Бұл бапкер клубтық деңгейде ұтуға болатын нәрсенің бәрін ұтты. Ол бапкерлік жұмысқа өте ерте араласып бірден толағай табыстарға кенеле бастады. Оның командасында ойнауды әлемнің ең мықты ойыншылары армандайды. Таныстыруға рұқсат етіңіздер, Жозе Мауриньо – заманымыздың ең мерейлі және ең атышулы бапкері. Білікті бапкердің өмірінен бір жолақ сыр – қос тілші Руслан Меделбек пен Олжас Нұразханның жазбасында.
Португалдық данышпан бұрындары тарихта есімдері қалған ұлы бапкерлердің ізімен жүрмеді. Әлемге Жозе Моуриньо деген футболшының есімі таныс болған жоқ. Бірақ оның әкесі Феликс Моуриньо Португалия құрама командасының қақпасында тұрған. Ол баласының да өмірі спорттың осы түрімен тығыз байланыста боларын сезген. «Виктория» клубында бапкерлік қызметте жүрген Феликс еліндегі футбол жағдайы мен ахуалын терең түсінген. Сара жолды сипалап іздеген әке, 16 жасар баласына әуесқой карьерасын тоқтатып, басқалардың ойынын сырттай баққылауға кеңес бердеді. Сөйтіп, бала Жозе футболшы карьерасымен кәсіпқой деңгейге жетпей қоштасты. Есесіне ол ел кезіп, Португалияның ең үлкен стадиондарын аралайтын мүмкіндікке ие болды. Командалар мен ойыншыларды бақылап, жинаған ақпарат қорытындыларын әкесінің алдына әкеп отырды.
16 жаста скаут-бапкер боп бастаған Мауриньоға арнайы білім қажет болды. 23 жасында Португалияның Спорт Институтын тәмамдай сап бірден Шотландияға тәжірибе жинақтауға кетеді. Сапар өте игілікті болады. Өйткені Жозе ол жақта көптеген білікті мамандармен таныс-тамырлас болады. Отанға оралғаннан кейін оған бірден «Бенфиканың» жастар командасы ұсынылды. Мауриньо төрт жылдық тәп-тәуір жұмыстан кейін ешкімге мән-жайды түсіндірмей «Портудың» бас бапкері Бобби Робсонға тілмәш боп жалданады. Өйткені ол түсінді: «Болашағынан үміті зор жас маман» боп жүре бермей «Қолдан көп келетін, білгір мамандар» қатарына іліну керек. Екеуінің таныстығы Шотландиядан бастау алады. Сондықтан Моуриньоға құр тілмаштық емес одан бірталай есе үлкен міндеттер артылды.
Былайша айтқанда Жозе Робсонның бірінші көмекшісіне айналды. Екеуінің алғашқы жүлделері – чемпионаттағы күміс. Артынан көп күттірмей «алтын» да келді. Бұл Моуриньоның енді отыздан асқан шағы болатын. Кейін бапкерлік жұп атақты «Барселонаға» көшіп 3 жыл ішінде бірталай жеңістерге жетті. Осы сәтте Мауриньо тәжірибелік тұрғыда команданы жалғыз алып жүре аларлығына сенімді болды. Өзінің күш-жігерін сынайтын нағыз сәт туды. Ол үшін Моуриньо португал біріншілігінің «Лейрии» деген ең бейбақ командасын таңдады. Біреулер оны «Лейрии» секілді команданы алу үшін «Барселонаны» тастағанына «естен таңған» деді. Алайда, Моуриньо бір нәрсені білді: неғұрлым аты шықпаған командамен жетістіктерге жетсең, соғырлұм өз есіміңді биіктетіп топ клубтардың назарына ілігесің. «Лейрии» жетістігі шын мәнінде таң қалдырды. Португалия чемпионатында 4 орын. Мұндай жетістікті Моуриньодан басқа жанкүйерлер де команда басшылығы да күтпеген!
Моуриньоның беделі жыл-ай санап емес, күн санап өсті. Португалияның ең әйгілі клубы «Порту» Жозені бас бапкері ретінде көргісі келді. Келісімшарт 3 жылға жасалды. Мауриньо бас болған келесі 3 жыл команда тарихындағы ең тамаша кезең болды. «Порту» ел біріншілігін 2 рет ұтты. Ол былай тұрсын, басты жеңістер Чемпиондар мен Еуропа лигасында күтті. Қос трофей де Портуға бұйырды. Ал Моуриньо тарихта мұндай жетістіктерге жеткенең ең жас бапкер ретінде танылды.
Кейін ол «Челси» командасын қолға алады. Клуб елу жыл бойы армандаған чемпиондыққа қол жеткізеді. Бір орында көп тоқтай алмайтын Моуриньо ат басын Италияға тірейді. Мұнда да оның айы оңынан туды. «Интер» А сериясында 1 орын алады. Сонымен қатар Чемпиондар лигасын ұтады. Тарихта Чемпиондар лигасын екі командамен екі бөлек ұтқан 3-ақ бапкер болды: Эрнст Хаппель 1970 жылы «Фейеноордпен» кейін «Гамбургпен» 1983 жылы, Оттмар Хитцфельд с «Боруссия Дортмундпен» 1997 жылы, «Бавариямен» 2001 жылы. Үшіншісі – Жозе Моуриньо. «Порту» – 2004 және «Интернационале» – 2010. Бұл жетістіктен кейін Жозе бірден «Реал» сында өте бай әрі атақты клубтың нысанасына айналды. Моуриньоның жаттықтыруымен мадридтік клуб алғашқы маусымында-ақ Испания кубогын ұтты. Алайда басты қарсыластары «Барселонаға» Чемпиондар лигасында да ұлттық біріншілікте де есе жіберіп қояды. Соған қарамастан Жозе Моуриньо тұлғасына деген қызығушылық күннен күнге артып келеді. Испан Премьерасының 18 турынан кейін «Реал» «Барсадан» 5 ұпайға асып тұр.
