Қарға бойлы қаһарман

12.01.2012, 19:53
Қарға бойлы қаһарман

Атақты болу үшін еңгезердей ер болу, жауырынды жігіт болу маңызды емес. Еңселі жандар ғана тұлға болу үшін жаратылмаған. Қарға бойлы Месси осыны дәлелдеді. Месси – бүгінгі футбол феномені. Тарихта бәкене бойлы жандар аз болмаған. Ұлы қолбасшы Наполеон Бонапарттың бойы небәрі 1 метр 51 сантиметр болған деседі. Жиырма жылдың ішінде Қытайды аспанасты еліне айналдырған Дэн Сяопин де «тапалдау» келген тұлғалардың бірі. Ал, Мессидің бойы бар-жоғы 169 см. ХХ ғасыр белең алғанға дейін есімін әлем білетін тұлғалардың көбі жазушылар, оқымыстылар, ғалымдар, батырлар немесе саяси тұлғалар болатын. Содан соң өмірге киножұлдыздар мен спортшылар, жезтаңдай әншілер мен өзге де дарын иелері келіп атақтылардың алдыңғы шебіне шықты. Жауырыны жер иіскемеген балуандар, ұрған жерінде тайдың тұяғындай із қалдыратын гүрзі жұдырық иелері, желмен жарысқан желаяқтар, аладопты аяғында ұршықша үйірген футболшылар бүгінгінің нағыз жұлдыздарына айналды. Шынтуайтында, осы уақытқа дейін «Алтын допқа» иелік еткендердің дені бойшаң футболшылар еді. Аяқпен де, баспен де қатар ойнайтын Йохан Кройф, Мишель Платини, Марко ван Бастен секілді ойыншылармен салыстырғанда Мессидің алаңдағы қимылы ерлікпен пара-пар. Оның шапшаң қимылы, өзі салмақсыз болғанмен қақпаға бағыттаған жойқын соққылары, сүрінбейінше доптан айырылмайтын ерекше қасиеті, алаңдағы мәдениеттілігі, жоқ жерден гол жасайтын сиқырын бір сөзбен үлкен талант деп атауға болады. Мессиді бүкіл әлем таниды. Талантына күллі әлем тәнті. Тіпті, оны қарапайым футбол жанкүйерлері ғана емес, атағы жер жаратын ұлы футболшылардың өзі пір тұтады. Оның жасыл алаңдағы қимылы қазіргі талантты футболшылардың көптігіне қарамастан теңдессіз деп танылады. Жылдың үздік футболшысы деген атаққа осымен үшінші мәрте қол жеткізуі де сондықтан. Бұрын-соңды мұндай дәрежеге қатарынан үш мәрте тек француз футболшысы Мишель Платини ғана ие болған. «Месси ұлы футболшы деген атаққа лайықты. Бірақ, оның бойының аласалығы баспен ойнауға көп мүмкіндік бере бермейді. Менің түсінігімде ұлы футболшының бойынан футболға тән барлық қасиет табылуы тиіс» ПЕЛЕ, ХХ ғасырдың ең үздік футболшысы. «Мессидің ойыны «Анашым, мен күн батқанша доп теуіп келейін» дейтін оқушылардың әрекеті сияқты. Оны трибунадағы адамдардың саны, не болмаса ойын алаңының сапасы қызықтырмайды. Мессидің табиғи дарыны мен футболға деген махаббаты ерекше» Гус ХИДДИНК, футбол маманы. «Мен ешқашан Месси сияқты ойыншымен өнер көрсеткем жоқ. Оның ерекше таланты мені таңғалдырумен ғана келеді» Хосеп ГВАРДИОЛА, «Барселона» командасының бас бапкері. «Месси – ұлы ойыншы. Бірақ, оны әр дәуірдің үздіктерімен салыстыруға келмейді. Мәселен, Адриано Челентано мен Эдит Пиаф, немесе «Битлздың» әндерін салыстыра амайсыз ғой. Футболда да дәл сондай. Бұрын футбол биігінде Альфредо ди Стефано тұрды. Кейін сол жетістікке Пеле жетті. Йохан Кройф та теңдессіз футболшы болды. Уақыт өте өз ойынымен ерек ұлы футболшылар өмірге келеді. Мессиден кейін де таланттар туылады. Әлемнің ең үздік футболшысы атағына қатарынан үш мәрте қол жеткізген мен едім. Ендігі ретте сол межені Месси бағындырып