Бес жылыңды арнасаң, футбол сенің еңбегіңді ақтайды

20.05.2011, 17:41
Бес жылыңды арнасаң, футбол сенің еңбегіңді ақтайды

– дейді Қарағандының «Шахтерінде» өнер көрсететін қандасымыз Қайрат Отабаев

Елімізде көрші елдерден қоныс аударып, азаматтық алған футболшылар аз емес. Солардың бірі – Қарағандының «Шахтер» футбол клубын күшейтемін деп келген біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қайрат Отабаев. Биылғы маусымда «Шахтердің» негізгі құрамында өнер көрсете бастаған қорғаушы аз ғана уақыттың ішінде қарағандылық жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айналып үлгерді. Осыған қарап, «Шахтердің» биылғы аламанды ширақ бастауына сол қапталда ойқастаған бесінші нөмірлі қорғаушы Отабаевтың сенімді де шебер ойынының сүбелі үлес қосып жатқаны сөзсіз деп нық сеніммен айта аламыз. Таяуда біз тәжірибелі футболшымен кездесіп, әңгімелескен болатынбыз – Қайрат, әңгімемізді жанкүйер қауыммен өзіңді таныстырудан бастасақ… – Мен Ташкент облысының Жаңабазар деген ауылында дүниеге келдім. Үйдің ішінде екі баламыз: алдымда әпкем бар, ал ата-анамның кенжесі менмін. Негізі, Ташкент облысында мекен ететін халықтың басым бөлігі – қазақтар. Менің де ата-бабаларым бұл өлкені ежелден қоныстанған екен. Әкем Кәміл футболдан балалар жаттықтырушысы болды. Содан да болар, мен футболға ерте келдім: жеті жасымнан бастап осы ойынның қыр-сырын меңгере бастадым. Жалпы, әкем Ташкент облысында жаттықтырушы болып еңбек еткен кезінде өте талантты футболшылар шоғырын тәрбиелеп шығарды: олардың көбі қазір Өзбекстандағы «Пахтакор», «Бунедкор» клубтарының құрамында өнер көрсетіп жүр. Футбол – менің өмірімдегі басты кәсібім: бала кезден айналысқан ісіммен күні бүгінге дейін екі елі ажыраған емеспін. Шеберлер командасының құрамына 17 жасымда қабылдандым. Оған дейін Ташкенттегі Олимпиада резервтерін даярлайтын республикалық училищеде оқыдым. Оқуды бітірген жылы мен «Пахтакор» командасының қосалқы құрамына шақырту алдым. Содан, 1997 жылдан 2003 жылға дейін осы команданың әуелі қосалқы, содан кейін негізгі құрамдарында өнер көрсеттім. – Қазақстанға қай жылы қоныс аудардың? –2002 жылы ата-анамды Алматыға көшірдім. Бір жылдан кейін, яғни 2003 жылғы маусым аяқталған соң, өзім де Алматыға біржолата қоныс аударып, «Қайраттың» құрамында өнер көрсете бастадым. Жалпы, Қазақстанға көшу жөніндегі шешімді үй-ішіміз болып қабылдадық. – Қазақстан мен Өзбекстан футболындағы айырмашылықтарға кәсіби ойыншы тұрғысынан баға берсең… – Бұл жөнінде менен көп сұрайды. Жалпы, Қазақстандағы футбол атлетикалық бәсекеге, күш-қуатқа иек артқан тартысқа құрылған. Ал Өзбекстан футболы техникалық шеберлікке көп бейімделген. Бұған, әрине, мұндағы ауа райының тым ыстықтығы да молынан әсер ететін болар. Ал Қазақстанда, өзіңіз жақсы білесіз, ауа райы салқын. Сондықтан да, біздің стадиондардағы алаңдардың сапасы Өзбекстандағыға қарағанда анағұрлым төмендеу… – Қазақстанның УЕФА-ға енгенін жұрт әлі күнге дейін әртүрлі әңгімеге өзек етеді. Бұл жөніндегі сенің пікірің қандай? – Журналист ағайын бұл сұрақты да маған көп қояды. Шынын айтқанда, Қазақстан