Вардан Минасян: «Жанкүйер болмаса, алаң таңдаудың қажеті жоқ»

27.04.2021, 22:31
Жамбылдық клуб келесі турда «Ақтөбемен» кездеседі.
Вардан Минасян: «Жанкүйер болмаса, алаң таңдаудың қажеті жоқ»

«Тараздың» бас бапкері клубтың баспасөз қызметіне өткен ойын жайлы және алдағы «Ақтөбемен» болатын кездесу туралы пікір білдірді.

- Вардан мырза, «Каспий» командасымен кездесуде ойын ойдағыдай жүрмеді ме?

- Футболда жеңістермен қатар жеңіліс те болып тұрады. Біз өзара мұндай нәтиженің себептерін талқыладық. Бастысы – қарсыластың мықты болғанын немесе өзіміз қателік жібергенімізді түсіну. Біз мұны шешіп, алға қарай ұмтылудамыз.

- Ертең «Ақтөбе» командасымен өтетін ойын туралы не айтасыз? Құрамы жағынан мықты деп айтуға бола ма?

- Біз қарсыласқа әлсіз немесе күшті деп қарамауымыз керек екенін атап өткім келеді. Бірақ әрбір қарсылас команданың әлсіз әрі күшті тұстарын іздеуіміз керек. Соны сараптаудамыз. Өз алаңымызда ойнағанымызбен, жанкүйерсіз өтеді деп естіп жатырмын. Егер олай болатын болса, онда алаң таңдаудың маңызы жоқ.

- Бұл ойынға әсер ете ме?

- Әрине. 100%. Себебі, өткен ойындарда жанкүйерлердің қолдауы сезілді әрі біз үшін көмек болды. Енді олар болмаса, ойынға да әсері тиеді. Не десек те, әдеттегідей алаңға жеңіске жету үшін шығамыз.

- Жарақат алған ойыншылардың қалыпқа келу процессі қалай болып жатыр?

- Қазір Мақсат Әмірханов, Берік Айтбаев, Әлішер Сүлей жарақатына байланысты ойынға шыға алмайды. Жақын арада алаңға қайта оралады деп ойлаймын.

 «Тараз» КФК баспасөз қызметі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×