Футболдан 1998 жылы өткен әлем чемпионаты мен 2000 жылы Еуропа чемпионатында Франция құрамасына тең келетін команда болмады. Сонау Платини салған ізгі жолды осы жылдары Зинедин Зидан, Тюрам, Джоркаефф, Дешам, Петит бастаған футбол саңлақтары жалғастырды. Осы кездегі Франция құрамасы өз тарихындағы ең бір керемет шақтарды бастан кешірді. Жоғарыда аталған Франция құрамасының тасын өрге сүйреген футболшылардың қатарына Давид Трезегені және қосыңыз.
Әсіресе 2000 жылы Нидерландыда өткен Еуропа чемпионатында Давид Трезеге өзін барлық жақсы қырынан көрсетті. Финалдық ойында Франция құрамасы Италия құрамасын 2:1 есебімен овертаймда салған «алтын голдың» арқасында жеңді. Голдың авторы Давид Трезеге. Трезеге Еуропа чемпионатынан соң атақты Туриннің «Ювентусында» да керемет ойнады. Бүгінде атақты шабуылшы өзінің үлкен футболдағы жолын Аргентинаның «Ривер Плейт» командасында аяқтауды жөн көріпті. –Сіз «Ювентус» командасының сапында он жылдан аса уақыт өнер көрсеттіңіз. Осы клуб жайында не айтасыз? –«Ювентус» әлемдегі ең мықты командаларының бірі. Тарихы тереңде жатқан клубтың сапында ойнау мен үшін мәртебе. Қазір Аргентинада доп теуіп жүрсем де, менің жүрегім Туринде. Себебі, өмірімнің ең қиын да қызықты сәттері дәл осы «Ювентуста» жүргенімде өтті. 2000 жылғы Еуропа чемпионатынан соң Италияға көшіп келгенімде мені өте жылы қарсы алды. Өзімнің орным «Ювентуста» екенін сол кезде-ақ білгенмін. Бұл клуб қаншама таланттарды дүниеге әкелген. Өкінішке қарай, сол мықты командадан бүгін тек сетеліктер ғана қалды. «Ювентус» жеңілуді білмейтін команда еді. Ал, қазір бәрі басқаша. –Сіз сонда өзіңіздің футболдағы өміріңізді әлсіз «Ювентуста» аяқтағыңыз келмей, Аргентинаға кетіп қалдыңыз ба? –Жоқ, әрине. «Ювентус» мектебінде жас футболшылар өсіп келеді. Мен орнымды соларға босатуым керек болды. Себебі, уақыт жастардың пайдасында. Әйтпесе, өз карьерасын «Ювентуста» аяқтағысы келмейтін футболшы жоқ шығар, сірә. Туриндегі өз жанкүйерлеріммен қоштаса алмағаныма қатты өкінемін. Олар әлі күнге дейін маған хат жолдап, футболмен «Ювентустың» сапында қоштасқанымды қалайды. –Сізге «Ювентустың» негізгі сапынан орын алу үшін атақты Филиппо Индзагимен бәсекелесу оңайға соқты ма? –Шынын айту керек, Индзаги «Миланға» ауысқанға дейін мен қосалқы құрамда болатынмын. Индзагидің шеберлігін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жалпы, өз кезінде Филиппо Индзаги «Ювентустың» көшбасшы ойыншысы болды. Ондай футболшымен бәсекелес болудың өзі абырой. Егер Индзаги «Миланға» ауыспағанда мен жарқырап «Ювентустың» сапында ойнай алар ма едім?! Индзаги командадан кетісімен-ақ, бас бапкер үмітті маған артты. Мен сол маусымда 24 гол соғып чемпионаттың үздік сұрмергені атандым. –Әлемде мықты шабуылшылар көп. Бірақ Сіз чемпионаттың әр маусымында алдыңызға жан салмай, басқа футболшылардан көп гол соғасыз. Оның сыры неде? –Мықты футболшы әр шабуыл сайын гол соғатынына сену керек. Мен шабуыл қалай өрбитінін алдын ала сезіп тұратынмын. Көбінде сол ішкі сезімім алдамай, керек жерден табылатынмын. Жанын салған футболшы нәтижеге жетпеуі мүмкін емес. –Сіз әлемге атақты бапкерлер Фабио Капелло мен Марчелло Липпиден тәлім алдыңыз. Екі бапкердің қайсысы мықтырақ деп ойлайсыз? –Капелло «Ювентустың» қорғаныс шебін күшейтті. Оның керемет тактикасы команданың ойынына жақсы жағынан өзгерістер алып келді. Ал, Марчелло Липпи болса командалық ойынды өз шәкірттеріне үйрете білді. Бұл екі мықты бапкерді салыстыру менің ойымша дұрыс емес. Өйткені, қай-қайсысы болса да «Ювентуске» үлкен серпіліс алып келді. –Өзіңіздің бірге ойнаған әріптестеріңіздің арасында қай футболшыны мықты деп бөліп айтар едіңіз? –Менің кезімде «Ювентустың» сапында кілең «жұлдыздар» ойнады десем артық айтпағаным. Ибрагимович, Индзаги, Каморонези, Недвед… Айта берсек, бәрі мықты. Алайда, Алессандро Дель Пьероның орны ерекше. Бүкіл ойын Дель Пьеро арқылы жүретін еді. Ол «Ювентустың» маңдайына біткен бағы деп білемін. –Бір кездері «Ювентус» Италияның А сериясынан В сериясына түсіп қалған еді. Сол кезде қандай сезімде болдыңыздар? –Бізге бұл өте ауыр тиді. Тіпті команданы тастап мықты деген бірнеше футболшылар кетіп қалды. Сол кезде Дель Пьеро бізге «Ювентусты» өзінің лайықты деген жоғарғы сатыға көтеріп, чемпиондық атақты алып беруіміз керек. Содан соң футболды тастайсыңдар ма өздерің біліңдер. Команданың тарихын, жанкүйерлерін, Турин қаласын сыйлайтын болсаңдар жеңіске бірге жететінімізге сенейік» деп күш-қуат, рух берді. Біз В сериясында бірінші орын алып, қайта А сериясына жолдама алдық. Қаншама қиын сәттерде «Ювентустың» жанкүйерлері әрдайым бізбен бірге болды. Ал, қазір «Ювентустың» бір футболшысы қақпаға допты қисық бағыттаса, жанкүйерлер «әттең, дәл осы жерде Трезеге болғанда гол болатын еді» деп айтып жүр. Маған бұдан артық құрмет керек емес. Ең бастысы жанкүйерлердің ықыласына бөлену. –Сіз қазір Аргентинаның «Ривер Плейт» командасында өнер көрсетіп жүргеніңізді жақсы білеміз. Жалпы, Еуропа футболы мен Латын Америка футболының айырмашылығы бар ма? –Екі құрлықтың футболы екі түрлі. Еуропа командалары нәтижеге ойнайды. Тек жеңсе болды. Ал, Латын Америкада барлық клуб өз жанкүйерлеріне қызық ойын көрсетсе болғаны, жеңіліп қалса жанкүйерлер өз командасына ренжімейді. Олар тек үйлеріне жақсы көңіл-күймен қайтса болды. ойын біткен соң жанкүйерлер бір-бірімен тоқсан минуттық ойынға міндетті түрде баға береді. Мені Аргентинада жақсы сыйлап, құрметтейді. Марадона мен Мессиді дүниеге әкелген ел футболды бірінші орынға қояды. ДАЙЫНДАҒАН: ЕРКЕҒАЛИ БАЛАЖАНБіздің серіктес: FONBET