Басты мақсат – премьер-лигаға оралу

24.12.2011, 00:25
Басты мақсат – премьер-лигаға оралу

Осы аптада «Қайрат» командасының бас бапкері тағайындалды. Келер жылы 1-лигада өнер көрсететін алматылық ұжымның тізгінін 51 жасар Дмитрий Огай ұстамақ. Бұл жайында клуб баспасөз қызметі хабарлайды. Өткен маусымда алғашқы алтылыққа кіру деген мақсат қойған «Қайрат» берілген тапсырманы орындай алмады. Владимир Никитенко командаға біршама өзгерістер жасап, ұжымның алдағы уақыттағы ойыншыларын іріктеп таңдаған еді. Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, премьер-лигада тәп-тәуір өнер көрсете алатын команда жасақтаған болатын. Бірақ, орта жолда «Қайрат» қауқарсызданып, күшінен айрыла бастаған болатын. Осы кезде басшылар тарапы ағылшындық бапкер шақыртып, команда өміріне айтулы жаңалық әкелді.

Джон Грегори жағдайды ретке келтіріп, тығырыққа тірелген аяқдопшыларға жол көрсетеді деп шақырылды. Дегенмен, кезінде ағылшындық «Астон Вилланы» жаттықтырған маман «Қайратқа» көмек көрсете алмады. Соңғы турларға дейін премьер-лигадағы орнына таласып баққан алматылықтар қайтадан төменгі лигаға түсуге мәжбүр болды.

«Қайрат» үшін жанашырлық танытып, қазақтың даңқты ұжымын премьер-лигада сақтап қалуды көздегендер көп болды. Десе де, Футбол федерациясының қойған талаптары, заңдары мен тәртіптері «Қайраттың» бұрынғы даңқына еш қарай қоймады. Премьер-лигада ойнайтын командалар санын 14-ке асырамыз деген әңгіме де қауесет күйі қалып кетті. Енді келер жылы Алматы облысынан 2 команда жарысқа қатысатын болады. Олар – талдықорғандық «Жетісу» мен Каскелеңнің «Сұңқар» командалары. Тарихы терең, даңқы шартарапқа жайылған «Қайратқа» енді қайраңда қалған кеменің жайын тағы да кешуге тура келіп тұр. Қазақ футболының қайраулы тұрған қылышы саналатын ұжымның басынан осы күні қара бұлт сейілер емес. Алматылық жанкүйер қауым келер жылы премерь-лига ойындарын орталық стадионнан көре алмайды дегенді айтудың өзі ұят.

Өткен жылы шаһар басшысы «Қайратқа» көңіл бөліп, 5 миллион доллар қаржы бөлген болатын. Демеушілер де табылып, командаға қолдау білдіргенде баршылық еді. Енді келер жылы 1-лигада ойнайтын командаға осындай қолдау бола қояды дегенге сену қиын. Дейтұрғанмен, қала басшылығы «Қайратты» жоғарғы топқа қайтаруға күш салуы керек. Міне, осы орайды команда басына жаңадан бас бапкер тағайындалды.

Огай келісімен ойын оңалар ма?

Қазақ футболына танымал, көптен бері ел біріншілігінде абройлы қызмет еткен Дмитрий Огай осы қызметке әбден лайық тұлғалардың бірі. Тараз футбол мектебінің түлегі талай жетістіктерге жеткен бапкер. Ол павлодарлық «Ертісті» жаттықтырған жылдары қатарынан екі рет Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізді. Бұл маманның болашағынан зор үміт күттіретін жаттықтырушы екенін көпшілік қауым бірден ұқты. Ең алғаш рет бапкерлік қызметке келген жылы-ақ Огай «Есіл-Богатырь» командасымен күміс жүлдеге кенелген болатын. Петропавл футболы осыған дейін мұндай ірі жеңіске жетпеген еді.

Ал 2005 жылы қостанайлық «Тобыл» тізгінін ұстаған Дмитрий Огай үш рет күміс жүлдегер атанып, алтынға сәл қалғанда жолы болмай келді. 2007 жылы Қазақстан кубогын иеленіп, Интертото кубогында бірнеше жыл табысты өнер көрсетті. Ол баптаған «Тобыл» қазақстандық ұжымдардың ішінен алғаш болып еурокубоктық деңгейдегі ірі жетістікке жетті. Интертото кубогын жеңген «Тобыл» УЕФА кубогына жолдама алды. Осындай айтулы жеңістерге қол жеткізген «Тобыл» кезінде «кәрі құрлықтағы» «айдың үздік командасы» деген атқа да қол жеткізген.

Кейіннен Огай мырза өзінің баспасөзге берген сұхбатында Қазақстан Футбол федерациясының атқарып жатқан жұмыстарына сын көзбен қарап, пікірін білдірген болатын. Содан бері Огай мен ел футболының басшылығы арасында кикілжіңдер туындады. Өз ойын ашық жеткізіп, қазақ футболының дамуына керекті идеяларын ішінде сақтамайтын бапкердің еуропалық даңқты ұжымдарда көп уақыт тәжірибеден өткендігі әсер етті деуге болар.

«Қайрат» пен «Цесна» бірікпек

2011 жылы команда сапында өнер көрсеткен белоруссиялық Евгений Горячий, болгариялық Деян Христов секілді ойыншылар келер жылы «Қайрат» сапында өнер көрсетуден бас тартты. Ал Грегоримен бірге келген Кинг, Шекель, Джорджевич секілді сырттандардың тағдыры әлі белгісіз. Бас бапкер болып келген Дмитрий Огай олардың көмегін қажет ете қоюы ықтимал. Сондықтан да 2011 жылғы «Қайрат» сапынан келер жылы тек қана жергілікті жастар қалатын шығар деген ой бар. Команданың басты мақсаты –  премьер-лигаға шығу болғандықтан жергілікті жастарға қоса тәжірибелі бірнеше ойыншы керек екені де түсінікті. Ол жағын алдағы уақытта Түркияда өтетін оқу-жаттығу жиындарында байқайтын боламыз. Жастар демекші, «ҚазРосГаз» компаниясы «Қайрат» пен «Цесна» футбол клубтарын біріктіруді жоспарлап отыр. Енді бұдан былай «Цесна» командасы «Қайратты» жалындап тұрған талантты жас аяқдопшылармен қамтамасыз ететін болады.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×