Біріншілік сенсациялармен басталды

13.03.2012, 19:08
Біріншілік сенсациялармен басталды
Көзді ашып-жұмғанша футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті чемпионаты да басталып кетті. Бір айта кетерлігі, биылғы чемпионат жылдағыдан өзгеше қызықты әрі тартысты болатын сияқты. Олай дейтініміз, бірінші турдың өзінде көптеген күтпеген нәтижелер тіркелді.  Мәселен, «Оқжетпес» өз жерінде Оралдың «Ақжайығынан» оңбай ұтылады деп ешкім ойлаған жоқ. Өткен жылы бірінші лигада бұл екі ұжым өзара екі кездесу өткізгенде алғашқысында көкшеліктер 2:1 есебімен жеңіп, екіншісінде оралдықтар 3:0 есебімен ойсырата жеңген. Бұл жолы да солай болды. Бірінші тайм тең жағдайда өтіп, екінші таймда қонақтар алаң иелерінің қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Бұл матчтың нәтижесі туралы «сырт көз сыншы ғой» деп, «Жетісу» клубы бас бапкерінің пікірін білгенбіз. – Көктемнің басында кез келген нәтиженің куәсі болуымыз ғажап емес. Оның үстіне, Көкшетаудағы стадионның алаңы быт-шыт. Ол жақта күн де суық. Алаң батпаққа шыланып жатқан шығар. Сондықтан мұндай алаңдағы ойын қандай есеппен аяқталса да таңғалуға болмайды, – деп Серік Әбдуәлиев өз пікірін білдірген болатын.  Шынымен де, екінші тайм басталған бетте Көкшетауда қар аралас жаңбыр жауып, алаңда доппен жүгіру тіптен қиынға соқты. Табиғаттың мұндай құбылысына «Ақжайық» тез бейімделе алды.  Айтпақшы, сол Әбдуәлиевтің де командасы күтпеген жерден ұтылып қалды. Алматыда премьер-лиганың дебютанты Қаскелеңнің «Сұңқарымен» кездескен «Жетісу» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Ал егер Әлібек Бөлешев пенальти соғуда мүлт кетпегенде, есеп еселенер еді. Дегенмен Серік Әбдуәлиев бұл ойынды «көктемгі футболдың» нәтижесі деп бағалап, маусымның бұл кезеңінде кез келген күтпеген нәтижелердің тіркелуі мүмкін екендігін жасырмады. – Маусымның басы болғандықтан, жылдың бұл уақытында командалардың барлығы бір-бірімен деңгейлес болады. Қайсысының мықты, қайсысының әлсіз екенін анықтау мүмкін емес. Ал олардың нағыз әлеуеттері бес турдан кейін белгілі бола бастайды, – деді «Жетісудың» бас бапкері.  Сол сияқты елордамызда да күтпеген нәтиже тіркелді. Біріншіліктің бас жүлдесінен бірден-бір үміткер саналатын «Астана» өз алаңында «Тараздан» жеңіліп, өз жанкүйерлерінің алдында ұятқа қалды. Дегенмен шынын айтқанда, ойын «Астана-Аренада» өткенімен, Любко Петрович шәкірттері емес, Олег Протасовтың жігіттері өздерін қонақта жүргендей сезінгендері рас. Олай дейтініміз, стадионда «Тараздың» жанкүйерлері көп болып, қонақтардың жеңісіне сәл де болса өз үлестерін қосқандай болды.  – Біздің мақсатымыз – үлгілі ойын өрнегін көрсетіп, көрермендерді қайтадан стадионға тарту. Осындай ойындар арқылы ғана біз жанкүйерлерімізді көбейте аламыз, – деп матч соңында «Тараз» бапкері Любко Петрович ағынан жарылды.  «Астана» жайлы айта кетейік, бүгінде бұл клубтың намысын ұлттық құрамамыздың сегіз, жастар құрамасының төрт ойыншысы қорғайды. «Таразбен» болған ойында солардың сегізі алаңға шықты. Алайда бұл туралы Олег Протасов: «Менің мақсатым – ұлттық құрамаға ойыншы дайындау емес, сол ойыншылар арқылы «Астананы» ел чемпионы атандыру», – деп бірден кесіп айтты.  