Қазақ футболы кері кетіп барады

09.06.2011, 00:01
Қазақ футболы кері кетіп барады

Футбол – қиын ойын ба?

Футболдың №1 спорт түрі екені ешқашан талас тудырған емес. Алайда, осыған дейін мұндай тұжырымды өз топшылауымыз арқылы ғана түйген болсақ, енді ғылыми негізге сүйене отырып та дәлелдей аламыз. Өйткені, Лос-Аламостағы (АҚШ) ұлттық лаборатория зерттеушілері кейінгі жүз жыл бойына адам ойлап тапқан алданыш атаулының жұртшылыққа әсерін түгел зерттей келіп, «Жер бетінде адам баласын футболдай қызықтырып-еліктіретін ештеңе жоқ екен» деп айран-асыр болды. Яғни, ғаламшарымыздағы адамзат ұрпағының тең жартысын теледидарға телмірте алатын (былтырғы Әлем чемпионаты кезінде анықталған мағлұмат) футбол деген құдыреттің бұ дүниеде ешқандай теңдесі жоқ деген сөз.

Алайда, футболдың да футболы бар. Әлемдік доп додасына немесе басқа да халықаралық дәрежедегі жоғары деңгейлі жарыстарға жанкүйерліктің жазылмас ауруы қанына сіңген кәнігі футбол әуесқойы да, турнирге кімдердің қатысып жатқанынан хабар-ошары шамалы, спорт думанын дүниенің бәрін өзіне қаратып, дүбірлетіп бара жатқан соң ғана дүрмекке ілесіп қана қарайтын қарапайым жұртшылықтың да қатар телміретіні рас. Алайда, ондай аламан дода анда-санда бір өтеді, оған дейін жұртшылық не көреді? Әрине, әр ел өз чемпионатын қызықтайды. Бірақ топ басындағы ат төбеліндей ғана шоғырдың өзара қырқысы болмаса, жалпы Қазақстан чемпионатының көпшілік ойындары жанкүйер қауымның жанын жадырата қоя ма?.. Қайдам.

Мұның себептері туралы әңгіме қозғалғанда «қазақтың оң жамбасына келетіні – бокс, күрес және басқа да жекпе-жектер, футбол секілді командалық спорт түрлеріне біздің халықтың бейімі жоқ» деген сияқты пікірлердің қылаң берері хақ. Бірақ мұндай тұжырым қазақ футбол командаларының солғын ойынын ақтап алуға жеткілікті ме? Әрі-беріден соң, бұл көзқарастың бұрыстығына көз жеткізу де қиын емес. Немене, футбол – өте қиын ойын ба? Доп пен көгал болса, бітті емес пе, ойнау үшін басқа не керек? Кешегі Құралбек Ордабаев та, Сейілда Байшақов та, Евстафий Пехлеваниди де кәнігі мамандардың көзіне үлкен стадиондарда емес, шалғайдағы шағын алаңқайларда доп қуып жүріп түсті емес пе?

Қазақ футболында ұлттық болмыс жоқ

Футбол – тек голдар мен пастар, кубоктар мен жүлделер, жеңістер мен жеңілістер, жылдамдық пен ептілік, техникалық шеберлік пен тактикалық жүйелер ғана емес, ол – әр алуан мінездер мен менталитеттердің, яғни, ұлттық психология мен философиялардың тайталасы. Мысалы, бразилиялықтар өмірде нені болсын әдемі жасауға тырысады және сонысы үшін жұрттан мақтау естігісі келіп тұрады. Тіпті, анау-мынауды елең қылмайтын, еш уайымға салынбайтын қазақтың «жағасы жайлауда...» деген сипаттамасына сай келетін қасиеттері де жоқ емес. Ал осы мінез олардың футболшыларының ойынынан байқалмайды деп айта аласыз ба? Жапония құрамасының биылғы қаңтардағы Азия кубогындағы ойынына зер салып қарадыңыз ба? Бірде-бір жапон ойыншысы төреші шешіміне наразылық білдірген жоқ! Өйткені, олардың ұлттық философиясының өзі солай: «қандай жағдайда да сабырлы бол, даурықпа, дауласпа...». Немесе Италия футболын алыңыз. Жанкүйерлердің көпшілігі аталмыш ел құрамасының ойынын жақтырмайды: «қорғанысқа көп көңіл бөледі» дейді, «бір гол соғып алған соң, допты қарсыласына беріп қойып, өзі тек соның қателігін аңдып жүріп алады» дейді, «жалықтырып жібереді, ішіңді пыстырады» дейді... Бірақ аталмыш ұлттың менталитетінің өзі осыған ұқсас екеніне ешкім де назар аудармайды! Итальяндықтар өмірде де бәлелі жерге еш аяқ баспайтын, барынша сақ жүретін, тәуекелге сирек баратын халық қой. Олар бастаған ісінің нәтижесі болатынына көзі жеткен соң барып, әрекет жасайды, оған сенімі болмаған жағдайда ол шаруаны мүлде қолға алмауы да мүмкін. Мінезі осындай ұлттың футболы да нығыз қорғанысқа, сенімді тылға негізделмегенде қайтеді? Жанкүйерлердің кейде «осы Италияның ойыны-ақ өзгермейді екен» деп ренжитіні бар. Қызық, ол қалай өзгереді? Ұлттың қанға сіңген мінезі өзгеруші ме еді?

