Белекте аяқдоп додасы қызып тұр

10.02.2011, 19:17
Белекте аяқдоп додасы қызып тұр

Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы түрік жерінде Беларусь құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Осы ойынды көруге Қазақстаннан бес журналист Белек қаласына келіп орналастық.

Қазақстан футболшылары басқа қонақүйде орналасқан (Calisto). Бейсуат баруға болмайды. Федерация басшылары жаңа бапкермен және ұлттық құрама сапындағы бірнеше ойыншымен кездестіріп, сұхбаттасуға жағдай жасайтындықтарын айтып қуантты. Соны күтіп отырмыз. Жаңа бапкер талапшыл секілді. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына келген футболшыларымыз бірінші жиында-ақ жаттығу жұмыстары ауыр болады деп ойламаса керек. Жаңа бапкердің жүктемелеріне шыдай алмай, қатардан шығып қалып жатқан ойыншылар да бар екен. Чехиялық бапкеріміздің мұнысына риза болып қалдық. Ойыншыларды Босфор шығанағына серуендету үшін әкелмегендігін білдіріп, бірден ащы терлерін алуға кірісіпті. Бізбен бірге Алматыдан Стамбул арқылы еліміздегі футбол клубтарының баспасөз хатшылары да келді. Бұл жерде оларға арнайы семинар ұйымдастырылмақ. Бұған дейін Алматыда футбол клубтарының баспасөз хатшылары үшін екі рет осындай жиын өткізіліпті. Үшіншісі шетелде өткізіліп отыр. Бұл семинарға премьер-лигадағы клубтардың баспасөз хатшылары міндетті түрде қатысулары керек болса, бірінші лигадағы клубтарға ондай міндет қойылмаған. Яғни бірінші лига клубтарына бұл тұрғыда ерік берілген. Сондықтан бірінші лига клубтарының екеуі ғана өз қызметкерлерін осы семинарға жіберіпті. Олар – «Ақжайық» пен «Цесна». Бізге осы семинарға қатысуға мүмкіндік берілетін секілді. Қонақүйден аттап баспай, оны да күтіп отырмыз. Жалпы, қазір Белекте футболшылар көп. Біз орналасқан қонақүйдің өзінде бірнеше команда жатыр. Көбі – шетелдіктер. Қазақстаннан «Қайсар» клубы бар екен. Қызылорда клубының ойыншыларымен кездесіп, шүйіркелесіп қалдық. Осындағы мамандардың айтуынша, маусым аралығында Белекте әлемнің түкпір-түкпірінен 100 шақты команда келіп, оқу-жаттығу жиынын өткізеді екен. Командалардың көптігі бәріне жақсы, бір-бірімен жолдастық кездесу өткізіп, шама-шарқын бағамдайды, дайындығын пысықтайды. Әрі өздеріне қажетті шептегі ойыншыларды тауып алуға да болады. Бір сөзбен айтқанда, Белекте аяқдопшылар жәрмеңкесі қызып тұр.

Нұрғазы Сасаев,

Түркия, Белек қаласы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×