Чемпиондар Лигасы. Тиімді нәтижені еншілеген қонақтар

19.02.2015, 09:37
Чемпиондар Лигасы. Тиімді нәтижені еншілеген қонақтар
Германия мен Швейцарияда Чемпиондар Лигасының 1\8 финалының 3-4 кездесулері болып өтті. Былтырғы жылдың сценарийі дәл қайталанып, "Шальке" "Реал Мадридті" қабылдаса, "Порту" "Базельге" қонаққа барды. 54000 көрермен жиналған Гельзенкирхендегі стадионда, алғашқы 20 минут командалардың бірін-бірі аңдуымен өтті. Былтырғымен салыстырғанда алаң иелері үшін тамаша жетістік еді. Ол кезде, 20 минутта 2 гол жіберіп алғаны есімізде. Бірақ, ештен кеш жақсы деп, Роналду 26-шы минутта есеп ашты. Қорғаушылардың ұмыт қалдырғанын пайдаланып, қақпашы қайтара алмастай етіп баспен соққы бағыттады. Осыдан кейін, Клас-Ян Хунтелаар жарақат алып, "Шальке" біржола шабуылдаудан қалды. Есесіне, Бензема мен Роналдуда есепті еселейтін мүмкіндіктер болған. Екеуіне де Чемпиондар Лигасында алғашқы ойының өткізіп жатқан 19 жасар қақпашы Велленройтер кедергі болды. Екінші таймда гол соғып алған қонақтар асықпады, алаң иелері қарсы шабуылда гол жіберуден қорқып, Касильяс айып алаңының маңына жоламады. Тек, алаңға тыңнан қосылған Феликс Плеттеның соққысы есте қалды. Жартылай қорғаушы жойқын соққы бағыттағанымен, доп қақпа маңдайшасын ғана теңселтіп кері қайтты. Ал, ондай мүмкіндікті қалай орындау керектігін Марсело көрсетіп берді. Тура айып алаңы сызығының маңынан бағыттаған соққысы, қақпаның тоғыздығына еніп кетті. Қорғануы мен шабуылдауды қатар меңгерген бразилиялық футболшының бұл голы сөзсіз осы маусымдағы Чемпиондар Лигасының үздік голдарының қатарына енеді. Иә, 0:2 ол-1:6 емес. Бірақ, сол былтырғы масқара есеп "Шалькені" қорқытып тастаған секілді. Команда еркін ойнай алмады. Ал, қарсыласының зәресін бір жыл бұрын алатын "Реал Мадрид" ширек финалда деп толықтай айта аламыз. Шальке(Германия) — Реал(Испания) 0:2 (0:1) Голдар: Роналду, 26 — 0:1, Марсело, 79 — 0:2. Еурокубоктердің жанкешті батыры "Базель" тағы да кішігірім сенсация жасамақшы еді. Ойынның басында есеп ашып алып, тиімді 1:0 есебін матч соңына дейін қорғағысы келген. Бірақ, екінші таймда португалиялықтар шабуылдауды күшейтті. Үзілістен шыға сала голды да салды. Бірақ, қапталдағы лайнсменнің кеңесі бойынша бас қазы оны есептемеді. Әрине, дау жоқ. Бәрі дұрыс. Қақпашыға, бағытталған соққыны қайтаруға ойыннан тыс қалған екі ойыншы кедергі болған еді. Футбол ережесі бойынша, бұндай жағдайда гол есепке алынбайды. Дегенмен, қонақтар алаңнан голсыз кетпеді. 79-ші минутта Куарежманың соққысын қорғаушы Самуэль қолмен қайтарған еді. Нүктеден Данило соққыны жойқын бағыттап, қақпашыға мүмкіндік бермеді. Қорытынды есеп-1:1! Әрине, бұл есеп "Портудың" пайдасына. Швейцариялықтардың ширек финалдан үміті болса, Пиреней түбегінде міндетті түрде гол салу керек. Базель (Швейцария) – Порту (Португалия) 1:1 (1:0) Голдар: Гонсалес, 11 (1:0); Данило, 79 (1:1, пенальтиден)   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×