Ел премьер-лигасы. 16-тур қорытындысы

21.06.2015, 04:14
Ел премьер-лигасы. 16-тур қорытындысы
Футболисты "Астаны". Фото ppz.kz   Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарына байланысты екі апталық үзіліске кеткен ел чемпионаты жанкүйерлерге қайта жол тартты. Турдың орталық ойынына екі ойынды жатқызуға болады. Бірі, «Қайрат» пен «Ордабасы» арасындағы оңтүстік дерби. Екіншісі, Көкшетаудағы «Оқжетпес» пен Ертіс арасындағы ойын. Алматыдағы ойын турнир кестесі тұрғысынан бұл тізімге енсе, соңғы кездесу алғашқы алтылық пен соңғы алтылықтың тағдырын шешуге тікелей байланысы бар еді. 16-шы турдың шымылдығы бас қаладағы «Астана» мен «Тараз» матчымен ашылды. Осыған дейін төрт ойын қатарынан ұпай алмаған тараздықтарға Астанадан олжалы қайту қиын іс болатын. Бұны алғашқы минуттардан-ақ алаң иелері дәлелдей бастады. «Ақтөбені» ұзатып алғысы келмейтін былтырғы чемпиондар, қонақтар қақпасын бірден торуылдауға кірісті. Алайда, елордалықтар бірінші таймда бір голмен ғана шектелді. Ойынның 22-ші минутында Фоксидің тамаша пасынан кейін Нөсербаев есеп ашқан болатын. Екінші таймның 60-шы минутында, голдың авторы Таңатты алмастырған Щеткин, 2 минут өткен соң мергендігімен көзге түсті. Бұл жолы да Фокси Кетевоама нәтижелі пасты атына жазды. Араға 10 минуттан астам уақыт салып Жуков есепті ірілетсе, 80-ші минутта қонақтар сапынан Досмағамбетов бір голмен жауап қатты. Алайда, матчтың нүктесін ойынның қаһарманы Фокси қойды. Осылайша Астана сенімді жеңіске жетіп, турнирде үшінші орынға көтерілді. Ал, Тараз бесінші ойын қатарынан жеңіліске ұшырап отыр. «Астана» — «Тараз» 4:1 (1:0) Голдар: Нөсербаев 22 (1:0), Щеткин 62 (2:0), Жуков 75 (3:0), Досмағамбетов 80 пен. (3:1), (Фокси 88 (4:1) Жеңіс пен жеңілісті қатар көріп жүрген «Тобыл» Қостанайдағы стадионда «Атырауды» қабылдаған еді. Алма-кезек есепте алға шыққан қос команда ойынның 31 минутында алғашқы голды соқты. Қонақтар қорғаушысы Григорьев көзге түсті. Бірінші кезең осы есеппен аяқталған да болатын. Екінші тайм басталысымен шабуылға шыққан алаң қожайындары 49-минутта есепті теңестірді. Ал 58-минутта Яворский соққан гол тіпті тобылдықтарды алға шығарды. Бірақ Владимир Никитенко шәкірттері 72 минутта Заречныйдің арқасында таразы басын теңестірді. Бір-біріне шабуылды жаудыртқан футболшылар ақыр аяғы нәтижелі тең есеппен тарқасты. 2:2 есебіне екі команда да риза еместігі түсінікті. Қонақтар «Ақтөбемен» арадағы ұпай санын қысқартпады. «Тобыл» алғашқы алтылыққа жақындай алмады. «Тобыл» - «Атырау» 2:2(0:1) Голдар: Григорьев 31(0:1), Садовничий 49(1:1), Яворрский 58(2:1), Заречный 72(2:2) Өткен турда әупірімдеп жүріп 3 ұпай алып, соңғы орыннан көтерілген «кеншілер», 16-турда турнир кестесінің «жертөлесіне» қайта оралды. Өзімен «тағдырлас» Жетісу бұл ойында қарағандылықтарды тас-талқан етті. Бір емес, бірден екі жылдам гол салып алған жетісулықтар ойын аяғына дейін алаңдағы жағдайды өз қолдарында ұстаған болатын. Сербияның «Раднички» командасында өнер көрсетіп келген Бауыржан Тұрысбек небәрі 5-минутта соғылған голдың авторы атанды. Араға үш минут салған соң Душан Савич қорғаушылар қателігін жақсы пайдаланды. Екінші таймда кеншілер жауап