Футболдан Қазақстанның кезекті біріншілігі басталды. Еліміздің жеті қаласында премьер-лиганың алғашқы тур ойындары өтті. Жеті кездесуде бірде-бір тең нәтиже тіркелмеді. Ең ірі жеңіс Қостанайдағы бәсекеде хаттамаға жазылып, сол ойынның қорытындысы бойынша жергілікті «Тобыл» турнир кестесінің 1-сатысына жайғасты. Қостанайлық ұжым алғашқы турда Алматының «Қайратын» қабылдаған еді. жаңа маусымға үлкен сеніммен аяқ басқан алматылық футболшылар «тобылдың» күшті тегеурініне төтеп бере алмады. Алаң иелері 34-минутта Бауыржан Жолшиевтің көмегімен есеп ашты. Екінші тайм бастала сала-ақ «Тобыл» нәтижені еселеді. Былтыр ғана «Қайраттың» намысын қорғаған ардегер футболшы Константин Головской пенальтиден мергендік танытты. Арада алты минуттай өткенде «Тобылдың» тағы бір жаңа ойыншысы, бразилиялық легионер Де Соузаның соққысы «Қайрат» қақпашысы Андрей Шабановты қапы қалдырды. Ойынның нүктесін 62-минутта Бауыржан Жолшиев қойып, есеп 4:0-ге жетті. Қаскелең қаласының «Сұңқар» командасы өткен жылғы ел біріншілігінің күміс жүлдегері Талдықорғанның «Жетісуын» жалқы доп айырмасымен ұтып кетті. Алматыдағы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің стадионында өткен бәсекеде есеп 51- минутта ашылды. Тарихи голды қорғаушы Ілияс Әмірсейітов енгізді. Кездесудің 40-минутында «Сұңқардың» шабуылшысы Әлібек Бөлешев пенальтиден мүлт кеткен болатын. Кереку өңірінде «Ертіс» пен өткен маусымның жеңімпазы Қарағандының «Шахтеры» бәсекеге түсті. Жергілікті жанкүйерді дүр сілкінткен гол ойынның 6-минутында соғылды. Оның авторы - Сергей Струков. «Атырау» командасы биылғы біріншіліктегі алғашқы ойынын оралда өткізуге мәжбүр болды. «Ақжайық» стадионында «мұнайшылар» Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдады. Алғашқы голды «Атыраудың» украиналық легионері Тарас Данилюк соқты. Екінші таймның соңына таман тағы бір шетелдік ойыншы, исландиялық Ханнес Сигурдссон есеп айырмасын ұлғайтты. Екінші таймда қонақтар таразы басын теңестіре алды. Алдымен Андрей Карпович, артынша Дәуренбек Тәжімбетов мергендіктерімен танылды. Ал кездесудің 83-минутында шымкенттіктер үшінші голдарын енгізіп, жеңісті жұлып алды. Бұл жолы Владимир Джиластың соққысы «Атырау» қақпашысын сан соқтырды. Еліміздің төрт дүркін чемпионы «Ақтөбе» алғашқы турдың ойынын Қызылордада өткізді. Бәсекенің 41-минутында «Ақтөбенің» жаңа ойыншысы, чехиялық жартылай қорғаушы Лукаш Байер «Қайсар» қақпасын дәл көздеп, есеп ашты. 53-минутта Арунас Климавичус мергендік танытып, «Ақтөбенің» басымдығын арттырды. Көкшетауда «Оқжетпес» Оралдың «Ақжайығынан» 0:3 есебімен ұтылып қалды. Кездесудің 47-минутында төреші алаң иелерінің қақпасына пенальти белгіледі. Нүктеге беттеген Игорь Зенковичтің соққысы дәл шықты. Ойынның 75-минутында Николай Забродин «Оқжетпес» қақпасынан саңылау тауып, есеп айырмасын ұлғайтты. Матчтың соңына таман қонақтар үшінші голды енгізіп, жергілікті жанкүйерлердің үмітін біржолата үзді. Бұл жолы да Игорь Зеньковичтің қанжығасы майланды. «Астана-Аренада» елордалық футболшылар Тараздан келген қарсыластарымен шеберлік байқасты. Ойынның 62-минутында Иван Перич есеп ашты. Төреші белгілеген қосымша уақытта қонақтар кезекті голдарын соғып, матчтың нүктесін қойды. Қорғаушылардың қателігін пайдаланып, Небойша Пртенияк Эрич қорғаған қақпаны дәл көздеді. Бірінші турдың қорытындысы бойынша, «Тобыл» 1-сатыға көтерілсе, «Ақжайық» пен «Ақтөбе» тиісінше 2 және 3-орындарға жайғасты.
Шалқар ЕСТЕНБіздің серіктес: FONBET