Моуриньоны жұрттың біразы ұшқалақ бапкер дейді. Ол команда ауыстырудың шебері. Ол да дұрыс шығар. Мықтының мықтылығын мойындап, командалар қол бұлғап шақырады емес пе? Тіпті Жозе жымиғанды да жақсы көретін жан. Қашан да сөзін қалжыңға бұрады. Біраз сол қалжыңның астарында үлкееен зіл жататыны бар. Бірде Жозе «Мені әріптестерім сынауға әуес. Олар мені сынау арқылы газет беттерінің мұқабасына шығады. Бұл олар үшін тегін жарнама» деп жымиыпты. Тіпті бірде, «Мен өзімді үздік бапкермін деп айта алмаймын. Бірақ менен асып түсетін ешкімді көріп тұрған жоқпын» депті. Керемет сөздер емес пе? Бірде «Челси» «МЮ» командасын ұтқан соң баспасөз мәслихатында Жозе кіріп қайта шығып кеткен. Сондағы оның айтқан бір сөзі мынау: «Достар, менің шашыма (прическама) қараңыздаршы… менің шашым, басым қашан да соғысқа дайын» деп қысқа қайырыпты.
Моуриньо журналистер мен төрешілерге соғыс жариялаудан да жалықпайды. Тіпті тілшілер қауымын балағаттаудан да тайынбайтыны бар. «Интерде» жүрген де бір италиялық журналиске дұрыс сұрақ қоймадың деп сіміртіп салыпты. Содан кейін бүкіл Италия тілшілері Жозе қатысатын маслихаттарға байкот жариялағаны бар.
Кейін бәрі орнына келіп, біздің әріптестер баспасөз маслихатына келе бастаған сәтте Жозенің өзі журналистерге байкот жариялағаны бар. Сонда Жозе «Сиырға да туған күн бұзауға да туадының» қылығын жасаған…
«Челсиде» жүргенде менің ісіме Абрамович араласпаса депті ол. Тіпті «Менің қасыма келіп, Роман Абрамович бапкерлікпен айналысса біз жеңіле береміз, ал мен Абрамовичтің қасына барып, бизнеспен айналыссам банкротқа ұшыраймыз» деген-ді.
Италия чемпионатында «Сампдориямен» ойыннан соң ыза болған Жозе қалтасынан кісен алып, төрешіні шақырып «қолыңа ки» деген сыңай танытыпты. Бұл оның төрешінің төрелігіне наразылығы болған еді. Мына кызыққа қараңыз, Жозе «Челсиден» кеткенде Абрамовичті мінеп, сынап кетіпті. Ол журналистерді жинап, «Мен әр командадан қуылған сайын семіретін адаммын. «Челсиден» кетуім арқылы мен жаңа байлыққа бара жатырмын» деп жар салған. Дәл солай болды да. «Менің кеудеме нан піскен, тәккаппар деп ойлайды жұрттың көбі жоқ олай емес. Мен Чемпиондар лигасын ұтқан жанымын. Осы атақ мені ылғи жоғары көтеріп жүреді. Ал жұрттар мені өзімшіл деп қалады» деп бір түйреп тастағаны тағы бар Моуридің. «Мен алпыс жасқа келгенде корольдей болғым келеді. Менің алдыма келген жандардың тізесі дірілдеп менің қолымды ұстауды армандаса… Мен қазір осыған жұмыс жасап жатырмын» дегені де бар. Ал керек болса… Бұл сау адамның сөзі ме дерсіз. Бірақ нағыз данышпанның сөзі. Астында үлкен астар тығылған.
Бірде голливудтық режиссер Орсон Уэльстен әлемдегі ең мықты актерді атаңызшы деген де, «Джон Форд, Джон Форд, Джон Форд» депті. Осы сөзден шыққан афоризм бүгінде Дон Жозе жанкүйерлерінің арасында нақылға айналған. Олар Жозе жайлы жарияланған материалдарға, әлеуметтік желілерге «Әлемдегі ең мықты үш бапкер кім? Дон Жозе, Дон Жозе, Дон Жозе» деп пікір қалдыру әдеттері. «Аламанның» оқырманың бірі Рамиль Досмағамбетов маған, Жозеге екінші жұмыс табылып тұр. Ол – театрда актер болуға» лайық деп еді. Расымен… Жозе өзінше бір әлем, өзінше бір актер, өзінше бір бапкер, тіпті модель, бір сөзбен айтсақ, қайталанбас тұлға… Тұлға болған да қылығымен талайға жағынып, талайға жек көрінішті болған жан. Бұл оның өзінің меншігіндегі өмірі…
Міне, шеберлігі еш бапкерден кем түспейтін Жозе жайлы бір үзік сыр осы. Жозенің – қадамы құтты, жорығы жеңісті, қылығы күлкілі. Футбол тарихында футболдан «шоу» жасаған Моуриньодай жан болмаған.
Біздің серіктес: FONBET