Қазақстан футболы жаңаша дамитын болады

12.01.2012, 20:33
Қазақстан футболы жаңаша дамитын болады
Кеше Қазақстан футбол федерациясы көпшілікке ел футболы­ның тарихында бұрын-соңды болмаған тың концепцияның жобасын таныстырды. Осыған орай ҚФФ бас хатшысы Саян Хамитжанов пен спорттық директоры Анатолий Юревич Алматыда БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізген еді.

«Қазақстан Республикасындағы балалар және жасөспірімдер футболының 2012-2022 жылдар аралығындағы дамуы концепциясы» деп аталатын бұл жобаның басы-қасында Анатолий Юревич жүрді. Сондай-ақ бас хатшы Саян Хамитжанов, ұлттық құраманың бас бапкері Мирослав Беранек, ҚФФ қос вице-президенті Сейілда Байшақов пен Виктор Катков және басқа да білікті мамандар концепцияның жұмысына атсалысқан.

Бұл концепцияның не құдіреті бар дейсіз ғой?! Саян Жақсыгелдіұлының айтуынша, аталмыш жоба Германиядағы балалар және жасөспірімдер футболының даму жүйесінің негізінде жасалған. Және де бұл жүйені бүгінде бүкіл әлем мойындап отыр. Шынымен де, соңғы үш жылды алар болсақ, Германия құрамасы U-17, U-19, U-21 жас аралығында да Еуропа чемпионы атаныпты. Енді «бұл концепция қалай жұмыс іс­тейді» деген сұраққа бас хатшының сөзі­мен жауап беріп көрсек. Саян Хамит­жа­нов­тың айтуынша, 2013 жылдан бас­тап премьер-лиганың әр клубында ма­ман­дандырылған футбол орталықтары жұмыс істейтін болады. Ал биыл әзірге елі­мізде мұндай орталықтардың саны бесеу болмақ. Олар «Астана», «Тараз», «Шах­тер», «Ақтөбе» және «Ертіс» футбол клубтарының аясында ашылады. Әр ма­ман­дандырылған футбол орталығын тіке­лей ҚФФ  спорттық директорына ба­ғы­натын техникалық директорлар бас­қаруы керек. ҚФФ басшыларының шарты бойынша, техникалық директорлар жақын шетелдік жоғары білікті мамандар болуы тиіс. Сондай-ақ міндетті түрде орыс тілін білуі қажет. – Шетелдік білікті бапкерлердің Қазақ­стан футболының дамуына қосып жат­қан үлестері зор. Бірақ, бір байқағанымыз, шет­тен келген маман орыс тілін білген жағ­дайда ғана керемет нәтиже көрсете алады екен, – деп түйді бұл ойын ҚФФ бас хатшысы. Айта кетейік, бекітілген концепцияға сәйкес, аталмыш мамандандырылған фут­бол орталықтарында техникалық ди­рек­торға бағынатын 10 жаттық­тыру­шыдан жұмыс істейтін болады. Оларды шеттен ша­қырту шарт емес, жергілікті білікті ма­мандарды да тартуға болады. Және де жат­тықтырушылардың жала­қылары 1 мың АҚШ долларынан кем болмауы тиіс. Ал балаларды 10 жастан бастап жаттық­тырады. – Ұлттық құрама жеңіліп қалса, жан­күйерлер бірден бас бапкерді жазғырып жатады. Клубтарымыз халықаралық аренада сәтсіздікке ұшыраса да, солай. Кінәлі – клуб немесе бас бапкер. Мәселенің мә­ні­не барып жатқан ешкім жоқ. Негізі, кінәні бас бапкерден емес, ұлттық құрамадан да емес, ішкі біріншіліктен іздеу керек. Ал іш­кі біріншілік жоғарғы деңгейде өтуі үшін балалар футболын дамыту керек. Осы ор­айда біз жасап отырған концепцияның маңызы зор. Негіз ретінде Германиядағы ба­лалар футболының даму жүйесін ал­ғанымыз да бекер емес. Саян мырза «Бундес команданың» жасөспірімдер құра­мы­ның соңғы кездегі жетістіктерін тізіп өтті: «Мен өз тарапымнан мына нәрсені айтайын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Германияда болғанмын. Ол кезде Германия өздерінің балалар футболының даму концепциясын енді ғана жасап жатқан. Содан байқағанмын, олар бұл жобаны іске асыру үшін Испания, Голландия, Италия және өз елінің білікті мамандарының басын қосқан болатын. Міне, нәтижесін көріп отырсыздар: Месут Өзіл, Томас Мюллер, Сами Хедира, Марио Гетце сынды саңлақтар – осы жобаның жемісі». Иә, өте орынды жоба. Тек басталған іс жарты жолдан тоқтап қалмаса болғаны. Бұған журналистер де алаңдайды. Бас­шылық ауысса, бұрынғы жобаның барлы­ғының күлі көкке ұшатыны бұрыннан белгілі емес пе?! Бірақ бас хатшы бұл жобаны соңына дейін жеткізетінін, ал ҚФФ басшысы орындарынан кетпейтінін айтты.

Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Қарға бойлы қаһарман
Серіктес жаңалықтары
×