“Дипломатиялық паспорт та құтқармады” – АҚШ Ұлттық құрамаларға қорлық көрсетуде, мыңдаған жанкүйерлер не себепті орасан зор шығынға батып жатыр?

Бүгін, 09:55

Дүниежүзі көз тіккен 2026 жылғы Әлем чемпионаты басталмай жатып, оны қабылдаушы басты ел — АҚШ-та біртүрлі жайттар орын алуда. Соңғы 48 сағат ішінде Мундиальға келген атақты футболшылар, бапкерлер мен мыңдаған жанкүйерлер Американдық биліктің аяусыз қысымына, визалық тосқауылдары мен қорлауына тап болды. Спорт мерекесі саяси текетірес пен масқара оқиғалардың алаңына айналып үлгерді.

“Дипломатиялық паспорт та құтқармады” – АҚШ Ұлттық құрамаларға қорлық көрсетуде, мыңдаған жанкүйерлер не себепті орасан зор шығынға батып жатыр?

АҚШ-тың көші-қон қызметі мен консулдықтары халықаралық делегацияларға шектен тыс қаталдық танытуда. Ең сорақысы, кейбір құрамалардың ойын күні ғана елге кіруіне рұқсат берілген.

Швейцариялық танымал шабуылшы Бриль Эмболоның визасы күтпеген жерден қайта тексеріске алынып, ол командасына тек бірнеше күннен кейін ғана қосыла алды. Ал Ирак құрамасының шабуылшысы Аймен Хусейн АҚШ шекарасынан өтерде тура 7 сағат бойы қамауда отырып, жауап беруге мәжбүр болды.

Түркиядағы АҚШ консулдығында күндер бойы виза күткен Иран құрамасына Американдық билік тек матч болатын күндері ғана елге кіруге рұқсат берді. Тіпті, делегацияның 15 мүшесіне виза мүлдем берілмейтін болды.

Оңтүстік Африка да өз уақытында АҚШ-қа жете алмады. Себебі делегация мүшелерінің бір бөлігіне виза уақытында берілмей, олардың ұшу уақыты тым кешіктірілді.

Футболдан бөлек, ресми тұлғаларға көрсетілген құрметтің жоқтығы Африка құрлығының ашу-ызасын туғызды. Наразылық шарықтау шегіне жетті.

Африка футбол конфедерациясының нұсқасы бойынша “2025 жылдың ең үздік төрешісі” деп танылған Омар Абдулкадир Артан АҚШ-қа дипломатиялық төлқұжатпен келгеніне қарамастан, елге кіргізілмей, кері қайтарылды. ФИФА бұл төрешінің Әлем чемпионатында мүлдем төрелік ете алмайтынын жариялады.

Сонымен қатар, Сенегал ұлттық құрамасының штаб мүшелерін әуежайда аяқ киімдерін шешуге мәжбүрлеп, тым ұзақ тінту жүргізген. Сенегалдықтар бұл әрекетті ашық түрде “расизм және нәсілдік кемсітушілік” деп айыптап, дабыл қақты.

Ақпараттық кеңістікте Орталық Азия елдеріне қатысты да шулы видео тарап кетті. Туысқан Өзбекстан ұлттық құрамасын әуежайда жарылғыш зат іздейтін арнайы иттермен тінту сәті таспаға басылып, бұл кадрлар әлемдік БАҚ-та вирустық жылдамдықпен тарап, үлкен талқылау тудырды.

Жанкүйерлер де зардап шегуде. Шотландиядан келетін жанкүйерлердің ESTA бағдарламасы бойынша визасыз кіруге толық құқығы болса да, АҚШ билігі олардың жол жүру рұқсаттарын ұшуға санаулы күн қалғанда еш түсіндірмесіз жойып жіберген.

Матчтарға билет сатып алып, қонақүйлерді дайындап қойған мыңдаған қарапайым жанкүйерлердің виза өтінімдері жаппай қабылдамай тасталды. Осының кесірінен адамдар орасан зор қаржылық шығынға батты.

АҚШ тарапының бұл аяусыз қысымы мен ұйымдастыру деңгейінің төмендігі спорт тарихындағы ең масқара Әлем чемпионаты ретінде есте қалуы әбден мүмкін. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×