Аңызға айналған Сегізбаев!

18.05.2011, 20:05
Аңызға айналған Сегізбаев!

Тимур Сегізбаев 70-ке толды! Қазақ футболының мэтрін құттықтауға халық көп жиналды. Оның ішінде қазақ спорты, саясаты және тағы басқа салаларда сүбелі үлесін қосып жүрген сыйлы азаматтар аз болған жоқ. Қазақ футболының аңызына айналған Сегізбаевтың мерейтойының құрметіне «Ұрпақтар үндестігі» матчы ұйымдастырлды. Ойынға қатысуға әр жылдары атақты «Қайраттың» сапында өнер көрсеткен аяқдопшылар жан-жақтан жиналды. Матч алдында сөз алғандар көп болды. Соның ішінде тізгін бірінші болып Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков мырза тиді. Отандық футбол басшысы: «Сегізбаевты – қазақ футболының негізін қалаушы десек те артық емес, біз оны қашан да мақтан тұтамыз, жанкүйерлер оны жақсы көреді», - деп ағынан жарылды.

Сонымен қатар, Жақсыбеков ФИФА президенті Йозеп Блаттер және УЕФА басшысы Мишель Платинидің құттықтау хаттарын оқыды және федерация тарапынан төрт миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етті. ҚР спорт және туризм вице-министрі Мұрат Омаров ел премьер-министрі, спорт және туризм министрінің Құрмет грамотасын ұсынып, ағаның иығына шапан жапты. Бұл жиындағы ең басты жүлдені еліміздің олимпиадалық комитеттің атқару комитеті ең жоғары спорттық жүлде «Олимпиадалық орденді» Сегізбаевтың төсіне тақты. Белгілі боксшы Серік Қонақбаев: «Бала кезімізде барлығымыз аяқдопшы болуды армандайтынбыз. Жамбылда жүгіріп жүрген әр қазақ баласының түпкі арманы Тимур ағаға ұқсау еді. Боксшы болсам да, футболды осы күнге дейін жақсы көрем», - деп, өз атынан Тимур Санжарұлына темір тұлпар мінгізді. Әрине, осыншама құрмет мерейтой иесін қатты толқытты.

Сегізбаев: «Шынымды айтсам, барлығы осыншама керемет өтеді деп ойламаппын, тосын сый болды барлығы. Кезінде мен алаңда барымды салатынмын, оның барлығын тек жанкүйердің көңілінен шығу мақсатында істейтін едім. Өзіңді аямай, қамшыласаң, трибуналар да толады. Қазіргі аяқдопшыларымызға жақсы бап тілеймін, ал жанкүйерлерге айтарым қашан да ойынды дұрыс бағалай біліп, стадиондарды толтырып отырсын. Еш нәтижеге қарамастан, өз командасына қолдау көрсетсін!» деп жүрекжарды сөзін айтты. Қос команда да ойынға нық дайын тұрған еді. Тимур Санжарұлы алғаш боп символикалық соққыны жасады.

Қос команданың аты да «Қайрат», айырмашылығы тек форма түсінде. Қара жағалыларды алаңға елімізден шыққан футболдан жалғыз Олимпиада чемпионы Евгений Яровенко бастап шықты. Ойыншылар: Қайназаров, Ордабаев, Омаров, Мазмонян, Пасько, Өтеушов, Есболов, Мақатов, Сләмбеков, Сәлімов, Гулямхайдаров, Арғынбаев, Әбдірахманов, Волгин, Надергаус, Рақымбаев. «Қызылдар» сапында: Гурман, Убыкин, Жақсыбеков, Ертісбаев, Масудов, Қожабергенов, Катков, Төлегенов, Пехлеваниди, Сәрсекенов, Есмағамбетов, Әбенов, Хасанов, Глазунов, Әбдіраимов, Климов, Шадиев, Лория, Сәрсенбаев белсеніп шықты. Ойынның басталғаны сол еді «қызылдар» есепті ашты. Қарсылас қақпасына ұмтылған Жақсыбековке қарсы ойын ережесі бұзылды. Осылайша айып добын соғу мүмкіндігіне ие болған Жақсыбековтің соққысын кезінде «Қайраттың» қақпасында алынбас қамалдай болған Құралбек Ордабаев кері қақты. Алайда бірден ойынды жалғастырып әкеткен «қызылдар» бәрібір қақпаны нысанаға алды. Бұл жолы Жақсыбеков діттеген мақсатына жетті.

