"Барселона" маңызды жеңіске қол жеткізді

19.04.2015, 03:23
"Барселона" маңызды жеңіске қол жеткізді
Испан Премьерасының орталық ойынында "блауграна" өз алаңында "Валенсияны" қабылдады. Бірінші айналымда, "жарғанаттар" "Месталья" стадионында 0:1 есебімен есе жіберген соң, Католонияға жеңіс үшін келген еді. "Камп Ноудағы" ойынның алғашқы және соңғы минуттары алаң иелері үшін сәтті болды. Бірінші шабуылда-ақ Суарес "Барсаны" алға шығарды. Мессидің пасынан кейін, апта ортасында Парижден де олжалы қайтқан уругвайлық сұрмерген осы маусымдағы жылдам голдардың бірін салып есеп ашты. Есепте алға шыққан Луис Энрике шәкірттері босаңсыды. "Валенсия" ізбе-із шабуылдар ұйымдастырып, Бравоны жиі-жиі мазалаған болатын. Қорғаушыларға жасалған қысымның нәтижесінде, Пике өз айып алаңында тәртіп бұзып, қонақтарға есеп теңестіретін мүмкіндік сыйлаған еді. Бірақ, Парехо католондықтарды кешірді. Немесе, Браво командасын голдан аман сақтап қалды. Ал, 33-ші минутта Пако Алькасердің жойқын соққысынан кейін чилилік қақпашы да көмектесе алмайтын еді. Бірақ, "Барсаның" қуанышына орай, доп қақпа бағанасына тиді. Ойынның екінші бөлігін "Барселона" белсендірек өткізді. "Жарғанаттарда" бір ғана мүмкіндік болды. Ал, матчтың соңында қонақтардың тайлы-тұяғымен шабуылға атттанғанын пайдаланған Месси, қақпашымен бірге-бір шығып, матч нүктесін қойды. Осылайша, маңызды үш ұпайды қанжығаға байлаған "Барселона" басты қарсыласы "Реал Мадридтен" 5 ұпайға озды. Бірақ, бірнеше сағаттардан соң, "корольдік клуб" өз алаңында "Малаганы" жеңсе тағы да арадағы қашықтықты 2 ұпайға қысқартады. Барселона – Валенсия 2:0 (1:0) Голдар: Суарес, 1 – 1:0, Месси, 94 – 2:0     Фараби ӘБДІХАЛЫҚ  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×