Албанияның "Динамо Сити" клубының капитаны Бруно Дита Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде "Астанаға" қарсы өтетін матч алдында өз командасының жеңіске жететініне сенім білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Тәжірибелі футболшының айтуынша, команда бұл кездесуге тыңғылықты дайындалған және өз алаңындағы алғашқы ойында оң нәтижеге қол жеткізуді көздеп отыр.
"Бізді маңызды матч күтіп тұр. Команда жақсы дайындалды және өз күшімізге сенеміз. Жанкүйерлеріміздің қолдауымен жеңіске жетуге барлық мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын.” – деді "Динамо Сити" капитаны.
Албаниялық клуб алғашқы кездесуде жеңіске жетіп, қарымта ойын алдында басымдыққа ие болуды мақсат етеді. Ал "Астана” сырт алаңда қолайлы нәтиже көрсетіп, екінші матч алдында өз мүмкіндігін арттыруға тырысады.
Еске салайық, "Динамо Сити” мен "Астанa" арасындағы Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуі Албанияда өтеді. Жеңімпаз екі матчтың қорытындысы бойынша келесі кезеңге жолдама алады.