Бірінші айналым артта қалды

17.05.2011, 22:10
 Бірінші айналым артта қалды
Қазақстан Премьер-лигасындағы командалар чемпионаттың алғашқы айналымын аяқтады. 11 турдан кейін шығарылған қорытынды бойынша, Астананың «Локомотиві» көш басына жеке-дара шықты. Еліміздің төрт дүркін чемпионы - «Ақтөбе» бірінші кезеңді екінші орынмен аяқтаса, биыл қайткенде де үздіктер қатарынан көрінуді мақсат еткен Талдықорғанның «Жетісуы» үшінші сатыға жайғасты. Бұл командалардың арасын бір-бір ұпайдан ғана бөліп тұрғанын қаперге алсақ, екінші айналымдағы бәсекенің тіптен тартысты өтеріне шәк келтірмейміз. Жарыстың алғашқы бөлігіндегі соңғы турда үздік үштіктен «Жетісу» ғана ұпай жоғалтты. Талдықорғандықтар бұл турдың кездесуін Өскеменде өткізіп, жергілікті «Востокқа» қарсы тұрған еді. Осыған дейінгі 10 кездесуде бар болғаны 7 ұпай еншілеген өскемендіктердің қосынына жаңа бапкердің келгені мәлім. Өткен маусымда команданың Премьер-лигаға шығуына көмегін тигізген жаттықтырушы Вахид Масудовтың орнын Александр Голоколосов басты. Бұл маманның кезінде «Востокты» жаттықтырғаны көпке мәлім. Бірақ жаңа бапкердің клуб тізгінін екінші айналымнан бастап қана қолына алатынын айта кетейік. Сол себепті, өскемендіктерді 11-турға бас бапкердің міндетін атқарушы Павел Евтеев алып шықты. Кездесу аса тартысты өткенімен бірде-бір гол соғылмады. Ал алма-кезек шабуылдар көп болды. Кездесу сайын гол соғып жүрген талдықорғандықтар алаң иелерінің қақпасына талай рет қауіп төндірді, бірақ Прядкин қорғаған қақпадан саңлау табу мүмкін болмады. Әрине, екі бірдей шабуылшы - Рафаэль Оразбахтин мен Павел Удаловты алға салған өскемендіктер де гол соғып, жеңіске жетуді көздеген еді. Алайда олардың да алдыңғы шептегі әрекеттері еш нәтиже әкелмеді. Кездесу аяқталғасын «Жетісудың» бас бапкері Серік Әбдуәлиев командасының сапындағы Саят Сариев, Серікжан Мұжықов, Алексей Щеткин сияқты жас футболшылардың қимылына риза болғанын айтты. Ал алаңға «Востокты» алып шыққан Павел Евтеев қос команданың да жеңіске жету мүмкіндігі бірдей болғанын, әйтсе де кейбір сәттерде «Востоктың» басымдығы анық байқалғанын тілге тиек етті. «Жетісудың» ұпай жоғалтқаны «Локомотивке» пайдалы болды. Неміс маманы хольгер Фахтан тәлім алатын астаналықтар Қостанайда «Тобылды» 1:0 есебімен ұтып кетті. Бұл ойын да көпке дейін тең бәсекеде өтті. Тек 72-минуттағы Марат Шахметовтің нәтижелі соққысы кездесудің барысын күрт өзгертіп жіберді. Әріптесінің гол соғуына команда капитаны Нұрбол Жұмасқалиевтың септігі тигенін айта кетейік. Бәсекенің қорытындысын шығарған бапкерлердің пікірін білу де маңызды. Хольгер Фах: «Біз «Тобылмен» кездесудің аса тартысты өтетінін білгенбіз. Алаңның жағдайымен де жақсы таныс едік. Оның үстіне екі команда да жаңадан жасақталып, ойынын тың жүйемен құра бастағандар. Дегенмен бұл текетіресте біздің ұжым алымдырақ болып, гол соғу мүмкіндігін мүлт жібермеді. «Тобыл» командасына алдағы уақытта сәттілік тілеймін, онымен келесі аптада тағы да кездесетініміз белгілі. Астанадағы ойынның қалай аяқталарын көре жатармыз» деді. Қостанайлықтардың бас бапкері Равиль Сабитов «Локомотивке» қарсы тұру қашан да қиын. Дегенмен біздің ұжымдағы ойыншылар бір-бірлерімен енді ғана тіл табыса бастаған сияқты, осы жайт көңілге сенім ұялатады. Табысты өнер көрсетуімізге уақыт жеткілікті. Жақын арада Петухов пен Богданов жарақаттарын жазып, ортамызға оралады. Олар команданы күшейте түсуге тиіс. Ал Қуантаевтың мәселесі күрделірек, оның жарақатынан айығуын ұзағырақ күтетін сияқтымыз. Қызылордаға ат басын бұрған «Ақтөбе» ойыншылары алаң иелерінің қақпасына екі доп енгізіп, үш ұпайды еншілеп қайтты. Чемпионаттың анық аутсайдеріне айналып шыға келген «Қайсар» азулы қарсыласының тегеурініне төтеп бере алмады. Кездесудің 43-минутында «Ақтөбенің» сенегалдық легионері Мәлік Мане өткір бұрыштан нысананы дәл көздеп, қақпашы