Биыл Әлемнің ең үздік ойыншысына берілетін "Алтын доп" сыйлығын иеленетін футболшының есімі белгілі болды. Бұл туралы Испанияның әйгілі спорт газеті "Marca" мақала жариялады. Инсайдтық ақпаратқа сүйенген басылым Бразилияның сайыпқыраны, "Реал" Мадридтің шабуылшысы Винисиус Джуниор үздіктер тізіміне енген 50 ала доп шеберінің ішінен қара үзіп, топ жарады депті.
Өткен 2023/24 маусымында Винни “Реал” Мадридпен Кәрі Құрлықтың басты бәсекесі Чемпиондар лигасының Кубогын жеңіп алып, аталмыш турнирдің ең үздік ойыншысы атанды. Сондай-ақ, УЕФА және Испанияның Суперкубогын иеленіп, Ла Лига біріншілігінде топжарды. Жалпы Корольдік клубтың толайым жетістігіне орасан зор үлесін қосты. Тек қана, Бразилия құрамасымен мардымды нәтиже көрсете алмады. Дегенмен, допты ұршықша иіріп, қорғаушылардың қорқынышты түсіне айналған Виннисиус “Алтын допқа” лайықты бірден-бір футболшы екеніне күмән жоқ. Биыл Әлемнің үздік ойыншысын анықтайтын салтанатты кеш 28 қазанда Парижде өтеді. Және бразилиялық аяқдопшыға ұйымдастырушылар жеңіске жететінін алдын ала хабарлап қойған дейді "Marca". 24 жасар “Реал” шабуылшысының “Алтын доп” алатынын естіп, Nike компаниясы Винисиус Джуниорға арнайылап алтын түстес бутсы тігіп жатқан көрінеді. Тойдың болғанынан, боладысы қызық демекші испандық басылымның бұл инсайды қаншалықты шындыққа жанасатыны бір айдан кейін белгілі болады. Жалпы футбол сарапшылары “Алтын доп” үшін негізгі тартыс испандық Родри, ағылшындық Джуд Беллингем және бразилиялық Винисиус арасында өрбиді деп болжаған. Бұл атақты “France Football” журналы 1956 жылдан бері ұйымдастырып келеді.
Айта кетейік, биылғы әлемнің үздік футболшыларының тізіміне 20 жылдан бері алғаш рет Лионел Месси мен Криштиану Роналду енген жоқ. Яғни, жаһан футболында жаңа дәуір басталмақ.
Біздің серіктес: FONBET