Елордалық “Астананың” небәрі 18 жасар талантты вингері Мақсат Абраев мансабын Еуропаның ең танымал біріншіліктерінің бірінде жалғастыруы мүмкін, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бельгияның бірнеше дүркін чемпионы әрі Чемпиондар лигасында атой салып жүрген аты аңызға айналған "Брюгге” клубы Қазақстандық жас талантты өз қатарына қосу үшін ресми түрде іске кірісті.
Бұл трансфердің жай ғана қауесет емес екеніне дәлел — Еуропа төрінде өтіп жатқан жоғары деңгейдегі кездесулер. ASnews.kz сайтының мәліметінше, дәл қазіргі уақытта белгілі отандық тұлға, GRCG консалтингілік компаниясының басқарушы директоры Ербол Еділов арнайы іссапармен Еуропада жүр.
Ол Бельгияда “Брюгге” клубының селекциялық департаментінің басшысы Джулиан Прюдомммен бетпе-бет кездесіп, трансфердің егжей-тегжейін белсенді түрде талқылауда.
“Брюгге” басшылығы Абраевтың өкілдері үшін арнайы ауқымды видеопрезентация дайындаған. Онда клубтың заманауи инфрақұрылымы, Еуропалық жаттығу процесі, футболшылардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі ғана емес, 18 жастағы Мақсаттың алдағы жылдарға арналған жеке даму жоспары мен арнайы білім беру бағдарламасы егжей-тегжейлі көрсетілген. Басқаша айтқанда, Еуропалықтар жас талантқа болашақ жұлдыз ретінде қарап отыр.
Мақсат Абраевтың Бельгиялық скауттардың назарына ілігуі кездейсоқтық емес. Ол биылғы 2026 жылғы маусымда “Астана” сапында нағыз феноменалды ойын көрсетіп жүр.
Елордалық ұжым сапында барлық жарыстарды қосқанда 13 матчқа қатысып, 2 гол соқты және командаластарына 3 нәтижелі пас шығарып берді.
Осындай жарқын өнерінің арқасында ол еліміздің бас командасына шақырту алып, тура үш күн бұрын, яғни 6 маусым күні Ереванда Арменияға қарсы өткен жолдастық кездесуде (1:1) Қазақстан ұлттық құрамасының жейдесінде тұңғыш рет алаңға шықты.
Егер бұл ауысым сәтті аяқталса, Мақсат Абраев Еуропаның белді чемпионатында өнер көрсететін кезекті қазақ футболшысы атанбақ.