КСРО кезінде әр республиканың командалары да стилі жағынан бір-бірінен ерекшеленіп тұратын: орыстардікі қысқа және орташа пастарға негізделген көше футболына ұқсас боп келсе (мәселен, Мәскеудің «Спартагы»), украиндардың футболында әлгілерге қарағанда қара күш пен жойқын жылдамдық басым болатын (Киевтің «Динамосын» еске алыңыз). Кавказдықтарда допты қалауынша билететін ғаламат техникалық шеберлік бар еді (Тбилисидің «Динамосы», Ереванның «Арараты», Бакудің «Нефтчиі»). Бізді, яғни, қазақ футболының кеңес чемпионатындағы белді өкілі – Алматының «Қайратын» «ойыншылардың техникалық шеберлігі мен өз жанкүйерлерінің қолдауына қатты сүйенетін оңтүстік футболының өкілі» деп сипаттайтын. «Қайраттықтардың» өз алаңында кімді болсын ұтып кетіп, ал сыртқа шыққанда көбіне жеңіліп қайтатыны рас-ты. Тіпті 1998 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу сындарында Қазақстан құрамасының да Алматыда тең ойнап немесе ұтып, ал сырт алаңнан үнемі ойсырай ұтылып қайтып, «үйкүшік команда» атанғаны есте.

Бірақ біздің футболда қазір ұлттық, аймақтық ерекшеліктер аса байқала бермейді. Неге? Қиын сауал. Бәлкім, командаларымызда қазақ футболшыларының тым аздығынан шығар? Бәлкім, тұтас халықтың осыншама жылғы орыстандыру саясатынан кейін ұлттық мінезін, болмыс-бітімін бұзып алуынан ба екен? Бәлкім, жалпы қоғамымыздың барынша ұлтсызданып бара жатуынан ба?..

Қалай болғанда да, бізге ұлттық футболды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама жасалып, онда балалар футболынан шеберлер командаларына дейінгі аралықта атқарылатын шаруалар белгіленуі, сондай-ақ, оны жүзеге асыру стратегиясы айқындалуы қажет. Және бұл істе қайта-қайта Ресейге телміре бермей, ақыры УЕФА-ға мүше болдық па, Еуропадағы үздік футбол державаларының әдістемелеріне сүйенген мақұл. Олардың футбол шаруашылығы жөнінен арнайы мамандарын шақырып, ақыл-кеңестерін сұрағанның, жатықтырушыларымызды белгілі бір мерзімге тәжірибе алмасуға немесе оқу-үйренуге жіберіп алғанның еш сөкеттігі жоқ. «Оңтүстік футболы» сипаттамасына сай келеміз бе, демек, Англия, Германия емес, өзімізбен бір жағрафиялық белдеуде жатқан, ұлттық темпераменті мен психологиясы жағынан аздап болсын ұқсаңқырайтын Испания мен Италияға (бірі 2010 жылғы, екіншісі 2006 жылғы Әлем чемпиондары) назар салғанымыз жөн. Талантты балаларды сұрыптау саясатын да аталған елдердің тәжірибесін ескере отырып жүзге асырған абзал. Бойшаңдарынан гөрі орта бойлы дембелшелері басымырақ қазақ ұлты үшін дене бітімі өзімізден аса алшақ емес сол Оңтүстік Еуропа халықтарының футболына қарай бағыт түзеген дұрыс шығар.

Дарынды ауылда қалды, «алымды» Бразилияға кетті

Белгілі спорт шолушысы Амангелді Сейітханов айтқандай, «Біздің футболшылар шетелдіктерді әлдеқашан қуып жеткен: дәл солардай бесжұлдызды мейманханада жатады, қымбат клубтар мен мейрамханаларға барады, бірнеше мың долларлап табыс табады... Енді тек доп тебу жағынан қуып жету ғана қалды». Мысқылды былай қоя тұрғанның өзінде, ақиқат осыдан алыс жатқан жоқ. Ұлттық құрамамыздың ұзақ уақыттан соң өліп-талып әзер қол жеткізген жеңісі де (Әзірбайжанды ұтты, есеп 2:1) халіміздің шын мәнінде қандай екенінен хабар береді.