Жалпы осы матчтағы Ордабаевтың керемет шеберлігін ерекше атап өткен жөн. Ол бірнеше рет қауіпті сәтте шеберлік танытты. Араға біраз уақыт салып Әділбек Жақсыбеков дубль авторы атанды, ал «қаралар» сапынан Қайназаров есепті қысқартты. Үзіліске командалар 2:1 есебімен тарқасты. Екінші таймда Климов есепті 3:1-ге жеткізді. Дегенмен, намысқа тырысқан «қаралар» командасының сапынан Нидергаус, Арғымбаев, Волгин ерекшеленді. Кейін Есмағамбетов таразы басын теңестірді. Матч соңына қарай командалар тағы бір голдан соқты. Бұл жолғы гол авторлары Мазманян мен Хасанов. Осылайша, командалар мерейтолық кездесулерге тән тең есеппен тарқасты. Өмірінің көп жылын футболға арнаған Тимур Санжарұлын құттықтауға келген әріптес достары өздерімен бірге сый-сияпаттарын да ала келіпті. 1988 жылғы Олимпиада чемпионы Евгений Яровенко Донецк «Шахтерінің» Сегізбаев тегі жазылған тоғызыншы нөмірлі жейдесін және Днепротпетровсктың «Днепрінің» атынан футбол алаңы бейнеленген ерекше ыдыс жинағын сыйға тартты. Кезінде «Қайраттың» капитаны болған Сергей Рожков Мәскеудің «Спартагының» оныншы нөмірлі жейдесін әкелді.

Алматылық клубтың белгілі сұрмергені Евстафий Пехлеваниди Орталық стадионның алдында тұрған ескерткіштің кішірейтілген түрін сыйлады. Жүгіріп бара жатқан адам бейнесінің бірі дәл Тимур Сегізбаевтың бейнесі деседі. Өзбекстанның үздік аяқдопшыларының бірі, Ташкент «Пахтакорының» ардагері Берадор Әбдіраимов Тимур ағамызға өзбектің ұлттық киімін кигізіп, Самарқанд қаласы бейнеленген суретті сыйлады. Кезек-кезек сөз алған футбол ардагерлері жылы лебіздерін білдірді. Сергей Рожков: «Тимур – өз ісінің шебері. Тағдыр мені екі адаммен байланыстырды, олармен отбасыммен араласатын болдым. Ол: Станислав Каминский мен Тимур Сегізбаев. Біз қандай дәрежеге жетпесек те, қарым-қатынасымыз еш суымайтын. Кезінде «Лужники» стадионында «Спартактың» қақпасына соғылған қос допты еске алсақ, Сегізбаевтың соққыларын біз, «спартактықтар» жұмыр тастай доптар деп атайтынбыз.

Доп түсініксіз доғада ұшты, оның қайда ұшып бара жатқаны белгісіз еді» деп өз естеліктерімен бөлісті. Берадор Әбдіраимов: «Тимур Санжарұлын мерейтойымен құттықтаймын! Біз онымен бала кезімізде оқушылар спартакиадасына барып жүрген шағымыз 1958 жылы танысқан болатынбыз. «Пахтакор» мен «Қайрат» арасындағы кездесулер қашан да аса тартысты өтетін. Осы командалар ойнаса болды, трибуналар лық толатын. Алаңда біз бір-бірімізді аямайтынбыз, ал одан тыс дос боп қала беретін едік» десе, сөз кезегін алған Олег Долматов: ««Қайратқа» келген кезімде мен және басқа да жас ойыншылар «Тимур және оның командасы» деген ұғымды жақсы білетін едік. Тимур Санжарұлының қайталанбас соққысы, қуатты аяғы әлі көз алдымда», - деді.

Назерке СҰЛТАНБЕК

Фото авторы – Эдуард Гавриш

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×