Чемпиондар Лигасындағы Мадрид ішіндегі екінші шайқаста да көптің күткеніндей жан алып, жан беріскен ойын болды. Өткен аптада басталған футболдың жалғасын бүгін тамшаладық. "Атлетико" қорғанды, "Реал" шабуылдады. Ақыр аяғы, шабуылдан бақ іздеген команда жеңіске жетті.
Қызықтың басы ойын алдында басталған еді. Анчелотти жартылай қорғанысқа Кроос пен Искоға қосып, кімді шығарады деген сұрақ тұрған. Матчтан бір сағат бұрын белгілі болғандай, Реалдың алаңға шығатын футболшылар тізімінде бес қорғаушыны көрдік. Яғни, Пепе немесе Рамос жартылай қорғаныста ойнауы тиіс. Еске салсақ, Жозе кезінде португалиялық қорғаушы орталық алаңдағы позицияда екі-үш рет өнер көрсеткені бар. Бірақ, төрешінің ысқырығы естілген соң, Карло Пепені үйреншікті орнында қалдырып, Рамосты алға жылжытқанын түсіндік. Ал, шабуыл шебінде Бэйл мен Бенземаны сәйкесінше Хамес пен Чичарито алмастырса, сары қағаздардың көбеюуіне байланысты ойынға қатыса алмайтын Марселоның орнына қорғаныстың сол қанатына Коэнтрау аттанды.
"Реал" матчты "Висенте Кальдерондағыдай" жылдам ұйымдастырған шабуылмен бастай алмады. "Матрасниктер" айып алаң маңына жолатпай, сауатты қорғанды. Қонақтар белсенді болды. Әрине, олардың белсенділігі шабуылдарға емес, тәртіп бұзуға ұласып жатты. Бұл үйреншікті жағдай. Симоне ойын тізгінін қарсылас қолына ұстатып, матч соңында алаң иелерінің шаршауын күткен болар. Бірінші таймды толықтай алғанда қонақтарда шабуыл жасайтындай жағдай болған жоқ. "Атлетико" оған ұмтылмады да. Иә, "Реалдың" да гол салатын сәттері көп болды деп айта алмаймыз. Роналдуда есеп ашатын екі мүмкіндік болғанымен, апта бұрыңғы матчтың үздік футболшысы Ян Облак бұл жолы да биіктен көрінді. Қысқасы, алғашқы тайм екі команданың бір-бірін барлауымен өтті. "Реал" шабуылда, "Атлетико" қорғаныста. Чемпиондар Лигасының былтырғы финалынан бері көз үйренген жағдай.
Диего Симоне үзілісте, ойын барысында бір-екі рет қателескен Саульды алып, орнына капитан Габиді шығарды. Бұл дегеніміз бір жағынан қорғанысқа қарайлап ойнаған Кокеге өзің толықтай шабуылға арнауға берілген мүмкіндік еді. Бірақ, бұнымен ешнәрсе өзгермеді. Анчелотти командасы, шабуылын үдетті. "Атлетикода" Касильяс қорғайтын қақпа маңына жақындайтын ой да болған жоқ. Командасының алдыңғы шептегі ойынына көңілі толмаған Симоне, ойында мүлде көрінбеген Гризманның орнына Рауль Гарсияны шығарды. Бұл- жартылай қорғанысты мығымдап, допты өздеріне алып, шабуылдауға тырысып көрудің жолы еді.
Бірақ, бәрін қызуқанды Арда Туран бүлдірді. Рамосқа қарсы дөрекілігі бас қазы Брихтың назарынан тыс қалмады. Бірінші таймда да, көрінгенді шынтағымен ұрып, аяғынан тепкені үшін сары қағаз алған еді. Бұл жолы да түрікті сары қағазбен "марапаттап" алаңнан қуып шықты.
"Атлетиконың" ендігі бар ойы қалай да қақпаны аман сақтау еді. Тьягоның орнына орталық қорғаушы Хименес шығып, қонақтар бес қорғаушымен ойнауға кірісті. Бірақ, гол жібермес үшін бес қорғаушы да көмектесе алмады. Роналду әуелі айып алаңға жақындап, Хамеспен пас алмасып, кейін ішіне еніп, Чичаритоның гол салуына толықтай мүмкіндік жасап берді. Матчтың басынан бері белсенділік танытып, "Сантьяго Бернабеуді" қызу қолдауға шақырып жүрген мексикалық шабуылшы, аяқ астынан кездесудің ғана емес, текетірестің қаһарманы атанып, "Реал Мадридті" жартылай финалға алып шықты.
Қонақтарда есепті теңестіру түгіл, шабуылдауға күш қалмаған еді. Брихтың ысқырығы, "Реалдың" минимальды жеңісін тіркеді. "Реал Мадрид" ішкі чемпионатта, Испан кубогі мен Суперкубогінде "Атлетикоға" есе жібергенімен, еуроаренада жерлестері үшін алынбас қамал. "Корольдік клуб" қатарынан екінші рет Чемпиондар Лигасының жеңімпазы атанып, тарихқа атын алтын әріптермен жазу үшін жарыс жолын жалғастыруда.
Реал Мадрид – Атлетико 1:0 (бірінші матч – 0:0)
Гол: Хавьер Эрнандес, 88
Мадрид: Касильяс, Карвахаль, Пепе, Варан, Коэнтрау (Арбелоа, 90), Серхио Рамос, Кроос, Джеймс Родригес, Иско (Ильярраменди, 90+4), Роналду, Хавьер Эрнандес (Хесе Родригес, 90)
Атлетико: Облак, Хуанфран, Годин, Миранда, Хесус Гамес, Тьягу (Хосе Хименес, 86), Коке, Арда Туран, Сауль Ньигес (Габи, 46), Гризманн (Рауль Гарсия, 65), Манждукич
Ескертулер: Арбелоа, Пепе – Арда Туран, Коке, Рауль Гарсия
Алаңнан қуылды: Арда Туран, 76
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