақ жерінен оралғасын Берти Фогтс бастаған футбол делегациясы Бакуде Германияға қарсы ойынға байланысты баспасөз мәслихатын өткізеді. Осы басқосуда сәтсіздіктің кінәсін бас бапкерден іздеген бір топ журналист оған дәрет алатын құмған мен бірнеше дәретхана қағазын ұсынады. Олардың бұл қылығы әрине, неміс маманына ұнай қоймайды және ол бірден құқық қорғау орындарына шағым түсірген екен. Шыны керек, Әзірбайжан құрамасы өз алаңында азулы Түркия командасын ұтып, үш ұпай олжалағаннан бері осы елдің жанкүйерлері мен қалам ұстаған журналистері бір марқайып қалған еді. Тіпті ойыншылардың өздерінде аяқастынан көкірек пайда болып, құраманың қақпашысы Қамран Ағаев Қазақстанмен қоса Германия құрамасынан ұтылып қалуды трагедияға теңеп сөз саптаған-ды. Осындай асқақ сезімге алданған әзірбайжандықтардың командалары топтың анық аутсайдеріне баланған қазақ футболшыларынан 1:2 есебімен жеңілгенде ызадан жарыла жаздағандары анық. Ал мұның алдында Берти Фогтс БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қазақстан құрамасын осалдар санатына жатқызуға асықпайтынын және бұл командадан жеңілуді трагедия деп атамайтынын мәлімдеген болатын. Кеше түнде Әзірбайжан құрамасы топтың басты фавориті Германия командасымен шеберлік байқасты. Шалқар ЕСТЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×