отыр. Месси бұл атаққа әлі де қол жеткізеді деп ойлаймын» Мишель ПЛАТИНИ, УЕФА президенті. «Мессидің кім екенін білу үшін ойынын міндетті түрде қарау керек. Оның атақты болуы тек сәттілік емес, нағыз таланттың арқасы. Оның аяғына доп тигенде ешкім ойламаған дүниені жасайды. Команда үшін де көп көмегі тиіп жатады. Оның допсыз жүргендігі команда үшін үлкен қауіп, ал, доппен жүрсе қарсыласы үшін үлкен қасірет. Сондай-ақ, талантына ғана арқа сүйемейтін еңбекқор спортшы» Диего МАРАДОНА, әйгілі футболшы. «Бүгінде Криштиану Роналду мен Лионель Мессиді салыстыратындар көп. Бұл – қате пікір. Роналду өзінің физикалық күшінің арқасында көп белесті бағындырады. Ал, Мессидің ойынында жан-жақтылық бар. Жылдамдығы тағы бар. Допты үлкен жылдамдықпен алып жүреді. Мәселен, Роналду доппен екі қадам жасағанда, Месси үш қадам жасайды» Йохан КРОЙФ, голландиялық әйгілі футболшысы. «Месси – теңдессіз футболшы. Оның ойынына қарап отырып, бейне бір аулада доп теуіп жүргендей әсер қалады. Ең үздік деген кәсіби қорғаушылардың өзін қапыда қалдырып кетеді» Висенте Дель Боске, Испания ұлттық құрамасының бас бапкері. «Егер Мессидің қарапайым киіммен жүргенін көрсеңіз, оқушы екен деп ойлайсыз. Ал, ол футбол жейдесін кисе, футболшылар оқушыға айналады» Биксант ЛИЗАРАЗЮ, әйгілі француз қорғаушысы. «Мессиге «Алтын допты» жыл сайын тапсырса да қарсы емеспін» Паоло МАЛЬДИНИ, Италияның тас қамал қорғаушысы. «Егер біреу футбол құдайы бар десе, оның аты Месси ма деп сұрар едім» Самюэль Это’о, Африканың ең табысты футболшысы. «Оның жасағанын адам баласы жасай алмайды. Ол – салыстыруға келмейтін ойыншы» Франк РАЙКААРД, голландиялық футбол маманы. «Мен үшін Месси Марадонадан жоғары тұрады. Жас болса да биіктен көрінді. Әлі тоқтайтын да емес. Сондықтан, бұл Мессидің тырнақалды табыстары ғана» Педро Родригес, «Барселона» шабуылшысы. «Месси сияқты футболшы басқа командада жоқ. Демек, өмірде де жоқ деген сөз. Кім 24 жасында екі жүзден астам гол соға алады. Ал, ол болса әр ойында кемінде екі гол салады. Мен ешқашан Мессидің терлеп-тепшіп, ентігіп тұрған кезін көрген емеспін. Ол үшін бәрі оңай. Қашан қарасаң да, оның бойынан алаңға жаңа кіргендей сергектікті көресің» Александр МОСТОВОЙ, КСРО футболының мақтаулы ойыншысы. «Мессидің өз ойын өрнегі бар. Ол – қазіргі футбол феномені. «Барселона» Мессисіз де межеге жетеді. Бірақ, Месси ойынға көрік береді. Ол Роналдинью құсап алдайды, Ромарио және Роналдо құсап гол салады» ДЕКУ, даңқты футболшы. «Месси қаласа, ойын тағдырын жалғыз өзі шешіп кете алады. Мессиге қарап, футбол көргендей боласың. Доп алса, тек алға қарай ұмтылады. Бар ойлайтыны гол салу, командасын алға шығару. Бұл – бар футболшының бойынан табыла бермейтін ерекше қасиет» Зинедин ЗИДАН, атақты француз футболшысы.

P.S. Месси – өзі ғана емес, «Барселонаны» да әлемнің теңдессіз футбол ұжымына айналдырды. Бүгінде футбол жанкүйерлерін «барселонашылдар» немесе «антибарселонашылдар» деп екіге қарауға болады. Өйткені, бүгінде әлемдегі ең үздік командалардың аптығын басып, жарыс жолынан тайдыратын «Барселона». Ал, «Барселонаның» құпия қаруы – Месси! Жандос БАЙДІЛДА

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×