Екі "Боруссияның" арасындағы матч дортмундықтардың пайдасына аяқталды.
Бундеслиганың бірінші турының алғашқы ойынында "Бавария" "Гамбургті" 5:0 есебімен ойсыратқан еді. Тухель баптайтын жігіттер де мюнхендіктерден қалыс қалмай, өз алаңында Менхенгладбахтан келген қонақтарды оңдырмады.
Матчтағы 4 голдың 3-еуі бірінші таймда соғылып қойған еді. Марко Ройс 15-ші минутта есеп ашса, 6 минуттан кейін Обамеянг баспен соққы бағыттап Зоммерге мүмкіндік қалдырмады. 33-минутта Мхитарян, сол габондық шабуылшының бос қақпаға шығарып берген пасынан кейін есепті іріледі. Ал, екінші тайм басталысымен армениялық футболшы атына дубль жазып матч нүктесін қойды.
Осылайша жаңа бапкердің баптауымен болған алғашқы ресми ойында "аралар" ірі жеңіске жетті. Ал, менхенгладбахтарды Бундеслигадағы ойындармен қатар, алда Чемпиондар Лигасы күтіп тұрғанын ескерсек жағдай қиын болайын деп тұр. Себебі, жазда белді футболшыларын сатқан клуб басшылығы, олардың орнын жоқтатпайтын ойыншылар алған жоқ.
«Боруссия Д» – «Боруссия М» 4:0 (3:0)
Голдар: Ройс, 15 (1:0); Обамеянг, 21 (2:0); Мхитарян, 33 (3:0); Мхитарян, 50 (4:0).