Футболдан Санкт-Петербургта өтіп жатқан Достастық кубогының шешуші кезеңі басталды. Қазақстан жастар құрамасы ширек финалда Беларусь жастарымен кездесетін болды.
Бағымызға ма, сорымызға ма – белгісіз, әйтеуір, «С» тобының соңғы турында Беларусь жастары сүрінді. Азуын айға білеген Иран жастарымен тең түскен белоруссиялықтардың Литва U-21 құрамасына шамалары жетпеді. Олардың тіпті екі футболшысы алаңнан қуылса да, бір гол соға алмай пұшайман болды. Бір ойыншысы – 40-минутта, екіншісі 81-минутта алаңнан қуылса да, Литва 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Литва жастарының жанкештілігінің арқасында біз ширек финалда Беларусь бозбалаларымен ойнайтын болдық. Егер Литва емес, Беларусь жеңіске жеткенде, онда біз осы доданың қожайыны – Ресейге тап болар едік. Сондықтан Балтық жағалауы елінің жастарына разымыз. Себебі дәл қазір Беларусь бозбалаларының төрт құбыласы тең емес. Бір ойыншысы қатардан шығып қалыпты. Әрі бұл ел Достастық кубогына өзгелер сияқты 21 жасқа дейінгі жастарын емес, 19 жасқа дейінгі бозбалаларын әкеліпті. Сол жеткіншектері шаршап та қалған сияқты.
Егер Беларусь бозбалаларын ұтсақ, онда жартылай финалда Украина жастарымен кездесуіміз мүмкін. Яғни жүлделі орынның да ауылы алыс емес. Енді тек алдын ала болжам жасамай, әліптің артын тосайық. Тек тақымымызды қысып, серб маманы Слободан Крчмаревич жаттықтыратын жастарымыздың тілеуін тілегеннен басқа амалымыз жоқ.
Ширек финалдық жұптар:
Украина – Литва
Қазақстан – Беларусь
Ресей – Молдова
Иран – Латвия
Автор: Әлихан ЖАППАР