Өткен жұмада футболдан ел бiрiншiлiгiнiң 29-тур ойындары өттi. Ең қызығы, алты қаладағы ойындардың бесеуiнде алаң иелерi жеңiске жеттi. Ендi ойын нәтижелерiне тоқталсақ.
Талдықорғандық “Жетiсу” өз алаңында “Ақтөбенi” 2:0 есебiмен ұтты. Сөйттi де, турнир кестесiндегi көшбасшылық тiзгiндi қайта қолына алды. Бұған дейiнгi ойындарда ұпай иелене алмай шерменде күйге түсiп, нәтижесiнде “Шахтер” топ басында тұру үшiн тiстескен. Содан қауiптендi ме, талдықорғандықтар ойын басталысымен-ақ шабуылды үдеттi. Ойынның 13-минутында Остапенко гол соғып, жанкүйерлерiн желпiнтiп тастады. Смақов бастаған ақтөбелiктер қанша жерден шабуылдағанымен, “Жетiсу” қақпасын дәл көздей алмай бiраз әурелендi. Қарсы жақтың қорғанысы әлсiрей бастағанын ұтымды пайдаланған Щеткин 84-минутта голды еселедi. Осыдан кейiн-ақ “Ақтөбе” футболшыларының жүйкесiне ши жүгiрдi. Жиi-жиi ойын ережесiн бұзып, алаңдағы бас қазы Гороховодацкий үнемi ысқырумен болды. Ақыры болмағасын негiзгi уақыт аяқталуға 3 минут қалғанда “Ақтөбенiң” ойыншысы Хайруллиндi алаңнан қуып тынды.
Қостанайда өткен “Тобыл” мен “Атырау” арасындағы тартыс та алаң иелерiнiң пайдасына шешiлдi. Ұзынтұра Гридин 28,38-минуттарда қос гол соққан. Артынша Данилюк 40-минутта, Нивалдо 58-минутта гол соғып, есептi теңестiрдi. Бiрақ “Тобылдың” “тасуы” алда екен. Костюк 86-минутта үшiншi голды соғып, жеңiстi жақындатқан. Төрешi қосқан қосымша уақытта Юрин 4-iншi голды соғып, командасына үш ұпай әкелдi.
“Ертiс” өз алаңында “Астананың” абыройына қараған жоқ. 3:1 есебiмен есеңгiрете жеңдi. 3-минутта Асанбаев есеп ашып, “Ертiс” алға шықты. Атынша Данаев 66-минутта екiншi голды тоғытты. Эричтiң қақпасына үшiншi голды Мальцев соқты. Елордалықтар барын салып жанықса да, есеп айырмасын қысқарта алмады. 86-минутта Чернышев өз қақпасына гол соғып, қарсыластарына “сый” жасады. “Астана” шабуылшылары бұдан кейiн түк те өндiре алмады.
Көш соңындағы “Восток” өз алаңында “Таразды” жеңдi. Өскемендегi ойында есеп автоголмен ашылды. Габышевтiң 62-минутта өз қақпасына енгiзген голынан кейiн өскемендiктер алға лап қойды. Нәтижесiнде Буряк 77-минутта есептi теңестiрдi. Згура (90+1-минутта) екiншi голды тоғытты.
Шымкентте өткен “Ордабасы” мен “Шахтер” арасындағы ойында есеп ашылған жоқ. Бұл нәтиже топ басындағы “Жетiсу” үшiн жақсы болды. Олар қайтадан турнир кестесiнiң басына орнықты.
“Қайрат” Алматыда қызылордалық “Қайсарды” 2:0 есебiмен еңсердi. Головской 29-минутта есеп ашты. Артынша сол Головской пенальтидi тебе алмады. Бiрақ алматылықтардың басымдығы екiншi таймда да аңғарылды. Сүймағамбетовтiң 58-минутта соққан голынан кейiн қызылордалықтар қарымта қайтара алмады.
Мергендер:
1.Ұлықбек Бақаев
“Жетiсу”
–18 (3),
2.Сергей Хижниченко “Шахтер”
– 14,
3.Драган Богавац
“Ақтөбе”
– 11 (3).