Давид Лория: «Исламбек Қуат келісім-шартпен мүлдем таныспады»

23.03.2021, 18:44
Жақын арада Абат Айымбетов те елордалық командаға қосылуы мүмкін.
Давид Лория: «Исламбек Қуат келісім-шартпен мүлдем таныспады»

"Астана" клубының атқарушы директоры Давид Лория Исламбек Қуаттың командаға қосылуы жайлы және тағы қандай позицияларды күшейту керектігін айтты.

- Клубтың жанкүйерлері Исламбек Қуаттың "Астанаға" ауысуына қарсы болды. Сіз олардың ашуына тиемін деп қорықпадыңыз ба?

- Ойыншы мен біздің сүйікті жанкүйерлеріміздің арасында түсінбеушілік болғанын жақсы түсіндік. Олар бізге бұл туралы айтты, біз бұл мәселені де ескердік. Бірақ Қуатты бас бапкердің өзі командадан көргісі келді. Сондықтан біз келіссөздерді бастадық. Осы келіссөздер барысында жанкүйерлер туралы мәселе көтерілді. Исламбек олармен ортақ тіл табамын деп айтты. Ол ересек адам, ұлттық құраманың жетекшілерінің бірі және мықты еркекке тән қасиеттерге ие. Мен оның клуб жанкүйерлерінің көңілінен шығу үшін бәрін жасайтынына күмәнданбадым. Менің білуімше, олар кездесті, сөйлесті және бәрін шешті. Олардың әрі қарайғы қарым-қатынасы оның команданың жеңістеріне қосқан жеке үлесіне байланысты болмақ. Егер ол өзін алаңда жақсы жағынан көрсетсе, жанкүйерлер оны қабылдайды. Олар бізді түсінеді.

Айтпақшы, мен тағы бір қызықты жағдаймен бөлісейін: келісімге қол қою кезінде Исламбек тіпті келісім-шартпен таныспады, ол жай ғана келді де, қол қойып кетті. Бұл оның бізге толықтай сенетіндігін көрсетеді.

- Тағы қандай позицияларды күшейту қажет?

- Бізге орталық шабуылшының қажет екендігі жасырын емес. Қорғаныс қапталында ойнайтын футболшы да артық болмайды. Бірақ Еуропадағы трансферлік терезе жабылған кезде футболшы іздеу оңай емес. Біз қазіргі сәтте ойыншыны жалға ала алмаймыз және сатып алуға да мүмкіндігіміз жоқ. Жалғыз нұсқа - еркін агент атанған футболшыларды алу.

Бірақ жұмыс жүріп жатыр, үміткерлерге мұқият талдау жүргізілуде. Тек бізді күшейтетін, командаға көмегі тиетін ойыншылар іздейміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×