Бәрінен де «Қайраттың» ойсырай жеңілуін күтпеген едік. Мейлі, матч сырт алаңында өтсін, мейлі команда бабында болмасын, мейлі құрамындағы жігіттердің көбісі жастар болсын, бәрібір де қазақтың аңыз командасына баланатын «Қайрат» мұндай есеппен масқара болып ұтылмауы тиіс еді. Оның үстіне, былтыр тек жоғары тараптың араласуының нәтижесінде ғана премьер-лигадағы орнын сақтап қалған «Қайраттан» биыл футболсүйер қауым керемет ойын өрнегін күткен. Команданың биылғы таныстырылу кешінде бас бапкері Дмитрий Огай:  – Команда сапында дарынды жастар көп, солардың қабілеттерін жүзеге асыруымыз керек. Ең бастысы, ұжымдық ойын үлгісін қалыптастырып, соны жетілдіре білуде, – деп жаңа маусымға үмітпен қарайтынын білдірген болатын. Алайда «Қайратта» әлі ұжымдық ойын үлгісі қалыптаспаған секілді. Қостанайда өткен ойын толығымен «Тобылдың» басымдығымен өтіп, доп қонақтардың айып алаңынан шықпай қойды. Иә, «Қайрат» биылғы маусымды осындай масқарамен бастады. Дегенмен мұны кездейсоқтыққа балайық. Әйтпесе маусым соңында алматылық команданың бірінші лигаға қайта түсіп қалуын ойлаудың өзі қорқынышты.  Өзге ойындарға көшсек. Бірінші турдың ең тартысты ойыны Атырауда өтті. Бірінші таймның қорытындысы бойынша 0:2 есебімен ұтылып жатқан «Ордабасы» екінші таймда алаң иелерінің қақпасына үш гол соғып, жеңісті «атыраулықтардың» қолынан жұлып әкетті. Дегенмен «Ордабасы» Атыраудан көңілсіз қайтты. 68-минутта алаңға шығып, 83-минутта баспен жеңіс голын соққан шымкенттіктердің серб шабуылшысы Владимир Джилас 86-минутта өте ауыр жарақат алып қалды. Тіпті көзбен көргендердің айтуынша, қарсылас ойыншысымен баспен соғысқан Джиласқа алғашқыда «миы шайқалған» деген диагноз қойыпты. Дегенмен «Ордабасының» баспасөз қызметі шабуылшының өзге футболшылармен бірге келесі турға дайындалып жүргеніне сендірді.  Ал «Ақтөбе» байырғы әдеті бойынша біріншілікті жеңіспен бастады. Соңғы рет «Ақтөбе» маусымды 2007 жылы жеңіспен бастай алмаған екен. Сол жылы түзде Қызылорданың «Қайсарымен» кездескен еліміздің төрт дүркін чемпионы алаң иелерімен 0:0 есебімен тарқасыпты. Ал бұл жолы Владимир Мұқанов шәкірттері жеңіске жетті. Дегенмен «Қайсар» да оңайлықпен берілген жоқ. Егер «Ақтөбе» жігіттерінің жеке шеберліктері болмағанда бұл ойын  да тең аяқталар еді.  Сондай-ақ Керекуде жергілікті «Ертіс» өз алаңында ел чемпионы Қарағандының «Шахтерін» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Шамасы, суперкубоктегі жеңілісі «Шахтер» футболшыларының психологиясына кері әсер етсе керек, ойынның басында-ақ қақпаларына гол жіберіп алып, матч соңына дейін есепті теңестіре алмай дал болды. 1-турдың нәтижелері: «Астана» – «Тараз» – 0:2  Голдар: Перич, 64. Пртенияк, 90+. «Сұңқар» (Қаскелең) – «Жетісу» (Талдықорған) – 1:0  Гол: Ілияс Әмірсейітов, 51. «Қайсар» (Қызылорда) – «Ақтөбе» – 0:2  Голдар: Байер, 40. Климявичус, 53. «Атырау» – «Ордабасы» (Шымкент) – 2:3  Голдар: Данилюк, 21. Сигурдссон, 45 – Карпович, 51. Тәжімбетов, 71. Джилас, 87. «Оқжетпес» (Көкшетау) – «Ақжайық» (Орал) – 0:3  Голдар: Зенькович, 46-пен. Забродин, 77. Зенькович, 90. «Ертіс» (Кереку) – «Шахтер» (Қарағанды) – 1:0  Гол: Струков, 5. «Тобыл» (Қостанай) – «Қайрат» (Алматы) – 4:0  Голдар: Жолшиев, 34. Головской, 50. Де Соуза, 57-пен. Жолшиев, 64. Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×