Бірінші кезеңдегі үш сенсация

18.04.2011, 16:54
Бірінші кезеңдегі үш сенсация
Футболдан Қазақстан кубогының бірінші кезеңі өтіп, 1/8-финалға өткен командалардың есімі анықталды. Бір қызығы, бірінші кезеңнің нәтижесі бойынша премьер-лиганың үш клубы кубокқа таласты тоқтатыпты. Ал ең қызығы, олардың арасында ел біріншілігінің вице-чемпионы «Ақтөбе» де бар. Владимир Мұқанов шәкірттері ел кубогының бірінші кезеңінде Оралға қонаққа барды. Шынын айтсақ, матч барысында «ақтөбеліктер» жеребенің қорытындысы бойынша өздеріне «Ақжайықтың» тап болғанына қуанған да шығар. Алысқа салпақтап жүргенше, көрші қалаға бара салу әлдеқайда тиімді екені түсінікті ғой. Дегенмен «ақтөбеліктер» «Оралға барып, бірінші лига клубынан ұтылып қаламыз» деп ойлады ма екен?! Әй, қайдам... Былтыр премьер-лигада қалпақша қайырып алатын бұл ұжымды биыл бір аяқпен-ақ ұтамыз деп ойлағандары өтірік емес шығар. Бірақ іс жүзінде бәрі керісінше болды. Бірінші таймда таблодағы көрсеткіш өзгермей, екінші таймның ортасында Самат Смақов есеп ашты. Алайда ойынның аяқталуына санаулы ғана секундтар қалғанда алаң иелерінің 20 жасар ойыншысы Бауыржан Омаров Сергей Бойченко қорғаған қақпадан саңылау тауып, ойынды «овер-таймға» жеткізді. Бұл кезеңде де есеп ашылмай, пенальтиде «Ақжайықтың» жолы болып кетті. Марат Хайруллин мен Самат Смақов қателесіп, өз мүмкіндіктерінде мүлт кетті. Келесі сенсация Көкшетауда орын алды. Премьер-лигада көш бастап келе жатқан Талдықорғанның «Жетісуы» күтпеген жерден жергілікті «Оқжетпестен» жеңіліп қалды. Негізі, ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталған. Көкшелік Марат Ысқұлов соққан голға екінші таймда Сергей Остапенко жауап беріпті. Дегенмен «жетісулықтардың» қуанышы ұзаққа созылмаған. Матч соңындағы пенальтиде «Оқжетпес» қақпашысы екі соққыны қайтарып, командасын 1/8-финалға алып шықты. Премьер-лиганың тағы бір клубы, Өскеменнің «Востогы» да ел кубогына таласты бірінші кезеңнен-ақ тоқтатты. Алматыда «Сұңқар» футбол клубымен кездескен өскемендіктер 0:2 есебімен жеңілді. Айта кетейік, жаңа маусымнан бері «Сұңқарды» Алмас Құлшынбаев жаттықтырып келеді. Кеше ғана бутсасын шегеге ілген саңлағымыз бас бапкер ретінде де өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Мәселен, екінші таймда екі футбол­шыны сәтті ауыстырған Алмас Жақанұлы көрегенділігімен де танылды. Ойынға екінші таймның басында қосылған Алексей Шапурин екі нәтижелі пастың авторы атанса, Ша­пуриннен кейін алаңға шыққан Ержан Бижанов «Восток» қақпасына екінші голды соқты. Жалпы, бірінші лига клубтары жарап тұр. Қай-қайсысы болсын премьер-лигадағы қарсыластарынан қаймыққан жоқ. Мәселен, ел чемпионы «Тобыл» пенальтиден ғана Алматының ЦСКА-сынан басым түсті. Алматы облысының «Ақ-Бұлағы» «Таразбен» болған ойында қақпасына бір ғана гол жіберіп алды. Төреші белгілеген екі пенальти болмағанда, Павлодардың «Ертісі» де «Ақтөбе» мен «Жетісудың» кебін киюі мүмкін еді. Сөйтіп, 1/8-финалға премьер-лиганың тоғыз клубы, бірінші лиганың жеті клубы жолдама алды. 1/16-финалдың қорытындысы: «Іле-Сәулет» (Алматы обл.)— «Ертіс» (Павлодар) – 0:2 «Ақжайық» (Орал) — «Ақтөбе» – 1:1, пенальтиден 4:3. «Ақ-Бұлақ» (Алматы обл.) — «Тараз» – 0:1 «Каспий» (Ақтау) — «Қайсар» (Қызылорда) – 0:3 «Ақтөбе-Жас» — «Ордабасы» (Шымкент) – 1:8 «Тарлан» (Шымкент) — «Лашын» (Жамбыл обл.) – 3:1 ЦСКА (Алматы) — «Тобыл» (Қостанай) – 1:1, пенальтиден 3:4. «Қызылжар» — «Екібастұз» – 1:0 «Цесна» (Алматы) — «Қайрат» (Алматы) – 0:5 «Астана 1964» – «Атырау» – 0:2 «Оқжетпес» (Көкшетау) – «Жетісу» (Талдықорған) – 1:1, пенальтиден 5:4 «Сұңқар» (Алматы обл.) – «Восток» (Өскемен) – 2:0 «Болат» (Теміртау) – «Гефест» (Қарағанды) – 0:0, пенальтиден 2:4. «Қазақмыс» (Сәтбаев) – «Спартак» (Семей) – 2:1 1/8-финалда (20 сәуір) мына командалар кездеседі: «Тобыл» — «Атырау» «Тараз» — «Ақжайық» «Қазақмыс» — «Шахтер» «Гефест» — «Оқжетпес» «Ордабасы» — «Қайсар» «Локомотив» — «Қайрат» «Тарлан» — «Сұңқар» «Қызылжар» — «Ертіс»
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×