Бауыржан ИСЛАМХАН: «Астана» командасына келуіме әлдекімнің ықпалы болған жоқ»

08.08.2013, 18:19
Бауыржан ИСЛАМХАН: «Астана» командасына келуіме әлдекімнің ықпалы болған жоқ»
аладопФутболдан Қазақстан біріншілігінің жиырма бірінші тур аясында «Тараз» өз алаңында елордалық «Астана» командасымен кездесу өткізген болатын. Осы матч аяқталғаннан кейін жерлесіміз Бауыржан Исламханмен әңгімелескен едік.  «Тараз» клубының бұрынғы басшысы мен Бауыржан төңірегіндегі түрлі алып-қашпа әңгімелердің анық-қанығын ойыншының өзінен сұрадық. – Бауыржан, «Астана» командасына ауысуың жанкүйерлер арасында алып-қашпа әңгіменің өрбуіне әкелді. «Кубань»-мен келісімшартта қазақстандық командаға ойнамайды деген пункт бар екен деген сөздерді құлағымыз шалды. – «Астана»-ға ойын тәжірибемнің тұралап қалмауын ойлағандықтан келдім. Өздеріңіз білесіздер, «Кубань» командасының негізгі құрамына әлі шыға қойған жоқпын. Көбіне қосалқы құрам арасындағы турнирде ойнап жүрмін. Бұл – шеберлігімді шыңдауға жеткіліксіз. Менің мақсатым – болашақта ұлттық құраманың көшбасшысы болу. Жас-тар арасындағы Еуропа біріншілігінің іріктеу ойындарындағы көрсеткен өнеріме көңілім толмайды. Ал қазір Ресей біріншілігі аяқталған. Күздің соңына қарай қайта басталады. Ұлттық құраманың және «Астана» клубының бұрынғы бас бапкері Мирослав Беранек хабарласып, «біздің команда Еуропа лигасында ойнайды, «Астана»-ға жалға алайық. Командаға көмегіңді тигіз, әрі тәжірибе жинайсың» деген соң елордаға келдім. Қазақстан біріншілігі аяқталған соң «Кубань» сапына қайта қосыламын. – «Астана»-дан өзге қазақстандық клубтардан шақырту түспеді ме? – Ең бірінші болып «Астана»-дан шақырту келгендіктен осы командаға ауыстым. Шынын айтқанда, ала доптың қыр-сырын үйренген «Тараз»-да-ақ ойнайтын едім. Алайда, клубтың деңгейі менің қалауымнан шықпады. Ал мен Еуропа лигасында ойнағым келді. – «Тараз»-дың президенті Талғат Апсаматов бірер ай бұрынөз еркімен қызметінен кеткен еді. Қазір ғаламторда «Тараз»-дың бұрынғы президенті Исламханды «Кубань»-ға әдейі сатты, кейінірек қазақстандық бір команданың сапына жіберіп, «Тараз»-ға қарсы қоятын жағдайды ойластырды деген қаңқу сөздер көбейіп барады. Бұл туралы не айтасың? – Иә, бұл туралы оқыдым, естідім. Бірақ, ол кісінің бұлай жасауы мүмкін емес. Қайта Талғат ағаға айтар алғысым мол. Мені түсініп, деңгейі жоғары Ресей біріншілігіне жібергеніне рахмет айтамын. Кім біледі, мүмкін басқа адам болғанда мені жібермес пе еді. Ал «Астана»-ға келетінімді ол білген де жоқ. Бұл шешімді өзім қабылдадым. «Астанаға келуіме» әлдекімнің ықпалы болған жоқ. Қараша айында қайтадан «Кубань»-ға  кетемін. – Келесі жылы «Кубань»-ның негізгі құрамында ойнауға қаншалықты мүмкіншілігің бар? – Бәрі өзіме байланысты. Қазіргі таңда Ресейдің жоғары біріншілігінде жүрген жалғаз қазақ екенімді білемін. Алдағы уақытта отандастарыма да Ресей біріншілігіндегі клубтардан шақырту түсуі үшін өзімді барынша көрсеткім келеді. – Талғат Апсаматов пен сенің «Тараз»-дан кеткенің клубқа кері әсерін тигізген секілді... – Алаңда бір ғана адам ойнамайды ғой. Қаншалықты әсері болғанын қайдам, бірақ көп нәрсе басшылық пен бапкерге байланысты. Әрине, «Тараз» сапында көптеген талантты ойыншылар бар. Олармен араласып, хабарласып тұрамыз. Футбол ұжымдық ойын болғандықтан, менің командадан кетуім әсер етті деп айта алмаймын. – Ресейде клубтың базасында тұрып жатырсың ба? – Жоқ, жеке пәтерді жалға алып тұрамын. Бәрі ойдағыдай, командадағы ойыншылармен жақсы қарым-қатынастамыз. – Шаңырақ көтеру жоспарда бар ма? – Әзірге ерте секілді, жиырмадан енді астым ғой. Дегенмен, алдағы 2-3 жылдың көлемінде үйленіп қалармын. Үйдің үлкені болғандықтан, шаңырақ көтеру жайын ойлап жүрмін. – Мектепте оқып жүргенде қаладағы 11-ші ықшамаудандағы балалармен бірге аулада футбол ойнайтынсың. Сол шақтағы достарыңмен Ресейде жүргенде де хабарласып, сағынышыңды басып тұрасыңдар ма? – Әрине, оларды сағынамын. Әрдайым байланысып тұрамыз. Таразға келгенде жолығып, күліп-ойнап қаламын. Спорт болған соң бірде мына қалада, бірде басқа қалада жүріп-тұруға тура келеді. – «Тараз» - «Астана» кездесуінде не себепті алаңға шықпадың? – Иоан Андоне мырзаға өзімнің туып-өскен командама қарсы алаңға шықпайтынымды айттым. «Астана»-ға келгенде жамбылдық жанкүйерлердің маған деген өкпесі қара қазандай болғанын спорт сайттарынан оқыдым. «Кубань»-ға ауысқанда клубтың ресми сайтында жерлестерім маған деген сенімдерін білдіріп жатты. Осыдан жігерлене түсемін. Барлығына рахмет айтамын. Алдағы уақытта тараздықтарды, қазақ футболы жанкүйерлерін қуанту үшін барымды саламын. – Еуропа лигасында «Астана» сәтсіз өнер көрсетті. Егер «Кубань» командасы осындай күйге түсіп қалса, басқа командаға ауысу жағын қарастырасың ба? – Ресей бірін-шілігінің дейгейі жоғары болғандықтан, меніңше, «Кубань» дәл «Астана»-ның күйін кешеді деп ойламаймын. Әрине, доп домалақ. Түрлі нәтиже тіркелуі мүмкін. Егер менің «Кубань»-нан да деңгейі жоғары клубқа ауыса алатын мүмкіндігім болып жатса, неге өспеске?! Бәрі өзіме байланысты.  Бірер ай бұрын «Тараз» ойыншысы Тити Эссомба букмекерлік кеңседе өз командасына қатысты болжам жасап жатқанын көрдім деген әңгімені бірнеше жігіттен естідім. Ал өзің мұндай кеңселерге бас сұғып,  бәс тігіп тұрасың ба?  – Жоқ, ондай кеңселерге ешқашан кірген емеспін. Ол әркімнің өз қалауы бойынша жасалады ғой. Бірақ, мен ондаймен әуестенбеймін. – Әңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен Нұржан ТУҒАНБАЙ.

   
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Каньясқа сенім артылмақ
Келесі жаңалық
"Аренада" ел чемпионаты!
Серіктес жаңалықтары
×