Премьер-лиганы қашан қазақша атаймыз?

18.05.2011, 20:23
Премьер-лиганы қашан қазақша атаймыз?
Кейінгі 15-20 жылда уақыт көші қоғам мен дәуірді америкалық және еуропалық имиджге тықсыра бастады. Жаппай шетелге еліктеуді шығардық. Тіліміз ағылшынша және орысша бұралып тұрады. Осы орайда бірінші кезекте ел футболындағы лигалардың атауына тоқталсақ деп едік. Деңгейлеріне қарай жіктеліп, шеберліктеріне қарай сұрыпталған командалар тобы ХХІ ғасырға дейін КСРО жүйесіне сәйкес «высшая лига», «І лига» деп аталып келді. Бұларды «жоғарғы топ», «І топ» деп қазақшалауымыз «ұялған тек тұрмастың» кебі ғана еді. Аяқдобымыз УЕФА құрамына қабылданғаннан бастап жаңа өзгерістерді басынан кешіре бастады. Соның бірі 2002 жылы жоғарғы топты «суперлига» деп, ал бірінші топты «жоғарғы лига» деп өзгертуіміз болды. Бірақ дәл сол жылы Ресей тіптен әріге шауып, «высший дивизиондарын» Англия чемпионатындағыдай «премьер-лига» деп түлетті. Сол кезде «ерте ме, кеш пе, әйтеуір бізде ағылшыншаға көшеміз», бізде «премьер-лига» деп өзгереміз әлі» дестік. Бұл сәуегейлік емес, болуы тиіс істі алдын ала сезу еді. Еліміздің маңдайалды клубтары өнер көрсететін топты «суперлига» деп атап, табаны күректей алты жыл шыдаппыз. 2008 жылдан бастап бізде «заман үрдісіне» қарай ең үздік клубтарымыз ойнайтын топты Англия мен Ресейдегідей «премьер-лига» деп жаңғырттық. Осы тұста «неге біз осы топты қазақша атамаймыз» деген ойға шомып, қаның басыңа тебеді. Өйткені премьер-лиганы қазақша атау футболымызға ұлттық нышан беріп тұратындай. Мысалы, Германияны алайықшы. Олардың жоғарғы тобы «бундеслига» деп аталады («оберлига» деп аталатын тобы да бар). Неміс футболы – осы атауымен де бағалы. Германия футболы жайлы сөз қозғала қалса, комментатор-журналист біткеннің бәрінің «бундеслига» деген атауға тілдері қышып тұрады. Германия құрамасын «бундестим» дейтіндер де бар. Бұл атауларды тілдеріне тиек етпей кететіні кемде-кем. Байыптап қарасақ, көптеген елдердің аяқдобында өздеріне тән ерекшеліктері, бітім-болмысы бар секілді. Әлқисса, 2003 жылғы суперлиганы «заңғар-лига», «бекзат-лига», «озат-лига» деп атау жөнінде ұсыныс жасаған едік. Жүрегі «қазақ» деп соғатын футбол жанкүйерлерінің көбісі қолдайтындықтарын білдірді, бірақ сол кездегі ҚФО басшылары мұны елең еткен жоқ. Биылғы маусым аралығында осы ұсынысымызды Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Саян Хамитжановқа айтып, көлденең тартқан едік. Бас хатшы «Бұл мәселені талқылауға болады. Осыған қатысты қоғамның пікірін біліп берсеңіз, біз сіздерге риза болар едік» деп, премьер-лиганы қазақшалауға қарсы емес екендігін сездірді. Бұдан соң Қазақстан футбол федерациясының вице-президенттерінің бірі де мұ­ның өрескел ештеңесі жоқ екендігін білдірді. Мамандардың біразы «әлемдік стандарттан ауытқымай (яғни «лига» деген халықаралық терминді бұзбай), қазақшалауға болады» деп жүр. Енді тек, «шешінген судан тайынбас» дегендей, осы мәселені соңына жеткізу ғана қалғандай. Жоғары жақ айтса, депутаттар көтерсе, бұл мәселе бірден шешіліп қалар ма еді?.. Назарларыңызға кейбір елдерде жоғарғы топтың қалай аталатындығын ұсынып отырмыз (бәрін емес, кейбіреулерін ғана). Бұл осы елдердің өз тілдерін құрметтейтіндігін меңзейтіндей. Автор: Нұрғазы Сасаев
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×