
Қазақстан Премьер-лигасының 10-турындағы алғашқы күнінде көпшілік күтпеген нәтижелер тіркеліп, аутсайдерлер жеңісті тойлады. Бүгін де сол көрініс қайталана ма екен?
24 мамыр
«Қайрат» – «Оқжетпес» 1:2
Голдар: Жұмат, 15 минутта пенальти (0:1), Йованович, 22 минут (0:2), Сәтпаев, 57 минут (1:2)
Қатарынан екі мәрте жеңілген алматылық клуб осы ойында «Оқжетпесті» жеңіп, қайта жағдайын түзеп алады деген ой болған. Бірақ ысқырық естілісімен, қонақтардың бағы жанды. Жылдам ұйымдастырылған қарымта шабуылдар өз нәтижесін беріп, көкшетаулықтар 2 доп басымдығымен алға шықты. Екінші таймда алаң иелері жеңісті жұлып алуға тырысса да, тек Дастан Сәтпаев қана қорғаныстың өрескел қателігін ғана пайдаланды. Бірақ одан әрі есеп өзгермеді. Өткен маусымда Бірінші лига аясында сырт алаңда сәтсіз доп тебетін «Оқжетпес» биыл мүлдем өзгеріп кетті... Дәл осы кездесуден кейін «Қайрат» тізгінін Қайрат Нұрдаулетов ұстауы мүмкін деген ақпарат шықты. Бұл шын ба әлде қауесет пе екен? Барлығын уақыт көрсетеді.
«Ордабасы» – «Ұлытау» 0:1
Гол: Молдақараев с пенальти 45+2 (0:1)
Шымкенттік футболшылар алаңға шықпай тұрып, өз жеңістеріне қатты сеніп қойған секілді. Керісінше қонақтар ұпайдан үміттері аз болса да, қолда бар мүмкіндіктерін жібермеуге талпынып, басым бөлігін қорғаныста өткізді. 68% доп иеленіп, 12 соққы жасаса да, алаң иелері жеңіс тұрмақ, тең есепке зар болып қалды. Жезқазғандықтар небәрі 10-турда бірінші рет жеңістің дәмін татты.
«Астана» – «Жеңіс» 4:2
Голдар: Зураб Тевзадзе , 4 минут (0:1), Бранимир Калайца, 14 минут (1:1), Адильо, 31 минут (1:2), Бейсебеков, 76 минут (2:2), Кәрімов, 88 минут (3:2), Астанов, 90 минут (4:2),
Кешегі күннің соңғы ойынында да «Жеңіс» жылдам есеп ашты. Бірақ номинальді қонақтар бірінші таймда бәрібір 1:2 есебімен басым болды. Үзіліс кезінде Григорий Бабаянның нұсқаулары мен ойыншыны дәл алмастыруы өз жемісін берді. Өйткені екінші таймда шыққан 3 футболшы «Астанаға» жеңіс сыйлады. Чемпиондыққа басты үміткердің мінез танытуы ғана кезекті сенсациядан аман сақтады.
25 мамыр
«Жетісу» – «Ақтөбе»
Уақыты: 16:00
Бүгінгі матч та айқын фавориттің ойынымен басталады. Топ басындағы «Ақтөбенің» қара үзіп кетуіне жақсы жағдай туындап тұр. Енді жіті дайындалып, барын салуы керек. Шабуыл шебіндегі әлсіздік, жеңіске әлі жетпеу сынды үлкен мәселелер болса да, «Жетісу» алғашқы 3 ұпайын алуға қауқары жете ме екен?
«Қызылжар» – «Елімай»
Уақыты: 18:00
Терезесі тең қарсыластардың арасынан «Елімай» кішігірім фаворит. Себебі, құрамы мықты және жүлдеге үміткер команда. Бұл ойында жеңімпаз тағдыры бір доппен анықталуы әбден мүмкін. Кімнің бағы жанар екен?
«Атырау» – «Қайсар»
Уақыты: 18:00
Аутсайдерлердің теке-тіресі шабуылдар мен голдарға көп болады. 9 жеңіліс сериясын тоқтатқан «Атырау» енді қайта жеңістің дәмін сезе ме екен? Қуаныш Қабдоловтың шәкірттері сонау 1 наурызда ғана «Елімайды» тізе бүктірген еді. Енді тағы 3 ұпай алуға жақсы мүмкіндік. Қызылордалықтардың әзірше сырт алаңдағы барлық матчтарында жолы болмай жүр.
«Тұран» – «Тобыл»
Уақыты: 20:00
Қостанайлықтардың фаворит екендігі сөзсіз. Бір қызығы, «Тобыл» соңғы ойынын 11 күн бұрын дәл осы Түркістанда «Тұранмен» жолығып, Қазақстан кубогының жартылай жолдамасын қалтаға басып еді. Ал өткен аптада «Ордабасының» ұша алмауынан тур ойыны өтпеді. Екі апталық үзіліс футболшылардың физикалық қалпына кесірін тигізбеді ме екен? Бәлкім, жолы болмай жүрген «Тұран» да кішігірім сенсация жасауға тырысар.
Біздің серіктес: FONBET