БАТЭ өзі ойлағандай "Шахтерді" қалпақпен ұрып ала алмады

17.07.2013, 21:53
БАТЭ өзі ойлағандай "Шахтерді" қалпақпен ұрып ала алмады

хижаЧемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Белорусияның «Батэ» футбол клубын 1-0 есебімен жеңген Қарағандының «Шахтеры» барлығымызға үлкен қуаныш сыйлаған болатын. Кеншілердің борисовтық танымал ұжымды өз алаңында тізе бүктіргені қазақ жанкүйерін бір марқайтып тастағандығы анық. Енді осынау тарихи жеңістің кездейсоқтық еместігін қарағандылық футболшылар дәлелдеуі тиіс. Белорус клубының басшылығы мен ойыншыларының ойын алдындағы және кездесуден кейінгі астамшыл пікірлерін ескерер болсақ, «Шахтердің» Қарағандыда өтетін қарымта кездесуде барын салуы аса қажет-ақ.  

Соңғы жылдары Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасы сынды дәрежелі сайыстарға үздіксіз қатысып, бірқатар жарқын жеңістерге қол жеткізген ұжымға «түскен» қарағандылықтардың жағдайы әу-баста-ақ қиын деп бағаланған болатын. Алайда, питерлік «Зенит» пен Донецкілік «Шахтерлердің» деңгейіне жетпесе де кәрі құрлықтағы ортаңқол ұжымдардың көшіне енді ілесе бастаған «Батэны» Виктор Кумыковтың шәкірттері жеңе алды. Бұл жетістік ең бірінші кезекте арнайы қарсыласқа қарсы дайындалған ойын мәнері мен жаттықтырушының жалпы командаға және әрбір ойыншыға жеке берген тапсырмаларын ұстанудың арқасында мүмкін болды. Борисовтықтардың өте азулы қарсылас екенін ескерген Виктор Кумыковтің сарбаздары аталған кездесуде қарымта шабуылдарға иек артқан еді. Қарсыластың толассыз шабуылдағанымен, Глеб, Радионовтардың қимылында бір өткірлік болмағандығын да айта кетуіміз тиіс. Алаң иесі ретінде допқа айтарлықтай иелік еткенімен «Батэ» өзі ойлағандай қарсыласын қалпақпен ұрып ала алмады. Бірінші таймның соңғы минутындағы Александар Мокиннің ерлігін де елеусіз қалдырғанымыз болмас. Жерлестеріміздің ойынның бірінші бөлігінде өз қақпаларына доп жіберіп алмауы, оларға психологиялық тұрғыда біршама басымдық беретін еді. Бірінші тайм түгесілер шақта өз қақпасын анық голдан аман алып қалған Мокин, бұл ойындағы қорытынды нәтижеге үлкен үлес қосты.   

Екінші тайм басталар тұстағы Александр Глебтың өз орнын әріптесіне босатуы да біздің табысымызға әсер етпей қоймайтын еді. Команданың «дирижеры» Глеб алаңнан кеткен соң Гончаренконың шәкірттері уақыт сырғып өткен сайын тағатсызданып, кеншілерге қайратын өткізе алмай дал болды. Бұл ретте, Сергей Хижниченконың ойынның 48-минутында соққан добының да маңыздылығын атап өтуіміз қажет. Хижниченко голынан кейін борисовтықтар ойынға деген өз жоспарларын жүзеге асыру былай тұрсын, енді қалай есепті теңестіріп, жанкүйерлер алдында мақсара болмауды ғана ойлаған. Сенімділік пен ойын барысындағы командалық тәртіп тұрғысындағы аса бағалы бұл гол азулы қарсыластың тынышын кетіріп, сенсацияны жақындата түскен болатын. Сауатты қорғана жүріп, қарымта шабуылдар арқылы ойынның соңғы сәттеріне дейін белорустардың мазасын ала білген жерлестеріміз, зәремізді ұшыратын соңғы минуттардың қасіретінен зардап шекпеді. Енді қарымта кездесу 23 шілде күні Қарағанды қаласында өтеді.

"БАТЭ" (Борисов, Беларусия) — "Шахтер" (Қарағанды, Қазақстан) 0:1 (0:0) Гол: Хижниченко 48 (0:1) Ескертулер: М. Володько 61, Родионов 88 — Симчевич 46, Порываев 79 БАТЭ: Горбунов, Гайдучек, Юревич, Филипенко, Поляков, Алексиевич (Кривец 60), Глеб (М. Володько 46), Павлов, Сиваков, Нехайчик (Концевой 76), Родионов Шахтер: Мокин, Василевич, Порываев, Джидич, Малый (Тарасов 76), Симчевич, Вичюс, Каньяс, Финонченко, Зенькович (Муртазаев 74), Хижниченко Бас төреші: Джон Битон (Шотландия) 16 шілде. Борисов. Городской. 4500 жанкүйер (Борисовтың стадионына 5402 адам сияды. Борисов қаласында 145659 халық тұрады).

Мұрат МҰҚАШ,

мУРА

ALADOP.KZ сайтының

Талдықорғандағы тілшісі

 

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×