Жастарға сенім артылды

25.01.2012, 19:29
Жастарға сенім артылды

Кеңес одағы тарағалы бері өткізіліп, көпшілікке «Достастық кубогы» деген атаумен танылған футбол жарыс биыл да жалғасын тапты. Бастапқыда ТМД мен Балтық жағалауы елдерінің ішкі біріншіліктерінде топ жарған командалар арасында өткізілген дода кейінірек түрлі себептерге байланысты өзгеріске ұшырады. Онда тек жеңімпаздар емес, күміс, қола жүлдегерлер де қатыса беретін болды. Ал биыл бұл бәсекеге жастар құрамалары жіберілді. Осы шешім дұрыс та болған сияқты.

Ресей елінің қос бірдей алып шаһары - Мәскеу мен Санкт-Петерборда тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан жарысқа қатысты сын айтушылар да жеткілікті. «Қызықсыз, жанкүйерлер арасында беделден жұрдай турнир кімге керек?» деген пікір әлі күнге дейін қозғалып жүр. Бірақ 1993 жылдан бастап жарысты үзбей өткізіп келе жатқан ұйымдастырушылар алған беттен қайтар емес. Олар турнирдің бастапқы кездегідей айтарлықтай беделге ие боларына сенетіндерін мәлімдеумен келеді. Қалай десек те ФИФА-ның шеңберіндегі жарыстардың қатарына енетін бұл доданың да өз қызығы бар. Ресейлік және украиналық командалар үшін маңызы жоқтай көрінгенімен, ТМД аумағындағы өзге елдердің ұжымдары кубокты ұтып алуды абырой санайды. Сондықтан да қазақ, өзбек, әзірбайжан, молдован, Балтық жағалауы елдерінің, т.б клубтары арасындағы бәсекенің өзіндік маңызы бар. Ал биыл жарыс тіптен қызықты өтуде. Жастар құрамалары арасындағы тартыс сыни пікір айтатындардың ауыздарына біржолата құм құймаса да, ұйымдастырушы тараптың беделін арттыра түскені анық. Сонымен, әңгіме ауанын тікелей биылғы жарысқа қарай бұрсақ. 19 қаңтарда жалауын тіктеген додаға 12 команда қатысуда. Олар - Беларусь, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Украина және Эстония елдерінің жастар құрамалары. Бұл ұжымдар үш топқа төрт-төрттен теңдей бөлініп, бірінші кезеңде бақ сынады. Яғни олар айналмалы жүйе бойынша өзара бәсекелер өткізіп, плей-офф кезеңіне жолдама алған сегіз команданы анықтады. Қазақстан жастар құрамасы Ресей, Түрікменстан және Эстонияның жас футболшыларына қарсылас атанып, «А» тобында бақ сынаған еді. Отандастарымыз алғашқы кездесулерінде ресейліктермен шеберлік байқасты. 19 қаңтар күні өткен бәсекеде алаң иелері жалғыз доп айырмасымен жеңіске жетіп, алғашқы үш ұпайды еншіледі. Олар кездесудің 23-минутында Антон Заболотныйдың көмегімен есеп ашқан болатын. Мамандардың пікірінше, бұл кездесуде қазақстандық жас футболшылар өздерін жақсы қырларынан көрсете білген. Бірақ болмайтын жерде қателесіп, гол жіберіп алған отандастарымыз мықты құраманың осал тұсын таба алмады. Бұл күні «А» тобындағы өзге матчта Түрікменстан жастары эстониялық өрендерді 1:0 есебімен ұтты. Осылайша, алғашқы турдан соң топта Ресей мен Түрікменстан командалары көш бастады. Есесіне, екінші және үшінші кездесуін жастар құрамамыз өте сәтті өткізді. 20 қаңтар күні еліміз жанкүйерлерінің үмітін арқалаған футболшыларымыз түрікменстандық әріптестерін 3:1 нәтижесімен қапы қалдырды. Десек те, бұл ойындағы алғашқы голды 23-минутта қарсыластарымыз соғып кетіп, үнжырғамыз түскен еді. Алайда кездесудің екінші жартысында күш алған жерлестеріміз есе қайырды. Алдымен «Ақтөбе» клубының өкілі Сергей Лисенков қарсы қақпадан саңлау тауып, таразы басын теңестірді. Одан соң Талдықорғанның «Жетісу» командасының өрені Алексей Щеткин мергендік танытып, мерейімізді асырды. Ойынның соңғы минутында болашағынан зор үміт күттірер Щеткин тағы бір голдың авторы атанып, матчтың нүктесін қойды. Есеп - 3:1. Отандастарымыз сөз жоқ мақтауға лайық өнер көрсетті. Осы күні кешкісін «А» тобында Ресей жастары эстон футболшыларын 1:0 есебімен ұтып, турнир кестесінде жеке-дара көш бастады. Екінші орынға Қазақстан жастар құрамасы жайғасты. 