Асхат Балтабеков "Жетісу" - "Ақтөбе" матчының үздік футболшысына берілген марапатымен
СОНЫМЕН, бұл сұқбаттан оқитындарыңыз:
- «Жетісудың» «бешеный» настройы жайлы
- Серікжан Мужиковтың көшбасшылық қасиеттері
- Қайрат Нұрдәулетовтің мотиваторлығы туралы
- Талдықорғандық жанкүйерлердің ерекше қолдауы
- Абылайхан Жұмабектің «Ақтөбеге» қарсы дайындығы туралы
- Ең алдымен жеңіс құтты болсын, Асхат! Талдықорғандық жанкүйерлерге үлкен қуаныш сыйладыңыздар. ҚПЛ-дің көшін бастаған командаға қарсы ерекше дайындалған сияқтысыздар. Ойын енді - сұрапыл, мұндайда «бешенный» настрой деп жатушы еді...
- Көп рахмет, біз үшін келген, жиналған фанаттарды қуанта алдық деп ойлаймын. Иә, бұл ойынға тыңғылықты дайындық болған. Бапкерлік штаб қарсыластың мықты-әлсіз тұстарын жақсылап талдап берді. Сөйтіп, ойын соған сай құрылған еді. Ал біз бапкерлердің сол нұсқамасын орындап, "Ақтөбеден" айламызды асырдық. Жексенбі күні стадионда орнаған атмосфераға ерекше тоқталғым келеді. Мұндайда тек алға ұмтылады екенсің. Жанкүйерлерге - ерекше алғыс! Біз - фанаттардың қолдауынан күш алдық. Ойын сайын бізді қолдайтын жанкүйерлердің қарасы осылай көбейе түссе деген тілегім бар. «Жетісу» - ұпай ғана емес, фанаттары үшін де ойнайтын ұжым.
Маған бос қақпаға допты тоғыту ғана қалған. Байқаған болсаңыздар: мен үшін ол сәтте барлығын командаластарым жасап қойған болатын. Өзіме кез-келген доп маңызды. Ешқайсысын бөліп жаратын емес.
- Жалпыдан жалқыға өтсек, Асхат, командаластарыңыз сияқты, сіздің де көзіңізден бір отты байқадық. Биылғы маусымдағы бірінші добыңыз құтты болсын! Ол және жай гол емес, жеңісті доп. Оның үстіне басқа-басқа емес -«Ақтөбенің» қақпасына... Жалпы, бұл эпизод қалай болды? Мансабыңыздағы ең маңызды гол деп бағалауға болады ма? Ерекше қуандыңыз ғой, сізбен бірге біз де тойлап кеткіміз келді, шынын айтсақ.
- Құттықтауыңызға рахмет! Енді бұл гол жайлы айтар болсам... Маған бос қақпаға допты тоғыту ғана қалған. Байқаған болсаңыздар: мен үшін ол сәтте барлығын командаластарым жасап қойған болатын. Өзіме кез-келген доп маңызды. Ешқайсысын бөліп жаратын емес. Алдағы уақытта да «Жетісу» жанкүйерлерін өз өнеріммен, голдарыммен қуантсам деймін.
Жасыл алаң ғана емес, былайғы өмірде де одан үйренеріміз жетерлік. Біздегі жастар капитанға қарап бой түзейді. Серікжан: қай жағынан алып қарасаң да нағыз көшбасшы ғой.
- Серікжан Мужиков «Жетісуға» - 11 жылдан кейін қайтып оралды. Таудай тәжірибесі бар азамат. Қайрат Жұмабекұлы мен футболшылар бірден капитан етіп сайлапты. Серікжанның командаға оң ықпалын тигізіп жатқаны анық.
- Серікжан Мужиков - Талдықорған футболының аңызы. Қазақстандағы титулы ең көп футболшының бірі. Сондықтан, Серікжанның келуі сөзсіз, командаға оң әсер етуде. Оның тәжірибесі "Жетісу" үшін өте маңызды дегім келеді. Жасыл алаң ғана емес, былайғы өмірде де одан үйренеріміз жетерлік. Біздегі жастар капитанға қарап бой түзейді. Серікжан: қай жағынан алып қарасаң да нағыз көшбасшы ғой. «Атырауға» салған «сухой листын» көрдіңіздер... (күледі)
Әр кездесуге асқан жауапкершілікпен дайындалады. Қарсыласты жан-жақты зерттеп-зерделейді. Одан кейін тағы бір қоса кететін тұсы: матч алдында футболшыларға айтатын кеңесі, жігер беруі. Осыған ерекше көңіл бөледі, кәдімгідей дайындалады.
- Асхат, біраз бапкермен жұмыс істеп келесіз. Қазір соларға шағын сипаттама беріп көрсек немесе Қайрат Нұрдәулетовтің өзгелерден жаттықтырушы ретіндегі басты қасиеттері?
- Қайрат Жұмабекұлы - өз ісінің нағыз шебері. Өзінің ойын стилі бар, қолтаңбасы қалыптасқан маман десем, ешкім мені сөге қоймас. Әр кездесуге асқан жауапкершілікпен дайындалады. Қарсыласты жан-жақты зерттеп-зерделейді. Одан кейін тағы бір қоса кететін тұсы: матч алдында футболшыларға айтатын кеңесі, жігер беруі. Осыған ерекше көңіл бөледі, кәдімгідей дайындалады. Қысқасы, Қайрат Жұмабекұлындай бапкермен жұмыс істеген өзіме ерекше ұнады. В кайф дейді ғой.
