Дінмұхамед Қараман: «Исламхан мен Мессиді үлгі тұтамын»

27.04.2021, 23:45
Футболшы осы маусымда «Тараз» жейдесінде алты матчқа қатысып үлгерді.
Дінмұхамед Қараман: «Исламхан мен Мессиді үлгі тұтамын»

«Тараз» футболшысы Дінмұхамед Қараман клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында өзінің арман-мақсаттарымен бөлісті.

- Димаш, «Тараз» биыл чемпионатты жақсы бастады. Ойын туралы пікірің қандай?

- Иә, биыл жақсы ойнап жатыр. Оның себебі де жоқ емес. Еуропалық ойын мәнеріне сүйенетін, жоғары деңгейдегі бапкер келді. Команданың ойын стилі ауысты. Допты көп бақылап, жермен пас беруге тырысамыз. Нәтижені көріп отырсыздар. Жанкүйерлерге ұнап жатыр деп ойлаймын.

- Осындай мәнерде ойнауды жалғастыра берсе команданың еурокубоктік додаларға шығу мүмкіндігі қандай?

- Әрине, бәрі мүмкін. Бірақ алдымызда ойын көп. Алдын ала кесіп айта алмаймын. Бірақ сондай деңгейге жетуге тырысамыз.

- Ал ҚПЛ-да қандай командалар жүлдегер атана алады деп ойлайсың?

- Биыл командалардың барлығы жақсы. Тартысты маусым болатын шығар. Бірақ «Астана», «Тобыл» командалары жүлдегерлер қатарында болады деп ойлаймын.

- Өзің үлгі тұтатын футболшылар бар ма?

- Қазақстанда үлгі тұтатын ойыншым – Бауыржан Исламхан. Кішкентай кезімізден соған қарап өстік. Ал әлемдік деңгейде Мессидің ойынын үлгі тұтам деп айта аламын.

- Өткен турдағы «Каспий» командасымен болған ойын туралы не айтасың?

- Матч тартысты өтті. Бірақ біз өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық деп ойлаймын. Бірінші таймдағы ұрымтал сәттерді голға айналдыруымыз керек еді. Жалпы алғанда бірінші таймда үш гол соғатын мүмкіндік болды. Онда ойын өзгерер еді. Өзімде де бірінші кезеңнің соңында бір мүмкіндік болды. Бірақ доп қорғаушыға тиіп қиыс кетті.

- «Ақтөбемен» болатын ойыннан не күтуге болады?

- Кездесу өте тартысты болуы керек. Себебі «Ақтөбе» оңай қарсылас емес. Соңына дейін ойнайтын ұжым. 

- Тағы айтарың бар ма?

- Иә, алдағы уақытта бар күшімізді салып ойнауға тырысамыз. Келешекте Еуропада доп тебуді армандаймын. Сол үшін жұмыс жасаймын.

«Тараз» КФК баспасөз қызметі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×