80 миллион оқырманы бар футболдық медиа «Ордабасыны» чемпиондықпен құттықтады

Бүгін, 14:04

Әлемге танымал 433 футболдық медиаплатформасы Қазақстан Премьер лигасының чемпионы атанған Шымкенттің «Ордабасы» клубын құттықтады, деп хабарлайды Aladop.kz.

80 миллион оқырманы бар футболдық медиа «Ордабасыны» чемпиондықпен құттықтады

Instagram желісіндегі аудиториясы 80 миллионға жуықтайтын парақшада Қазақстандық команданың жетістігіне арналған арнайы жазба жарияланды.

433 жарияланымында «Ордабасы» Қазақстан чемпионы атанып, келесі маусымда УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде ойнайтыны айтылған. Әлемдік футбол жаңалықтарын тұрақты түрде жариялайтын бұл парақшаның Қазақстан чемпионатына арнайы назар аударуы отандық футбол үшін елеулі оқиға.

Жарияланым әлеуметтік желі қолданушыларының да қызығушылығын тудырды. Жазба 316 мыңнан астам лайк жинаған.

«Ордабасы» чемпиондықты Қазақстан Премьер лигасының соңғы турына дейін күтпей-ақ қамтамасыз етті. Бұған 29-турда «Қайраттың» «Ақтөбемен» сырт алаңда 2:2 есебімен тең түсуі себеп болды. Осы нәтижеден кейін Шымкенттік клубтың еншісінде 68 ұпай болса, Алматылық команда 64 ұпаймен екінші орында қалды.

Осылайша, «Ордабасы» өз тарихында екінші рет Қазақстан чемпионы атанды. Шымкенттік клуб бұған дейін 2023 жылы ел біріншілігінде топ жарған еді. Енді команда келесі маусымда Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде Қазақстан намысын қорғайды.

433 парақшасындағы құттықтау «Ордабасының» жетістігін халықаралық футбол аудиториясына танытуға мүмкіндік берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
×