Болжам. Месси - «Бавария»

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
14.08.2020, 18:26
Бүгін түнде Лионель Месси «Баварияға» қарсы ойнайды.
Болжам. Месси - «Бавария»

Чемпиондар лигасының ширек финалдық бұл матчы өте тартысты болайын деп тұр. Кейбіреулер оны финалға дейінгі финал деп атап жүр. Ойын алдындағы баспасөз мәслихатында Ханс Дитер Флик былай деді:

- "Барселонаның" басымдылығы Мессиде. Ондай футболшы жақын арада шыға қоймас. Ол ұлы ойыншы. Талантына талай көз жеткіздік. Біз оны персоналды түрде ұстай алмаймыз. Сондықтан да, қорғанған кезде командалық үлгімен ойнаймыз. Мессиге қысым көрсетіп жіберсек, ол көп нәрсе істей алмай қалады.

Сосын сөз алған Томас Мюллер былай деп көсілді:

- Екі команда да допты көп ұстайды. Бүгін допқа таласамыз. Біз доптан айырылсақ, бірден оны тартып алу үшін күш жұмсаймыз. Тіпті агрессивті ойын көрсетуіміз де ғажап емес. "Барселона" жеке таланттардың командасы емес, ұжым болып ойнайтын команда. Сондықтан, оларға қарсы біз де команда болып шығамыз.

Ал "Барселона" бас бапкері Кике Сетьен болса:

- Бәрі Месси жайлы сұрастырып жатыр. Иә, расымен де ол біздің командамыздың басты ойыншысы. Бірақ, "Бавария" сапындағы Левондовский де жақсы шабуылшы. Ол биыл 13 гол салды. Оған әріптестері гол салуға тамаша мүмкіндіктер жасап береді. "Наполиге" қарсы ойында Лео өзін толықтай көрсетті. Ол қазір бабында. Ал "Бавария" шабуылы жағынан бізге қарағанда мықты. Сондықтан амал жоқ, қорғанамыз. Сосын Осман Дембеленің ойыншылар тізіміне енгеніне қуаныштымын. Ол біршама минут алаңға шыға алатынға ұқсайды.

"Барселона" мен "Бавария" Чемпиондар лигасын 5 реттен жеңген. "Бавария" соңғы 7 ойынның 7-еуінде жеңген. Әрі 27 гол салған. Франк Рибери мен Арьен Роббен кеткелі бері "Бавария" қапталмен ойнауды еш тоқтатқан емес. Қазір қос қапталдағы қорғаушы ғаламат ойнап жатыр. Неміс командасының басты ерекшелігі де сол. Жылдам шабуыл, қарқынды прессинг, допқа ұзақ иелік ету.

"Барселонаның" ойын мәнері де осыған келіңкірейді. Бірақ, доп тартып алу деген өте аз. Бұл матчқа Бускетс пен Артуро Видаль шыға алады. Бәлкім допты да тартып ала жатар. Видаль кезінде "Бварияда" ойнаған.

Айтпақшы бұл екі клуб ширек финалға 18 рет шығып отыр. Екеуі үш рет бір-біріне түсіп қалған екен. Екеуінің қайсысы жеңіп өтсе, сол команда жарысты жеңіп отырған.

Соңғы рет екі клуб 2014/15 жылы кездесіпті. Жартылай финалдық кездесуде Мессидің командасы жалпы есеп бойынша 5-2 жеңіпті.

"Барселона" Чемпиондар лигасындағы соңғы 31 ойында 2 рет жеңіліпті. Көптеген статистикалық мәлімет бойынша каталониялықтар мюнхендіктерден жеңіліп тұр.

Матч Эштадиу ду Бенфика стадионында өтеді, кездесу төрешісі Дамир Скомина.

Болжам: Тұрақтылығынан айырылған "Барселона" "Баварияға" қарсы матчта қиналып қалары анық. Нойер қорғаған қақпаға Месси айып добы немесе пенальтиден гол салуы мүмкін. Өзінің де жеке шеберлігі жетіп артылады. Дегенмен жалғыз ойыншының алаңда шаңы шыға қоймас. "Бавария" сатырлатып жүріп өтуі мүмкін. Ешкімді аяйын деп тұрған жоқ. "Бавария" келесі кезеңге өтеді (1,57 коэф) деген болжам айтқымыз келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×