Чемпиондықтың тағдыры тағы бір турға шегерілді

06.10.2012, 00:12
Чемпиондықтың тағдыры тағы бір турға шегерілді

Виктор Кумыков: - Иә, қостанайлықтар басты бәсекелестеріміздің бірі болғандықтан, біз де алаңдаумен болғанымыз жасырын емес. Қазір бәрі тынышталды ғой. Енді өз ойымды айта берсем болады. Негізі мұндай жағдайда регламентке сүйену керек. Сондықтан, матчтың қайта өтпегені дұрыс болды.

        "Шахтер" бас жүлдеге тағы бір қадам жақындады, "Тараз" үздік үштікке енді, "Жетісу" қауіпті аймақтан құтылды, ал күннің орталық кездесуінде "Ақтөбе" өз алаңында "Астанадан" басым түсті. Міне, футболдан Қазақстан премьер-лигасының 24-турында осындай қызықтарға куә болдық.

23 турда туындаған даудан кейін "Тобыл" қалған ойындарын сауатты өткізіп, чемпиондыққа таласар деп күткенбіз. Бірақ Шымкентке қонаққа барған қостанайлықтар алаң иелерінің қарқынына төтеп бере алмады. Рас, ойында бір сағат бойы есеп ашылған жоқ. Алайда екінші таймның басында алаңға шыққан «Ордабасының» қара маржаны Мансұр Гүйе екі гол соғып, қонақтарды есеңгіретіп жіберді. — Ойын алма-кезек шабуылдармен өтіп жатқан. Бірақ Мансұр Гүйе бәрін  құртты. Бірінші гол қақпамызға стандартты жағдайдан кейін соғылса, екінші голға өзіміз кінәліміз, - деп ақталды матч соңында «Тобыл» жаттықтырушысы Вячеслав Грозный. Ал шымкенттіктердің бас бапкері кездесудің тең жағдайда өткенімен келіспейді. «Біз қарсыластарымыздан әлдеқайда сауаттырақ ойнадық. Гол соғатын мүмкіндіктеріміз де көп болды. Үзіліске дейін-ақ қонақтар қақпасында 2-3 доп тулап жатуы тиіс еді», - деп Виктор Пасулько Грозныйдың пікіріне қарсы аргументтер айтты. Турдың ең қызықты, әрі тартысты кездесуі «Ақтөбеде» өтті. Енді ше, екеуі де еліміздің ең бай, ең қарымды командаларының бірі болғанымен, турнир кестесіндегі жағдайлары мәз емес. Елордалықтар 5-сатыда болса, Владимир Мұқанов шәкірттері олардан бір саты төмен. Еурокубоктық аймаққа кіру үшін біріншіліктің қалған ойындарында жеңіске жетіп қана қоймай, бәсекелестерінің де жеңілістерін тілеуге мәжбүр. Сонымен, ойын басталып та кетті. Төрешінің ысқырығы естіле салысымен алға атойлаған алаң иелері Эрич қорғаған қақпаны бірден нысанаға алумен болып, 6-шы минутта-ақ мақсаттарына жетті. Голдың авторы — Марат Хайруллин. Бикмаевтың айып алаңға шірене бағыттаған добын голға айналдырған ұлттық құрамамыздың жартылай қорғаушысы стадион толы жанкүйерді шулатып жіберді. Ал екінші таймды қонақтар қарқынды бастады. Қонысбаев оң қапталдан, Кетевоама сол қапталдан атойлап, ақыры қонақтар есепті теңестіріп кетті. Бірақ «Астананың» қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Арада он минут өтпестен қонақтар қақпасына «өзбекше гол» соғылды. Бұл жолы Тимур Кападзенің асырған пасын Александр Гейнрих голға айналдырды. Сөйтіп, турнир кестесінде «Ақтөбе» мен «Астана» орындарымен алмасты. Чемпиондықтың тағдыры осы турда-ақ шешілуі мүмкін еді. Бірақ өз алаңында Керекудің «Ертісін» қабылдаған «Ақжайық» 0:1 есебімен ұтылып қаклды. Егер оралдықтар қонақтарға ұпай бермегенде Алматыда «Қайратты» жеңген Қарағандының «Шахтері» сол ойыннан кейін-ақ чемпиондықтарын тойлап жатар еді. Енді чемпиондық мәселесі келесі турға қалдырылды. Ол үшін «кеншілерге» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарымен» тең ойнаса да жеткілікті. Бірақ «Қайрат» та жеңісті қолдан бере салған жоқ. Көш соңындағылармен арпалысып жүрген оларға да әр ұпайдың маңызы зор, ауадай қажет. Алаң иелерінің айып алаңын бір сағаттан астам айналшықтаумен болған Виктор Кумыков шәкірттері ақыры алматылықтардың қамалын бұзды. — Бәлкім, біз бүгін керемет ойын үлгісін көрсете алмаған болармыз, - деп мойындады матч соңында қонақтардың бас бапкері. — Бірақ соның өзінде шәкірттерім «Қайрат» қақпасына сегіз қауіпті соққы жұмсапты. Ал біздің айып алаңда еш қандай да қауіпті сәттер орын алған жоқ. Сондықтан да, «Шахтер» жеңіске лайықты болды. —  Виктор Балютович, «Шахтер» чемпион ба, әлде қолда