қатқысы келіп, бірнеше шабуылдар ұйымдастырған. Бірақ, әдеттегідей қақпадан мүлт кетіп жатты. Шахтердің жалғыз шабуылшысы Михрет Топчагич те жақын арада Ордабасы командасына ауысып кетсе, онда кеншілердің гол соғулары тағы да біраз уақытқа шегеріле тұратын секілді. Ойын соңына қарай Савич үшінші голды да салып, командасын ірі жеңіске жетеледі. Бұл «Жетісудың» маусымдағы бар болғаны екінші жеңісі. Шахтер болса 12-ші рет жеңілді. «Жетісу» — «Шахтер» 3:0 (2:0) Голдар: Тұрысбек 5 (1:0), Савич 8 (2:0), Савич 80 (3:0) Турдың екінші орталық ойыны. Дәл осы ойыннын нәтижесіне қарап алғашқы алтылықты бүгін-ақ бөліп ала беруге болатын еді. Алайда, Көкшетауға қонаққа барған «Ертіс» интриганы өлтіруге жол бермеді. Енді, алтыншы орын мен жетінші орын арасы 4 ұпай. Қалған алты турда бәрі де өзгеруі мүмкін. Демек, «Оқжетпестен» кейін орналасқан төрт команда үшін бірінші алтылыққа енуге әлі де мүмкіндік бар. Бұл ойында Ертіс сапында португалиялық шабуылшы Фонсека мен сенегалдық қорғаушы Алассане Ндиайе алаңға шықты. Бірнеше мықты легионерлермен күшейген Димитар Димитров командасы осы жігіттердің арқасында жеңіске жетті десек болады. Айып алаңынан көтерілген допқа бірінші жеткен НДиайе баспен гол соғып, керекуліктерге маңызды жеңісті әкелді. «Оқжетпес»-«Ертіс» 0:1(0:0) Гол: НДиайе, 57(0:1) Қазақстан чемпионатының көшбасшысы «Ақтөбе» Қызылдордада сүрінді. Өз алаңында алыптарды аяғынан шалуды жаны сүйетін «Қайсар», бұл жолы да сол әдетіне салды. Әрине, батыстықтардың ойынның жарты сағатын бір ойыншыға кем ойнауы да қорытынды есепке әсер еткені түсінікті. 58 минутта Данило алаңнан қуылған. Дегенмен, «Ақтөбе» маңызды екі ұпайын жоғалтып «Астана» мен «Қайратты» жақындатып алды. «Қайсар»-«Ақтөбе» 0:0 Алаңнан қуылды: Данило, 58 «Қайрат» пен «Ордабасы» арасындағы ойындар қашан да тартысты өтеді. Бұл ойын да жанкүйерлер көңілінен шықты деуге негіз бар. Жанкүйер демекші, Алматыдағы «Орталық» стадионда халық қарасы көп болады деп болжалған. Бірақ, бір апта бұрын лық толған стадионның бұл ойында үштен eкi бөлігі қаңырап бос тұрды. Ойынға келер болсақ, шымкенттіктер 34-шы минутта гол салып алған еді. Азат Нұрғалиев көзге түсіп, маусымдағы екінші голын өз атына жазды. Алайда, алматылықтар келесі шабуылда есепті теңестіріп кетті. Гол авторы-Заурбек Плиев. Екінші таймда қонақтар оңбай жазаланды. Сергей Малый тәртіп бұзып, өз қақпасына пенальти әкелді. Оған қоса, екінші ескертуін алып алаңнан қуылды. Ал, Исламхан он бір метрлікті шебер орындап командасын алға шығарды. Кейін белгілі болғандай бұл жеңісті гол еді. «Қайрат»-«Ордабасы» 2:1(1:1) Голдар: Нұрғалиев 34(0:1), Плиев 37(1:1), Исламхан, 63(пенальтиден, 2:1) Алаңнан қуылды: Сергей Малый, 60
ЖАРЫС КЕСТЕСІ.
1  АҚТӨБЕ 16 9 7 0 18-6 34
2  ҚАЙРАТ 16 9 3 4 31-12 30
3  АСТАНА 16 8 6 2 31-14 30
4  АТЫРАУ 16 8 6 2 19-14 30
5  ОРДАБАСЫ 16 7 7 2 16-9 28
6  ОҚЖЕТПЕС 16 7 1 8 16-20 22
7  ЕРТІС 16 4 6 6 19-21 18
8  ТОБЫЛ 16 5 3 8 15-24 18
9  ТАРАЗ 16 5 2 9 12-18 17
10  ҚАЙСАР 16 3 7 6 10-15 16
11  ЖЕТІСУ 16 2 4 10 10-23 10
12  ШАХТЕР 16 2 2 12 8-29 8
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ        
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×