Бразилияда оқып жүр, қанша қазақ баласы?

27.12.2010, 18:59
Бразилияда оқып жүр, қанша қазақ баласы?

немесе ондағы оқуын тоқтатқан 8 қазақ баласы туралы

Ала доптың аңызына айналған Пеленiң елiнен теңбiл допты аяғында ұршықша үйiрсiн деп мемлекет қоржынынан 83 млн. теңге бөлiп,  26 баланы барша қазақтың болашағы деп шығарып салған едiк. Құдай нәсiп етсе, ендi бiр бес жылдан кейiн сол жиырма алты өреннiң өнерiн алаш жұрты жасыл алаңнан масаттанып отырып көредi десек, артық айтпаған болар едiк. Бiз үкiлеген үмiт солар, қазақ футболының болашағы да сол жиырма алтының iшiнен шығуы тиiс. Әсiлiнде, әлемде футбол мектебi жақсы қалыптасқан бiрнеше ел бар. Сонау Бразилияға мұхит аспай-ақ, Голландия елiнiң мамандарынан тәлiм алсақ та жетiп жатыр. Бiрақ, басшылар бағыт сiлтеген соң, амал жоқ латын Америкасына бала жiберуге тура келдi.  Жалпы, бұл бастама мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2007 жылы қыркүйек айында Бразилияға жасаған сапарында сол елдiң президентi Луис Инасио Лула да Силвамен кездесу барысында болған ең нәтижелi келiссөз болғаны жасырын емес. Қазақ қашан да жасыл алаңды жатырқамайтын, көпшiлiк алдын еркiн көсiлетiн талантты аяқдопшыларға қыжалат. Алайда, осы мұхит асқан жасөспiрiмдерге байланысты ұзын сонар әңгiме көп. «Оле Бразил» футбол академиясында тәлiм алып жүрген жас жеткiншектерiмiздiң нақты саны қанша? Ұлттық құраманың ресми кездесулерiнде 23-24 футболшының өнер көрсететiнiн ескерер болсақ, 26 деген нағыз бiзге керек сан. «Оле Бразил» футбол академиясына аттанған 26 жас футболшының арасында «доп деген домалақ болады екен ғой» дегендер де болған-мыс. Тiптi, iрiктеуде болмаған балалар да сол тобырдың арасында кете барған көрiнедi. Бұл шикiлiктi аталмыш жас футболшыларымыздың аралық үзiлiс алып, демалысқа келген кезiнде бiлдiк. Футбол өнерiнiң қыр-сырына қанық бразилиялықтар 26 баланың iшiнен футболға жарамсыз деп 8 баланы аластатуды ұсынды. Бақсақ, бiздiң болашағымыз деп жүрген бразилиядағы футболшыларымыздың сегiзi бiрдей бұл спорт түрiне қабiлетi жеткiлiксiз болып шықты. Қоспасыз айтар болсақ, олардың табиғаты футболға мүлдем сай келмейдi екен. Осылайша, латын американдықтар сол олқылықтың орнын толтыру үшiн аталмыш сегiз баланың орнын басатын балаларды iрiктеуден өздерi өткiздi. «Аузы күйген үрлеп iшер» дегендей, қабiлетi қарымды балаларды таңдауға отандық мамандарды араластырған жоқ. Сонда деймiз-ау, қазақ футболына отандық басшылардың емес, шалғайдағы бразилиялықтардың жаны ашығандығы ма бұл?! Қазақстан футбол федерациясы Ұлттық құрамалар департаментiнiң директоры Виктор Катковтың айтуынша, Бразилияның «Оле Бразил» футбол академиясында тәлiм алып жүрген 26 баланы iрiктеу кезiнде ешқандай сыбайластыққа жол берiлмегендiгiн, жастардың қабiлетiн әдiл таразылағанын айтқан едi. Алматыда iрiктеуден өткен 83 баланың барлығы атақты футболшы, ҚР футбол федерациясының вице-президентi Сейiлдә Байшақовтың көз алдында iрiктеуден өткендiгiн айтады. Сейiлдә БАЙШАҚОВ, ҚР футбол федерациясының вице-президентi: Iрiктеудiң бiрiншi сатысында ғана болдым – Негiзi, болашақ футболшыларды тәрбиелеу үшiн 13 жастың тым кеш екендiгiн жақсы бiлемiз. Алайда, бiздер алыстағы Бразилияға 7 жастағы баланы жiбере алмаймыз. Сондықтан, «Оле Бразил» футбол академиясына тек 94-жылғы жас жеткiншектердi жiберудi жөн көрдiк. Ал, iрiктеуге келер болсақ, мен тек бiрiншi сатысында ғана болдым. 100-ге жуық балалардың аяқ алысы көңiл көншiтерлiктей едi. Менiңше, бразилиялықтартың көңiлiнен шықпаған аталған 8 баланың табиғаты бәз бiреулер айтқандай футболға мүлдем жат деуге келмейдi. Олар тек жаттығу жұмыстарына шыдай алмаған, қиындыққа төтеп бере алмаған. Мәселе осында. Әуелбек СЕРIКОВ, Бразилиядағы оқушылардың жаттықтырушы-мұғалiмi: «Оле Бразил» академиясының мақтанышына айналған қазақ балалары бар – Маған дейiн «Оле Бразил» футбол академиясында жаттығып жатқан қазақ балаларының жаттықтырушы-мұғалiмi Нұрбол Қошқарбаев болды. Ал, келер жылы онда кiм баратындығы әлi толықтай белгiсiз. Негiзi, ондағы жаттығу жұмыстары қазақ футболшыларының әлемдiк деңгейдегi кәсiби футболшы атануы үшiн үлкен мүмкiндiк жасамақ. Бiздiң де күткенiмiз осы емес пе?! Ал, сол сынақтан өтпей қалған 8 жасөспiрiмнiң де болашағы алда дегiм келедi. Өйткенi, ол жаққа аттанғандардың қатарында осал ешкiм болған жоқ. Қазiр Рауан Сариев және Берiк Шайхов сынды жартылай қорғаушыларымыз «Оле Бразил» футбол академиясының оқушыларынан жасақталған негiзгi құрамға iлiктi. Қазiр оқушыларымыз өз үйлерiнде демалу үстiнде. Алдағы жылдың наурыз айында оқуын жалғастыруға аттанады. P.S. Футболсыз қазақ спорты аяғын тең баса алмай отыр. 26 балаға төленген 83 млн. теңге де сол олқылықтың орнын толтыру үшiн жұмсалған қаржы. Алайда, шын талант уақыт желiсiмен өмiрге келедi дейтiн болсақ, қазақ футболының жарық жұлдызы болуға лайық аяқдоп шеберiнiң 94-жылғылардың ғана арасынан шығады деген сөз емес. Сол себептi, осындай тәжiрибелi мектептерге қазақ балаларын жыл сайын жiберiп отыру қажет-ақ. Әзiрге Бразилиядағы оқуын тоқтатқан 8 бала мұндағы мектеп бағдарламасынан бiраз шеттетiлiп қалды. Алайда, Бразилиядағы оқыту жүйесiнiң бiздегiмен салыстырғанда анағұрлым ерекше емес екендiгiн барлығы да құптап отыр.

Жандос СМАЙЫЛ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×