22 қаңтар күні жастарымыз топтық кезеңнің соңғы ойынын эстон футболшыларына қарсы өткізді. Көп мәселе осы кездесудің барысында анықталатын еді. Қуанышымызға орай, отандастарымыз бұл ойында да тамаша өнер көрсетіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Кездесудің 3-минутында Сергей Хижниченко есеп ашып, Қазақстан жастар құрамасын алға шығарды. 38-минутта Алексей Щеткин өзінің мерген шабуылшы екенін кезекті рет дәлелдеп, эстониялықтардың қақпасын дәл көздеді. Кездесудің 86- минутында Қызылорданың «Қайсар» командасының өкілі Асхат Тағыберген гол авторы атанып, біздің жігіттер үш доп айырмасымен есепте ұзай түсті. Дегенмен Балтық жағалауынан келген футболшылар ойынның 90-минутында бір гол соғып, «құрғақ» жеңілістен қашып құтылды. Қорытынды есеп - 3:1. Топтық кезеңдегі соңғы кездесуін Ресей жастар құрамасы Түрікменстан елінен келген қонақтарымен өткізген еді, бұнда бәсеке 0:0 нәтижесімен аяқталды. «А» тобында үш ойыннан соң 7 ұпай еншілеген ресейліктер 1-сатыға жайғасты. Одан кейінгі орынға 6 ұпайға ие болған қазақстандықтар орнықса, 4 ұпай олжалаған түрікменстандықтар 3-сатыдан табылды. Үш ойында бірде-бір ұпай жинай алмаған эстондар ең соңғы орында қалып қойды. Өзге топтардағы жағдайға назар аударсақ. «В» тобындағы алғашқы ойын өте нәтижелі болды. Қырғызстан мен Латвияның жастар құрамалары шиеленісті бәсекеде бес доп соқты. Жеңіс Балтық жағалауының футболшыларына бұйырды. Есеп - 3:2. Украинадан келген өрендер молдовалық әріптестерін 1:0 есебімен ұтты. Екінші күні олар қырғыздарды 4:0 нәтижесімен ойсырата жеңіп, топтың турнир кестесінде бірінші орынға шықты. Өйткені кешке таман молдовандар мен латыштар өзара 0:0 есебімен тең ойнаған болатын. Топтық бәсекелердің соңғы турында Украина жастары Латвия командасын 2:0 есебімен, молдова жастары қырғыздарды 2:1 нәтижесімен ұтты. Бұл топта ұпайдан шашау шығармаған украиндар үздік шықты. Молдова мен Латвия жастар құрамалары төрт-төрттен ұпай олжалаған болатын. Алайда гол айырмасы жөнінен молдовандар озық деп танылып, екінші орынға көтерілді. Дегенмен латыштар да плей-офф кезеңіне жолдама алды. «С» тобында Ираннан келген жас футболшылар үздік деп танылды. Үш кездесуде 7 ұпай жинаған олар алғашқы турда Беларусь жастар құрамасымен 0:0 есебімен тең ойнады, кейіннен екі рет жеңіске жетті. Ирандықтар алдымен Литва командасын 3:0 есебімен, одан соң Тәжікстан ұжымын 5:0 есебімен тас-талқан етті. Мұндағы екінші орынға Литва жастар құрамасы ие болды. Дегенмен Беларусь елінің жастары да ширек финалға берілер сегіз жолдаманың біреуін еншіледі. Ширек финалда Иран мен Латвия, Украина мен Литва, Ресей мен Молдова жастар командалары өзара кездеседі. Ал Қазақстан жастар құрамасы бүгін түс ауа ширек финалдық кездесуін өткізеді. Ол ойынның қорытындысы жайлы газетіміздің ертеңгі күнгі санынан оқи аласыздар. Отандастарымыздың бұл сындағы қарсыластары - белоруссиялықтар. Енді осы команданың топтық кезеңде өткізген үш кездесуіне тоқталып өтейік. Беларусь жастар құрамасы алғашқы турда Иран елінің өкілдерімен тең тарасты дедік. Бұл кездесуде екі жақтың ойыншылары да қақпа кілтін таба алмады. Екінші турда белоруссиялықтар Тәжікстан жастарын 2:0 нәтижесімен ұтты. Екі голды да ұлттық құрама деңгейінде алаңға шығып жүрген дарынды футболшы Артем Теплов соқты. Ол кездесудің 35 және 85-минуттарында мергендігімен көзге түсті. Үшінші турда беларусьтар Литва командасынан 0:1 нәтижесімен жеңіліп қалды. Бұл матчтағы жалғыз гол 21-минутта соғылды. Міне өздеріңіз байқағандай, Беларусь жастар құрамасы айтарлықтай мықты қарсылас емес. Сондықтан ел сенімін арқалаған жастарымыз жартылай финалға берілер жолдаманы уысқа түсіреді деп үміттенеміз. Біздің жігіттер «Сәтін салса «Достастық кубогын» ұтып алуға да шамамыз жетеді» деп құлшынып отыр. Ендеше, іске сәт! Осы тұста айта кетсек артық етпес, қазақстандық клубтардың бірде-біреуі «Достастық кубогында» топ жарып көрген жоқ. Тек еліміздің төрт дүркін чемпионы «Ақтөбенің» финалға дейін жеткені мәлім. Қонысбай МАТАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×