"Барселона"-Чемпиондар Лигасының жеңімпазы!

07.06.2015, 08:24
"Барселона"-Чемпиондар Лигасының жеңімпазы!
Туриндік "Ювентустан" Берлиндегі финалда айла асырған католондық алпауыт, тарихында бесінші мәрте, ал соңғы он жылдықта төртінші рет әлемдегі ең үздік клубтык доданын жеңімпазы атағына қол жеткізді.  Италяндықтардың алғашқы минуттағы бұлқынысы мен жұлқынысын көп ұзатпай басып, "Барселона" есеп ашып алды. Қауіп күтпеген футболшыдан келді. Жұлдызды үштікті тұсауға талпынған туриндіктер Иньеста мен Ракитичтің айып алаңға еніп кеткенін байқамай да қалған еді. Нәтижесінде алғашқысы пас беріп, соңғысы гол салып "Барселонаны" алға шығарды. Ойынның бар жоғы 4-ші минутынды соғылған голдан "Ювентус" бірінші тайм аяқталғанша ес жия алмады. "Барселона" өз футболын ойнады. Асықпай жүріп допқа иелік етті. Сондықтан, Ракитичтің голы алғашқы таймның интригасын өлтірген еді. Алайда, қуанышымызға орай, матчтың емес. Аллегри командасы үзілістен кейін, "Олимпиаштадион" алаңына соңғы шайқасқа аттанатындай кейіпте шыққан еді. Қарсыластың әрбір футболшысы допты қабылдаған кезде, бірден екі-үш футболшы болып тұншықтыруға тырысты. Соның арқасында 55-ші минутта есепті теңестірді. Тевестің соққысын Тер Штеген қайтарғанмен, доп қараусыз қалған Моратаның аяғына келііп, испандық жас футболшы 4-5 метр жерден қақпаның ашық тұрған бұрышын дәл көздеді. Алайда "Ювентус" футболшыларының қуанышы көпке созылмады. Месси айып алаңға ене бере бағыттаған соққысына Буффон айла тапқанымен, Суарестің бос бұрышқа бағыттаған добын қайтаруға дәрменсіз еді. Уругвайлық сұрмерген голы да, Мората голының сценарийін қайталады десем қате айтпаспын. Ал, матчтың нүктесін, осыған дейін қолмен гол салып үлгерген Неймар қойды. Мессидің пасынан соң Буффонмен бетпе-бет шығып, финалдың шымылдығын жапты. Иә, көптің болжағанындай "Барселона" жеңісіне қол жеткізді. Ойында басым болды. Бастысы өзінің босаңсыған сәтін ақымақтыққа ұластырмады. Дер кезінде бар шеберлігін іске қосып, керек кезінде екінші голды салып үлгерді. Енді, Чемпиондар Лигасының бес дүркін жеңімпазы ретінде "Барселона" бүгінгі Чемпиондар Лигасының трофейін клуб музейіне мәңгілікке қалдырмақ. Тамаша маусымның тамаша нүктесі! ЮвентусБарселона  1:3 Голдар: Мората, 55 — Ракитич, 4, Суарес, 68, Неймар, 90+7 Ювентус: Буффон — Лихтштайнер, Барцальи, Бонуччи, Эвра (Коман, 89) — Маркизио, Пирло, Погба — Видаль (Перейра, 80) — Мората (Льоренте, 85), Тевес Барселона: тер Штеген — Дани Алвес, Пике, Маскерано, Альба — Ракитич (Матье, 90+2), Бускетс, Иньеста (Хави, 78) — Месси, Суарес (Педро, 90+5), Неймар Ескертулер:  Видаль, Погба — Суарес   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Хави
Серіктес жаңалықтары
×