Чемпиондар Лигасы. 5-ші тур

25.11.2014, 18:33
Чемпиондар Лигасы. 5-ші тур
Чемпиондар Лигасы 3 апталық үзлістен кейін, Еуропа жасыл алаңдарына қайта оралады. Бүгін 5-ші тур аясында бірқатар ойындар болып өтеді. Көбіне, осы 5-ші турда командалардың тағдыры шешіліп жатады. Кімнің көктемде плей-оффта ойнайтыны, кімнің Еуропа Лигасында, кімнің еурокубоктармен мүлде қош айтысатыны деген секілді. Сейсенбінің түнінде қандай қызықты матчтар күтіп тұрғанына көз жүгіртелік.  "Е" тобы Сейсенбі түнінің орталық матчы осы топта, Манчестерде өтетін болады. "Манчестер Сити"-"Бавария". "Бавария" жолдама тағдыры түгіл, бірінші орынның да мәселесін шешіп қойды. 4 ойын, 4 жеңіс. "Қалалықтар" 2 ұпаймен көш соңында. Егер де, Чемпиондар Лигасында плей-офттан үміт болса, міндетті түрде Гвардиоланың "Бавариясын" жеңуге тиіс. Бар мәселені шешіп қойған Гвардиола алаңға жартылай қосалқы құрамды шыңаруы да ғажап емес. Экспериментті сүйетін испандық бапкер Бундеслигада қосалқы құрамнан шыға алмай жүрген жігіттерді іс жүзінде тексеріп көруге тырысып көруі мүмкін. Ондай кезде, "Манчестер Ситиге" неге жеңбеске. Шегінерге жол жоқ. Команда, мәскеуліктерге жеңілісінен кейін масқара болып бітті. Оны жуып-шаюға жақсы мүмкіндік туып тұр. Егер Пеллегрини тағы да қорқақтық танытпаса. Топтың екінші ойыны Мәскеуде өтеді. "ЦСКА"-"Рома". Рома топтық турнирдің 1-ші турында "ЦСКА"-ны 5:1 есебімен талқандаса, екінші ойында қонақта "Манчестер Ситиге" қарсы ойында 1 ұпайды еншіледі. Жалпы топтық кезеңді жаөсы бастады. Кейін "қасқырлар" білгенінен жаңылып, Римнің төрінде мюнхендіктерге тапталды, қонақта, бар мүмкіндігінің 30 пайызын ғана қосып ойнаған сол "Бавариядан" тағы жеңілді. Ал, "ЦСКА" керісінше. Екі жеңілістен кейін, "қалалықтармен" Ресейде ұпай бөлісіп, кейін оларды Манчестерде жеңіп бірден плей-оффқа үміткер команда ретінде шыға келді. Бүгінгі ойында Слуцкий шәкірттері барын салары анық. Жеңіс ауадай қажет. Кедергі болатын жайт "ЦСКА" матчты жанкүйерлерсіз өткізеді. Ал, "Ромаға" тең нәтиже де жаман емес. Себебі, соңғы турда олар Римде "Манчестер Ситиді" қабылдайды. "F" тобы Бұл топты бәрі түсінікті. "Барса" мен "ПСЖ" плей-оффта. Әлі айқындалмағаны, бірінші орын мен Еуропа Лигасына жолдама мәселесі. Бүгін блауграна қонаққа "Апоэлға" барса, "ПСЖ"  Парижде "Аякспен" кездеседі. Бірінші орыннан үміт болса, екеуі де ұпай жоғалтпауы керек. Жоғалтпайтыны да анық секілді. Демек бірінші орын мен үшінші орын жайы соңғы тура шешілетін болады. "G" тобы  "Шальке"-"Челси". Ди Матео-"Челси". Естеріңізге сала кетсек, дәлі осы маманның баптауымен "ақсүйектер" Чемпиондар Лигасының алтынына қол жеткізген еді. Бүгінде, ол "Шалькенің" бас бапкері. Чемпиондар Лигасын жеңсе де, келесі маусымның басында, Жозеден басқа тірі жанға сенбейтін Роман Абрамович оны "Челсиден" қуып жібергені есімізде. Бұрынғы командасын жеңуі үшін жігіттерді әбден қайрайтыны түсінікті. Оның үстіне, алқымнан алып тұрған турнир кестесі тағы бар. Бундеслига не екенін әлі түсініп үлгермесе де, Чемпиондар Лигасының не екенін, бәсекелестіктің қандай боларын Ди Маттео жақсы біледі. Сондықтан, Гельзенкирхенде қызықты матч күтіп тұр. Бұл ойынды сіздер КТК арнасынан сағат 1.30-да тамашалай аласыздар. "Спортинг"-"Марибор". Негізі бір қарағанда, "Спортинг" фаворит болып көрінгенмен, "Марибор" да қайсар ұжым.  Бұл топта "Марибордың" бір ғана сәтсіз матчы болды. "Стэмфорд Бридждағы" 0:6. Бірақ, қай командабүгінгі "Челсиға" қарсы осы алаңда қарсы тұра алады дейсіз? Қалған ойындарда ұпай еншілеп отырды. Жауапты ойындағы "Челсимен" тең нәтиженің өзі неге тұрады? Қысқасы, бұл топта түбегейлі еш нәрсе де шешілген жоқ. "H" тобы Топтық кезеңнен бірінші орынмен шығатын жақсы мүмкіндік туып тұр "Портуда". Қонақта әбден әлсіреген "БАТЭ"-ға барады. Соңғы екі турда, әбден масқара болған белорусстықтар Джексон Мартинес бастаған бірі аяғы кәрі құрлықтың топ-клубында тұрған жігіттерге қарсы тұра алмас. "Шахтер"-"Атлетик". Екі алаңда бірдей шайқасу испандықтардың әбден күш-жігерін алған секілді. Былтырғы "Реал Сосьедадтың" кебін киіп жүр. Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі дегендей. Әрине, "Атлетик" үшін Еуропа Лигасына жолдама алудың өзі жетістік. Ал, еурокубоктардың тәжірбиeлi "кәрі қасқыры" Шахтер үшін, соңғы турда "Портумен" бірінші орынға таласу үшін жеңіске жетуі тиіс.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×