«ЧЕЛСИ» – МЮНХЕН ФИНАЛЫНДА!

25.04.2012, 22:43
«ЧЕЛСИ» – МЮНХЕН ФИНАЛЫНДА!
Футболдан Чемпиондар лигасының финалына ағылшынның «Челси» командасы шықты. Бұл лондондық команданың тарихындағы екінші финал болмақ. Каталониялықтар өз алаңында барлық істі өз пайдасына шеше алған жоқ.»Барселона» тіпті бірінші таймда ағылшындар қақпасына екі гол соғып үлгерген. Бірақ «Челси» ойынның екінші бөлігінде есепті теңестіріп үлгерді. Бұл нәтижені сенсацияға балаудың қажеті шамалы. «Челсидің» жеңісі заңды. Ал биылғы маусым, шыны керек, «Барселона» үшін сәтсіз. Не керек, маусым басында жұрт «Барселонаға» бүкіл кубокты ұстатып қойған. Бірақ биыл Пеп шәкіртері үшін барлығы керісінше аяқталды. Бәлкім, «Барсаның» бағы тайып бара жатқан болар… Ал «Челсиді» жаңа тізгіндеген Роберто Ди Маттео енді кубокты ұтсам дейді.   Тарихта Чемпиондар лигасын бір команда екі жыл қатарынан ұтпаған. «Барселона» сол тарихты жасауға үмітті еді. Бірақ тарих оған мүмкіндік бермеді…

Алып ғимараттарда құм астында қалады. Ханда тақтан құлайды. Мессиде мүсәпір күйге түседі. «Барселонада» жеңіледі. Бұл-өмір. Бұл-футбол.

Жер беті осы ойынды тағатсыздана күткен. Жанкүйерлерде барын салыпты. Стадионға қарасаң тілің байланады. Осының бәрі «Барсаның» жеңуі үшін. Осы үміт тек 43 минутқа дейін өз жемісін берді. Содан соң «Барселона» басынан бақ кетті. Бускетс пен Иниеста голына Рамирес пен Торрес жауап берді. Қысқа паспен-ақ Челси қорғанысын аламыз деген менсінбеушілік ой болды. Жеңіске әбден семірген команда алаңда өзі билік жүргізді. Допқа 75 % ие болған команда неден қате жіберді. Біріншіден, Челсиді менсінбей ойнады. Сол бұрынғы тактика. Қысқа пастар. Месси мен Санчестің шатпағына көне салатын «Челси» емес. Хуенка мен Санчес састыра алмады. Көпті көрген Лэмпард пен Дрогба Барсаны қалай ұтуды біледі. Екіншіден, гол қалай кіріп еді. Қарымта шабуылда. Лэмпард Рамиреске пас ұстатқан. Сосын Рамирес Валдес бойынан асыра салды. Бұл нені аңғартады? Қорғаныс шебінде кемшін тұс бар. Мүмкін Пуйол. Бәлкім Маскерано. Екеуі де шабуылға әуес. Тез қарымта шабуылға шыққанда өз позицияларын жауып үлгермейді. Үшіншіден, «Челси» 10 футболшымен матчты аяқтады. Қалай аяқтады? Финалға шықты. Сан басымдығын Блауграна неге пайдалана алмады? Мессидің пеналтиін қайда қоямыз? Месси неге мүсәпір күйге түсті? «Барса» психологиялық тұрғыдан әлсіз.

«БАРСЕЛОНА» – «ЧЕЛСИ» – 2:2 (2:1) Гол: Бускетс, 35 (1:0). Иньеста, 43 (2:0). Рамирес, 45 (2:1). Торрес, 90+1 (2:2). Пенальтиден мүлт кетті: Месси, 49 «Барселона»: Виктор Вальдес, Пуйоль, Маскерано, Пике (Даниэл Алвес, 26), Фабрегас (Кейта, 74), Хави, Бускетс, Иньеста, Куэнка (Тельо, 68), Месси, Алексис Санчес. «Челси» (Лондон): Чех, Иванович, Кэйхилл (Босингва, 11), Терри, Э.Коул, Раул Мейрелеш, Оби Микел, Лэмпард, Мата (Калу, 57), Рамирес, Дрогба (Торрес, 80). Ескерту: Оби Микел, 33. Рамирес, 45. Иньеста, 51. Чех, 59. Месси, 71. Лэмпард, 72. Раул Мейрелеш, 88. Қызыл қағаз: Терри, 37. Төреші: Джюнейт Чакыр (Түркия). Барселона. Стадион «Ноу Камп». 95 845 көрермен Бірінші матч – 0:1.
ЕЛДОС САЙЛАУ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×