«Челси» Чемпиондар Лигасының финалына шықты

06.05.2021, 08:33
Н'Голо Канте қарымта кездесуде де матчтың үздік ойыншысы атанды.
«Челси» Чемпиондар Лигасының финалына шықты

Чемпиондар Лигасының жартылай финалындағы екінші ойында "Челси" командасы "Реал Мадридтен" басым түсті. Кездесу Лондондағы (Англия) "Стэмфорд Бридж" стадионында өтіп, 2:0 есебімен аяқталды.

Матчтың 28-минутында "Челсидің" шабуылшысы Тимо Вернер есеп ашты. Қақпашымен жеке-дара шыққан Кай Хаверцтің жасаған құйтырқы соққысы қақпа маңдайшасынан кері серпілді, ал Тимо бұл допты ашық қақпаға дәл бағыттады. Екінші голды 85-минутта Мэйсон Маунт соқты. Н'Голо Канте допты тартып алып, Кристиан Пулишичке пас берді. Ол Тибо Куртуаны өзіне тартып допты Маунтқа ұзатты. Ал англиялық футболшы ашық қақпаға еш қиындықсыз гол соқты. Екі голға да үлкен үлес қосқан Н'Голо Канте матчтың үздік ойыншысы атанды.

Айта кетейік, бұл кездесуде Даниэле Орсато бастаған Италиядан келген төрешілер тобы қызмет етті.

Чемпиондар Лигасының жартылай финалындағы алғашқы кездесу 27 сәуірде Мадрид (Испания) қаласындағы "Альфредо Ди Стефано" стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталған болатын. Лондондық клуб аталмыш турнирдің финалына 2012 жылдан бері алғаш рет шығып отыр.

"Челси" Чемпиондар Лигасының финалында "Манчестер Ситимен" кездеседі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×