УЕФА-ға көшкелі пікір айтып, белгілі бір тұжырым жасауға болатын уақыт жетті деп ойлаймын. Меніңше, Қазақстан Еуропа футбол одағына өткеннен ештеңе жоғалтқан жоқ. Былай қарасаң, ауыз толтырып айтарлық нәтиже жоқ сияқты. Бірақ та, қарға адым болса да алға жылжып келеміз. Ең бастысы – бұл үрдіс қазақ фут­болы үшін тиімді болсын дейік. Жалпы, Қазақстан футболының алар биігі әлі алда деп білемін. Неге десеңіз, Еуропаның азулы құрама командаларымен арада болған матчтарда алған тәжірибенің пайдасы түбі бір жемісін береді деп ойлаймын. – «Шахтер» командасына таңдау жасауыңа не себеп болды? – «Қайратпен» келісім-шартым біткен соң, менің агентім «Шахтер» командасын ұсынды. Негізі, мен өзім де алдына үлкен мақсат қойған командада өнер көрсет­кенді қалап жүрген болатынмын. «Шахтердегі» жағдай тура менің ойымнан шыққан соң, бірден қуана келісім бердім. Қазір келгеніме өкінбеймін. Бәрі де мен ойлағандай болып жатыр. Командадағы ойыншылар бүгінгі күнде бір-бірімен толықтай тіл табысып кеткен: моральдық ахуал шынында да дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей жағдайда. Жалпы, мен көптеген командаларда ойнадым: өзімнің ұзақ жылғы тәжірибеме сүйене отырып айтар болсам, команданың ең басты қаруы – ұжымдағы ойыншылардың бір мақсаттың жолында жұдырықтай жұмылып, тонның ішкі бауындай тату болуы! Дәл қазіргі уақытта «Шахтердегі» ахуал тура осындай. Сонан соң, бұл футбол клубында басшыдан бастап өз ісіне берілген өңкей кәсіби мамандар еңбек етеді: олардың әрқайсысы өздерінің міндеттерін мүлтіксіз атқа­рады. Осында келгелі қай жағынан алып қарасаң да, проблема дегенді естіген емеспін. Қысқасы, кәсіби футбол командасы осындай болуы керек деп ойлаймын! – Алаң үстінде өзімнің мықты жағым деп қандай қасиетіңді айтар едің? – Мықты жағым деп еңбекқорлығымды айтар едім. Өзіме жүктелген міндетті мүлтіксіз атқару үшін барымды саламын. Алаңға шықтың екен, намысқа қамшы басып, жаныңды салып тер төгуің керек. – Сен өзіңнің дене бітіміңнің талдырмаш болғанына қарамастан, қарсыластардың еңгезердей шабуылшыларымен допқа таласқанда күш жағынан кем түспей жатасың. Мұндай шымырлықтың сыры неде? – Меніңше, бұл ұзақ жылғы тәжірибемен келген дүние болар. Әрбір футболшы уақыт өткен сайын тактикалық тұрғыда толысып, шеберлігін шыңдай түседі. Тіпті, осылай істеуге міндетті деп айтар едім. – Жас футболшыларға қандай кеңес қосар едің? – Футболда тек қана тер төгіп, еңбектену керек. Төзімді болып, өзіңнің жұлдызың жанар сәтке сақадай сай дайын бола білу де жас футболшы үшін өте маңызды қа­сиет. Бірде, футболды енді бастап жүрген кезімде бір адам маған мынадай ақыл қосты: «Есесіне ештеңе сұрамай, жаныңды салып футболға бес жылыңды ар­нашы, сонда футбол сенің еңбегіңді ақтайды». Осы сөз менің жадымда өшпестей болып сақталып қалды. Осы тұрғыдан келгенде, мен де жастарға небір қиындық­тарға кездессеңдер де, сенімдеріңді жоғалтпаңдар, алған беттеріңнен қайтпаңдар, футболға адал болып, оны шын сүйіңдер. Сонда футбол да сендердің еңбек­теріңді ақтайды дегім келеді! Айқын НЕСІПБАЙ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×