Екі жарысты да абыроймен өткіздік

04.05.2011, 17:35
Екі жарысты да абыроймен өткіздік
Жуырда қазақ елі екі бірдей айтулы жарысты қабылдады. Оның бірі - Астанада, екіншісі, Алматыда ұйымдастырылды. Отанымыздың бас қаласында әлемнің бірнеше елінен келген жасөспірім футболшылар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атындағы кубок жолында бәсекеге түссе, Алматының төрінде Еуропаның ең беделді төрт футзал клубы өзара шеберлік жарыстырды. Биылғымен төртінші рет ұйымдастырылған, Қазақстан Президенті кубогына сегіз елдің 17 жасқа дейінгі футболшылардан құралған командалары қатысты. Олар жарыс ережесі бойынша төрт-төрттен екі топқа бөлініп, айналмалы жүйеде өзара кездесулер өткізді. Біздің құрамамыз топтық бәсеке барысында бірде-бір рет жеңіске жетпесе де, екінші сатыдан табылды. Ал бұл топта әзірбайжандар қарсылас шақ келтірмеді. Екінші төрттікті құраған командалардың арасында Украина озық шықты. Жарыстың ақтық бәсекесі осы екі команданың арасында өтті. Қазақстан футбол федерациясы таратқан мәлімет бойынша, бұл кездесуді 7 мыңға жуық жанкүйер тамашалаған екен. Қос қарсылас ойынның негізгі бөлігінде қақпа кілтін таба алмай, тең тарады. Пенальти тебу кезіндегі шешуші сәтте Әзірбайжан құрамасының қақпашысы Айю Әлиев шеберлігімен көзге түсіп, командасына жеңіс сыйлады. Сөйтіп, 2008 жылы Түркияның, 2009 жылы Бразилияның, 2010 жылы Сербияның жас өрендеріне бұйырған кубок осы жолы Әзірбайжан елінен келген футболшылардың еншісіне тиді. Қазақстан құрамасы үшінші орын үшін Түркия командасымен бәсекеге түсті. Өкінішке қарай, Оливер Пельцер жаттықтыратын футболшыларымыз бұл жолы да жергілікті жанкүйерді жеңіп, қуанта алмады. Кездесу 2:3 есебімен аяқталды. Қазақстандықтардың сапында Абат Айымбетов пен Борис Донченко гол соқса, түріктердің қатарынан екі рет Тайлан Анталиали және бір рет Иенер Хусаметтин мергендік танытты. Жарысты қорытындылаған мамандар үздік футболшыларды арнайы сыйлықтармен марапаттады: Үздік қақпашы - Михаил Голубничий (Қазақстан), үздік қорғаушы - Игорь Харатин (Украина), үздік жартылай қорғаушы - Серхат Чакмак (Түркия), үздік шабуылшы - Дмытро Билоног (Украина), үздік сұр мерген - Руслан Насирли (Әзірбайжан) және жарыстың үздік ойыншысы - Николас Ахвледиани (Грузия). Алматыда алғаш рет футзалдан «Төртеудің финалы» өтті. Жанкүйерлер мен мамандар осылай атап кеткен УЕФА кубогының ақтық бәсекесіне біздің елдің мықтысы - «Қайраттың» да қатысқаны мәлім. Бұрынырақта жарыстың қола жүлдесін еншілеген алматылық ойыншылар бұл жолы көрсеткішті жақсарта түссек деп ниеттенген еді. Бірақ сайдың тасындай іріктелген қарсыластардың қай-қайсысы да оңай шағылар жаңғақ емес-тін. «Қайрат» алғашқы кездесуінде Португалияның «Спортингіне» қарсы тұрды. Өте тартысты өткен кездесуде қонақтар 3:2 есебімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды. Келесі жұпта Италияның әйгілі клубы - «Монтесильвано» Португалияның тағы бір мықтысы - «Бенфикамен» шеберлік жарыстырған еді. Бұл ойында италиялық футзал шеберлері лиссабондықтардың қақпасына үш бірдей жауапсыз гол соқты. Ал финалда «Монтесильвано» «Спортингтің» апшысын қуырды. Гол бұршақтай жауған ойында «Спортинг» қақпасына 5, «Монтесильвано» қақпасына 2 доп енді. 2001-2002 маусымынан бастап үздіксіз өткізіліп келе жатқан жарыстың жаңа жеңімпазы - «Монтесильвано». «Қайрат» үшінші орынға таласып, қарсыласын жеңіп шықты. Алматылық футзалшылардың қола жүлдеге матч соңынан тебілген пенальтидің көмегімен қол жеткізгенін айта кетейік. «Қайрат» 2008-2009 маусымында да жарысты үшінші орынмен қорытындылаған болатын. Шалқар ЕСТЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×