Алайдаровтың қателігін бетіне басты. Екінші кезеңде алаң иелері де Сидельников қорғаған қақпаны жиі мазалап жатты. Бірақ келесі гол тағы да «Қайсар» қақпасына соғылды. Төреші белгілеген қосымша уақытта Марат Хайруллиннен пас алған Сергей Лисенков 46- минутта Алайдаровты алмастырған қақпашы Кузнецовты қапы қалдырып, екінші голдың авторы атанды. Осы жолғы үш ұпай «Ақтөбені» турнир кестесінде бір сатыға жоғарылатып, 2-орынға жайғастырды. «Қайсар» баяғысынша 5 ұпайымен кестенің ең соңында қалып келеді. «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Муханов өрнекті ойын көрсету үшін жасанды төсеніштен табиғи шөпке ауысу факторы кері әсерін тигізгенін, дегенмен нәтижеге көңілі толатынын мәлімдеді. «Қайсардың» бас бапкері Альгимантас Любинскас команда құрамындағы олқылықтардың қолбайлау болып отырғанына қынжылыс білдіріпті. Оның пікірінше, ұжым селекция ісіндегі қателіктердің зардабын тартуда. «Енді команда сапын күшейту үшін 17 маусымды асыға күтетін боламыз», - дейді Балтық жағалауынан келген маман. Турнир кестесінің жоғарғы сатыларынан көрініп жүрген «Ертіс» те осы турда маңызды үш ұпайға ие болды. Кереку өңірінің командасы өз алаңында Шымкенттің» Ордабасы» клубымен шеберлік байқасқан еді. Ойынның 20-минутында алаң иелері Константин Заречныйдың көмегімен есеп ашса, 57-минутта Глеб Мальцев соққан голмен ойынды қорытындылады. Кездесудің 78-минутында «Ордабасы» командасы өзіне берілген мүмкіндікті пайдалана алмады. Шымкенттіктердің сапында өнер көрсететін серб жігіті Александр Трайкович пенальти тебу кезінде мүлт кетті. Қазір еншісінде 20 ұпайы бар «Ертіс» турнир кестесінің 5-сатысында тұрса, «Ордабасы» бір позиция төменде, 16 ұпаймен келеді. Жанкүйер қауымның назарын өзіне ерекше аудартқан кездесулердің бірі «Қайрат» пен «Шахтердың» бәсекесі болды. Алатаудың баурайында өткен ойында алаң иелері жеңіске жетті. Бәсеке барысы өте шиеленісті жағдайда өрбіді. Алғашқы голды қонақтар соғып кеткен еді. Ойынның 22-минутында Жамбыл Көкеев стандартты жағдайда әріптесі Вадим Боровскийге пас шығарды, бірақ соңғы сәтте доп Миланко Рашковичтің аяғынан табылып. Сербиялық легионер «Қайрат» қақпасын дәл көздей білді. Есеп 1:0 - «Шахтер» алға шықты. Үзіліске дейін басқа гол соғылмады. Алматылықтардың бас бапкері Владимир Никитенко қорғаушы Илья Воротниковты екінші кезеңге шығармай, оның орнын алдыңғы шепке көмек беруге тиіс Константин Головскойға босатып берді. Тәжірибелі футболшы бапкер сенімін ақтап, ала допқа аяғы алғаш тиісімен-ақ гол соқты. Есеп қайта теңесті - 1:1. Шахтердың» сапында Жамбыл Көкеев аса белсенді ойнап, командасын алға сүйреумен болды. Жаттықтырушы Виктор Кумыковтың сенімінен шығып жүрген Жамбыл стандартты жағдайдың бәрін өзі орындап, «Қайраттың» қорғаныс шебінен маза қашты. Алайда қорғана жүріп, қарсы шабуылдарға иек артқан алматылықтар кездесудің 81-минутында жеңіс голын соғып кетті. Владимир Никитенконың ойынға тыңнан қосқан шәкірті Мадияр Муминов алдыңғы шептегі Сергей Струковке дәл пас беріп, өз кезегінде шабуылшы қонақтар қақпасынан саңлау таба білді. Таблодағы есеп 2:1- ге өзгерді және алаң иелері қалған уақытта сәтті қорғана алды. 11-турдан кейін 11 ұпай жинаған «Қайрат» турнир кестесінде 9-орында тұр. Ал «Шахтер» төмен сырғып, 4-сатыдан табылды. Оның ұпай саны - 20. Сондай-ақ 11-турда «Атырау» өз алаңында «таразды» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жалғыз голдың авторы - Соуза до Коста. Мергендер көшін «Ақтөбенің» екі бірдей өкілі - Мәлік Мане мен Марат Хайруллин бастап тұр. Олардың әрқайсысы 6 голдан соққан болатын. Төрт реттен мергендік танытқандардың арасында Серікжан Мұжықов («Жетісу»), Дәуренбек Тәжімбетов («Ордабасы»), Таңат Нөсербаев («Локомотив»), т.б жерлестеріміз бар. 12-турдың ойындары 21 мамыр күні өтеді. Шалқар ЕСТЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×