- Жаңа маусым басталғалы бес ойын өткіздіңіздер. Бес түрлі командамен шеберлік байқасқандағы ерекшесі қайсысы болды сіз үшін? Командалық ойыны ма, мүмкін деңгейі жағынан немесе жекелеген футолшыларының шеберлігі ерекше байқалғаны бар ма?
- Бес ойын өткіздік қой. Бөліп-жарып айтатындай... Әрқайсысы өзінше мықты. Әр команданың өзіне ғана тән ойын стилі, манерасының барын, мен айтпасам да білесіздер. Сондықтан, «мынау анадан мықты, ал анау мынадан әлсіз көрінді» деген сияқты паралельдер жүргізу қисынсыз. Бізге тек өзіміздің ойынымыз, дайындығымыз маңызды. Матчтан-матчқа қамшы басып, ілгері жылжуымыз керек. Бізде тек сонда ғана маусым соңында ұялмайтындай нәтиже болады.
Алдымызда әлі талай кездесу күтіп тұр. Сондықтан, біздің қазір "Ақтөбені" ұттық екен, болды" деп масайрайтын жөніміз жоқ. Қайта керісінше, жаттығуды одан сайын күшейтіп, қарқынға қарқын қосу керек.
- Соңғы нәтижелерден кейін командадағы атмосфераны елестетудің өзі қандай... Жігіттердің көңіл-күйлері көтеріңкі шығар иә? Чемпионаттың әлі басы ғана дегендей, мұның психологиялық тұрғыда командаға кері әсері болып жүрмейді ме?
- Иә, әрине ондай бар. Турнирлік кестеде бірінші команданы ұтқан соң іштей өзіңе бір ризашылық сезімінің болатыны рас. «Жоқ десем» сізге де, өзіме де өтірік болады. Алайда, «Жетісу» бұл жетістігіне тоқмейілсімейді. Одан кейін әрине, қазір тек чемпионаттың басы. Алдымызда әлі талай кездесу күтіп тұр. Сондықтан, біздің қазір "Ақтөбені" ұттық екен, болды" деп масайрайтын жөніміз жоқ. Қайта керісінше, жаттығуды одан сайын күшейтіп, қарқынға қарқын қосу керек. Себебі, күш салар, әлі де болсын жетілдіре түсетін тұстарымыз аз емес.
- «Жетісуға» қазір жанкүйерлердің көптеп келе бастағаны қуантады. Бұл команданың жақсы нәтижелерінен кейінгі тенденция деп есептейміз. Бұл да команда үшін үлкен мотивация шығар, иә?
- Әрине, бізді қолдау үшін келетін жанкүйерлердің қатары артса, біз оған тек қуанамыз. Стадион лық толса, матчтан-матчқа фанаттардың қарасы көбейсе дейсің. Ал біздің міндет - соған сай дәрежеде ойнап, тәуір нәтиже көрсету. "Жетісудың" ойынын тамашалап, қолдайтын жанкүйер көңілінен шығу біз үшін ең қымбат дүние. Осыған жету үшін тырысамыз.
- Жанкүйерлер түсінікті, ал клуб басшылығы қалай? Соңғы жағдайлардан кейін бір өзгерістер бар ма? Турнирлік тұрғыдағы мақсат-міндеттер сол бұрынғысынша ма қала бере ме дегеніміз ғой (үздік алтылыққа ену, редакция).
- Біздікі, футболшылардікі: әрбір ойынға тыңғылықты дайындалып, бапкер тапсырмасын, нұсқамасын орындап шығу. Ал одан кейінгісін өз кезінде көре жатармыз.
- Абылайхан Жұмабектің өзінен сұрай алмадық. Шабуылшының «настройы» қалай болды? Қалай дегенмен де, жексенбіде өзінің бұрынғы командасына қарсы ойнады ғой?..
- Бұл сұрағыңызды Абылайдың өзіне қойғаныңыз дұрыс болар. Мен тек командадағы барлық футболшының матчқа ерекше көңіл-күймен шыққанын білемін.
Меніңше, Абылайхан – ҚПЛ-дегі жоғары деңгейлі шабуылшының бірі.
- Жақсы. Абылайханның келгеніне көп болған жоқ, десе де, аз-кем байқалатындай уақыт болды деп есептейміз. Команданың алғы шебінде бір өзгеріс бар ма, дәлірек айтсам: күшейді ме? Не десек те, Абылайхан - Ұлттық құрамаға шақырту алып жүрген футболшы емес пе?!
- Меніңше, Абылайхан – ҚПЛ-дегі жоғары деңгейлі шабуылшының бірі. Алда біздің командаға өзінің өнерімен, голдарымен көп көмегін тигізеді деп үміттенемін. Абылайға, тек сәттілік тілеймін.
- Жақсы, Асхат, көп рахмет, өзіңізге де сәттілік серік болсын!
- Сізге де рахмет, Алға, Жетісу!