Уақытында ұлт футболының мақтанышы болған Алматының «Қайраты» да ел біріншілігінде әлі еңсе көтере алар емес. Былтырғы Қазақстан чемпионаты бойына тек топ соңында салпақтағаны өз алдына, алматылықтардың командадағы қаржылай ахуалдың нашарлығынан «Тобылға» қарсы ойынға шығу-шықпауының өзі неғайбыл болған-ды. Осыдан 5-6 жыл бұрын ғана ел чемпионы атанып, УЕФА аясындағы клубтық турнирлерге қатысып жүрген, құрамында ұлттық құрамаға тұрақты мүше саналатын бірнеше ойыншысы бар команда биыл да құр аттай қутыңдап тұрған жоқ. Алматы қаласының Әкімі Ахметжан Есімовтің команда жағдайына айрықша көңіл бөліп, қаржылай көмек жасағанына, өзге клубтардан бірнеше тәжірибелі футболшы сатып алуға мүмкіндік бергеніне қарамастан 2011 жылғы ұлттық біріншілікте де «қайраттықтар» аса қайрат көрсетіп жатқан жоқ. Кезінде бүкіл Кеңес Одағына мәшһүр болған команданың бүгінгі қауқарсыздығы бүкіл жанкүйер қауымды алаңдатары анық.

Чемпиондық құрамының жартысынан айрылған «Тобылдың» да биылғы қадамы әлтек-тәлтек. Бұл түрімен қостанайлықтардың таяуда болатын Чемпиондар лигасының іріктеу сынында қалай өнер көрсетері белгісіз. Жалпы, УЕФА-ға көшкен кейінгі 9 жылда еурокубоктардың алғашқы кезеңінен жалғыз-ақ командамыздың («Астана», 2007 жылы) сүрінбей өте алуы ел футболының деңгейі тым төмен екенін көрсетеді.

1998 жылы ұлттық құраманың сол кездегі бас бапкері Серік Бердалин Ташкенттегі іріктеу матчына (өзбектерден 0:4 есебімен ойсырай ұтылғанбыз) қатысқан бірнеше футболшының қарсы тараптан... «қаржылай көмек» алғанын (мәймөңкелемей турасын айтсақ, ойынды сатқанын) мойындаған еді. Бір қызығы, бапкердің өзі бұл жағдайдан бейхабар қалып, кейін естіген. Осы сұмдықтың Бердалиннің сұхбатынан соң да түбегейлі зерттелмегені, ойланбастан Отанын сата салғандардың сол күйі жауапқа тартылмағаны Қазақстан футболында мұндай жағдайдың қалыпты мәселе екенін меңземей ме? Бұлай дейтін себебіміз, қазір де нәтижесі алдын ала келісілуі ықтимал «түсініксіз» ойындар ел біріншілігінде аз-кем ұшырасып жатады. Баспасөз бетіндегі дау-дамайлы жарияланымдарды бұған қосымша дәлел ретінде ұсынуға болады. Әрине, тараптардың ешқайсысы өз кінәсін ашық мойындамасы анық, дегенмен, мұндай нәрселердің БАҚ-та қозғалып жатуын мәселенің бар екенін байқататындай.

Былтыр еліміздегі ең дарынды жас футболшылар іріктеліп, Бразилияға оқу-жаттығуға жіберілгені оқырманның есінде болар. Сол балаларды сұрыптау барысында да «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің кездескені баспасөзде кәдімгідей әңгіме болды. Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі, жас футболшы Б.Жарқынбековтің әкесінен шенеуніктер ашықтан-ашық ақша талап еткен. Ол кісі қомақты қаржыны тауып бере алмаған соң, оның баласын қалдырып, басқа қалталы біреудің баласын тізімге қосқан. Яғни, дарынды балақай далада қалып, қарым-қабілеті жағынан одан әлдеқайда төмен басқа бала Бразилияға аттанып кете барған. Б.Жарқынбековтің осы мәселені айтып жазған хаты 2010 жылдың жазында бірқатар республикалық басылымдарда жарияланды. Бірақ ешкім селт еткен жоқ. Солай болуы тиіс сияқты қабылданды.

«Қазақ футболы неге дамымай жатыр?» деген сауалды қазір екінің бірі қояды. Оған берілер жауаптар да «жан-жақты»: «ақша жоқ», «футбол – қазақтың қолы емес», «шетелден атақты бапкер шақырмаса болмайды», т.б. Яғни, біз мәселенің шешімін үнемі басқа жақтан іздейміз, өзіміздегі кемшіліктерді көрмеуге тырысамыз. Шын мәнінде елдегі футбол шаруашылығына бастан-аяқ тексеру жүргізіп, тезге салатын уақыт жетті...

Сәкен СЫБАНБАЙ

Фото Сәрсенбек Қызайбекұлы

"Алматы Ақшамы"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×