тұрған бас жүлдеден айрылып қалуы мүмкін бе?, - деген сұраққа Кумыков бапкер екі ұшты жауап берді. —    Әлбетте, біз алда келе жатырмыз. Бірақ чемпионаттың аяқтау үшін әлі екі ойын өткізуіміз керек. Бәрі аяқ астынан өзгеріп кетуі ғажап емес. Екінші орындағы «Ертістің» де алтыннан дәмесі бар. Әзірге біз басты үміткер ғанамыз. —    Чемпионатта көш басындасыздар, ел кубогында жартылай финалға жолдама алдыңыздар. Екі доданы бірдей жеңіп алуға мүмкіндіктеріңіз бар ғой... —    Бар, бірақ біздің басты мақсатымыз біріншілік. Кубок жайлы содан кейін ойланармыз. —    «Тобыл» - «Тараз» кездесуіне байланысты дауды назарларыңызда ұстаған боларсыздар. Қалай ойлайсыз, аталмыш матчты қайта өткізу керек пе еді? —    Иә, қостанайлықтар басты бәсекелестеріміздің бірі болғандықтан, біз де алаңдаумен болғанымыз жасырын емес. Қазір бәрі тынышталды ғой. Енді өз ойымды айта берсем болады. Негізі мұндай жағдайда регламентке сүйену керек. Сондықтан, матчтың қайта өтпегені дұрыс болды. Ал «Қайраттың» бас бапкері Пепе Серер өзіне және футболға өкпелі екенін жасырмады. «Бүгін шәкірттерім тамаша ойнады. Тек гол ғана жетіспеді. Қалған компоненттердің бәрінде биіктен көріндік. Иә, «Шахтердің» стандартты жағдайларды жақсы орындайтынын білемін. Футболшыларға да бұл туралы ескертіп, сақ болуларын сұрағанмын. Өкінішке қарай, бұрыштамадан кейін гол жібердік, - деп испандықмаман жер шұқыды. «Тараз» үздік үштікке енді. Өз алаңында біріншіліктің аутсайдерін қабылдаған Любко Петрович шәкірттері 2:0 есебімен оңай жеңіске жетті. Ал «Жетісу» қауіпті аймақтан құтылды. Талдықорғанда «Атыраумен» ойнаған Слободан Крчмаревич шәкірттері соңғы минутта соғылған голдың арқасында жеңісті жұлып алды. —    Біз бүгін 10 футболшысы да қақпаларын күзеткен командаға қарсы алаңға шықтық. Бірақ 70-минутта алаңға шыққан Мұрат Тілешев бір соққымен «Жетісуды» жеңіске жетеледі. Енді келесі турда «Астанаға» қарсы ойнаймыз. Бұл ойында да жігіттер жігерлік танытады деп үміттенемін, - деді Слободан Крчмаревич. «Жетісудың» қауіпті аймақтағы орны бос қалған жоқ. Түзде Қызылорданың «Қайсарынан» жеңілген Қаскелеңнің «Сұңқары» енді премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін жанталасатын болады. 24-турдың қорытындысы: «Ордабасы» (Шымкент) — «Тобыл» (Қостанай) 2:0 Голдар: Гүйе, 60. Гүйе, 80. «Қайсар» (Қызылорда) — «Сұңқар» (Қаскелең) 2:1 Голдар: Црногорац, 40. Балтаев, 84 – Джокич, 62-пен. «Жетісу» (Талдықорған) — «Атырау» 1:0 Гол: Тілешев, 90+2. «Ақжайық» (Орал) — «Ертіс» (Кереку) 0:1 Гол: Бақаев, 13. «Тараз» — «Оқжетпес» (Көкшетау) 2:0 Голдар: Одита, 45. Исламхан, 74. «Қайрат» (Алматы) — «Шахтер» (Қарағанды) 0:1 Гол: Василевич, 63. «Ақтөбе» — «Астана» 2:1 Голдар: Хайруллин, 6. Гейнрих, 56 – Нөсербаев, 48. 1. «Шахтер»        24    16    2    6    45 - 14    50 2. «Ертіс»            24    13    6    5    43 - 20    45 3. «Тараз»           24    14    2    8    31 - 29    44 4. «Тобыл»          24    12    6    6    36 - 26    42 5. «Ақтөбе»          23    12    5    6    38 - 22    41 6. «Астана»         23    12    5    6    32 - 23    41 7. «Ордабасы»     23    9    7    7    25 - 22    34 8. «Ақжайық»       24    9    4    11    32 - 32    31 9. «Қайсар»          24    8    6    10    21 - 28    30 10. «Қайрат»        23    6    8    9    22 - 30    26 11. «Атырау»       24    7    4    13    15 - 31    25 12. «Жетісу»        24    6    4    14    26 - 43    22 13. «Сұңқар»        24    5    7    12    15 - 28    22 14. «Оқжетпес»    24    3    2    19    18 - 51    11 Ел чемпионатының қалған турлары: XXV тур 21 қазан (жексенбі) Шахтер – Қайсар Сұңқар – Ақтөбе Астана – Жетісу Атырау – Тараз Оқжетпес – Ордабасы Тобыл – Ақжайық Ертіс – Қайрат XXVI тур 28 қазан (жексенбі) Шахтер – Ертіс Қайрат – Тобыл Ақжайық – Оқжетпес Ордабасы – Атырау Тараз – Астана Жетісу – Сұңқар Ақтөбе – Қайсар алашарена.кз
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×