Дастан Сатпаев «Бёрнлидің» жанкүйерлерін тәнті етті

Бүгін, 07:36

Қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев Ағылшын Чемпионшипінде «Бёрнли» сапында жарқырап, футболсүйер қауымның назарын өзіне аудартуда, деп хабарлайды Aladop.kz.

Дастан Сатпаев «Бёрнлидің» жанкүйерлерін тәнті етті

Әсіресе, төртінші турдағы «Мидлсброға» (1:1) қарсы өткен матчтан кейін «Бëрнли» жанкүйерлері әлеуметтік желіде жас таланттың ойынына жоғары баға берді.

«Ол барлық жерде жүреді!»

Жанкүйерлер Дастанды аты аңызға айналған Уэйн Рунимен салыстырып, оның алаңдағы белсенділігіне таңдай қағуда. Кейбірі оны «Кішкентай Агуэро» деп атаса, енді біреулері: «Қандай Агуэро? Бұл Руни ғой — ол барлық жерде жүреді!» — деп оның жан-жақтылығын атап өтті. Сатпаевтың шабуылдың кез келген шебінде құзыретті ойнай алатыны және оның ойынында жасқа тән шикіліктің мүлдем жоқтығы қолдаушыларды таңғалдырып отыр.

Сатпаев қарсыластарының қасынан зулап өтіп, керемет жылдамдық танытуда. Оның ойынды түсіну деңгейі өз жасынан әлдеқайда жоғары екені байқалады. Тіпті, оны Англияға басқа лигадан келген Михаил Мудрикпен салыстырып, Дастанның ойынды пайымдауы мен бейімделуі әлдеқайда жоғары екені айтылды. Жанкүйерлер оны «нағыз асыл тас» деп есептейді.

Қазіргі уақытта жанкүйерлер бапкерлерден Дастанды оң қанаттағы вингер емес, негізгі «тоғызыншы нөмірлі» шабуылшы ретінде пайдалануды сұрап жатыр. Ол алаңда бар күшін салып, ойын соңында шаршап шықса да, трибуналар оны зор қошеметпен шығарып салды. «Бёрнли» жанкүйерлері қазірдің өзінде стадионда оның есімін ұрандатып айта бастаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
×